Қалада үй жылытатын уақытта өрттің алдын алып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейтін кешенді жұмысты қолға алды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Әсіресе жеке тұрғын үйлерге, әлеуметтік осал топтағы отбасылардың баспанасы мен бақылауды қажет ететін ғимараттарға көп көңіл бөлініп отыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінде Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Константин Канин осылай деді.
Алматыда жылыту маусымы 10 қазанда басталды. Өрт қаупін азайту мақсатында Төтенше жағдайлар департаменті профилактикалық іс-шараның орталықтанған жоспарын әзірледі. Есепке 151 мыңнан астам жеке тұрғын үй алынған. Оның ішінде қатты отынмен жылитын пеші бар 1 450 үй мен қаңқалы-қамысты үлгідегі 5 605 ескі үй ерекше бақылауға алынған.
«Профилактикалық жұмыстың басты мақсаты – тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережесін ескерту ғана емес, келер қауіп-қатерді дер кезінде анықтап, оларды жоюға көмектесіп, оқыс оқиғаның алдын алу. Сондықтан біз мекенжай бойынша аралау жұмысын жүргізіп, түсіндіріп, оқыту іс-шарасын ұйымдастырамыз. Бұл ретте қосымша қолдауды қажет ететін халықтың әлеуметтік санатына ерекше көңіл бөлінеді», – деді Константин Канин.
Халық арасында ауқымды үгіт-насихат пен түсіндіру жұмысын жүргізуді 15 тамыздан бастап қолға алды. Жеке топқа әлеуметтік осал отбасылар тұратын 2 694 үй мен қоғамға жат өмір салтын ұстанатын азаматтар тұратын 4 мыңнан астам үй енген. «Қауіпсіз пеш», «Таза мұржа» мее «Көмек қолы» акциясы аясында осылардың барлығы профилактикалық жұмыспен қамтылды.
2018 жылдан бері қалалық және аудандық әкімдіктің қолдауымен жеке тұрғын үйлерге 2 694 иіс газын анықтайтын датчик орнатылды. Мұндай құрылғы газдың қауіпті концентрациясын дер кезінде анықтап, улану қаупін азайтуға сеп болады. Сонымен қатар 15 қыркүйектен бастап өрт қауіпсіздігі айлығы өтіп жатыр. Оның аясында ТЖД қызметкерлері жеке сектор мен көп қабатты үйдің тұрғындарымен кездесіп, аулаларды аралап, жадынама мен ақпараттық буклет таратады.
Профилактикалық жұмыста әдеттегі аралау мен кездесуден бөлек, осы заманғы цифрлық құралдар да қолданылады. Мәселен, QR-кодтар арқылы тұрғындар Telegram-ботқа өтіп, өрт қауіпсіздігі туралы ақпарат ала алады. Сондай-ақ халық көп шоғырланатын орындардағы LED-экрандарда оқытатын бейнероликтер көрсетіледі. Ұялы байланыс операторымен бірлесіп, жылыту пешін пайдаланар кезде өрт қауіпсіздігі талабын сақтау жөнінде SMS-хабарламалар таратылған. Оның қамту ауқымы 7,6 млн абоненттен асты.
Сонымен қатар ТЖД қызметкерлері мектеп пен балабақшада тұрақты түрде профилактикалық сабақ өткізіп, балаларға қауіпсіз мінез-құлық ережесін үйретеді.
Бұдан бөлек, 23 қазанда Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасымен бірлесіп, ПИК (Пәтер иелері кооперативі) мен МИБ (Мүлік иелерінің бірлестігі) және басқа да басқарушы ұйымдардың басшыларымен дөңгелек үстел өткізді. Кездесу барысында жылыту кезеңінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау мәселесі талқыланды.
ТЖД өрттің алдын алуға көмектесетін мынадай қарапайым ережені тұрғындардың есіне салды:
- мұржаны кемінде екі айда бір тазалап тұрыңыз;
- пешті шамадан тыс қыздырмаңыз және оның жанына жанғыш затты қоймаңыз;
- газ пешін пайдаланар кезде нұсқаулықтағы талапты қатаң сақтаңыз;
- жанып тұрған пеш пен қосулы электр құрылғысын қараусыз қалдырмаңыз;
- балаларға отты бақылауды тапсырмаңыз;
- сіріңке мен оттықты балалардың қолы жетпейтін жерге қойыңыз;
- әсіресе электр жылытқышын пайдаланған кезде электр сымының жай-күйін үнемі тексеріп отырыңыз;
- өрт шыққан жағдайда дереу 101 немесе 112 нөміріне хабарласыңыз.