Алматы қаласының тұрғыны Бағлан Бауыржанұлы ойлап тапқан мобильді қосымшаның көпке көмегі тиген.
Өнертапқыштың стартап жобасы автошеберлер мен көлік жүргізушілерін бір қосымшада байланыстырады. Beep деп аталатын жоба - көлігі сыр бергендер үшін таптырмас көмекші. Жас кәсіпкер елімізде жоғары бағаланған жүйені АҚШ нарығына шығаруды да жоспарлап отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Өнертапқыш Бағлан Бауыржанұлына жолда бұзылып қалған көліктерге жылдам көмек көрсету идеясы ойламаған жерден келеді. Бір күні басқа қаладан келе жатып, темір тұлпарының аккумуляторы отырып, қолайсыз жағдайға тап болады. Машинасын тез жөндеп бере қоятын шебер іздеп әбден қиналады. Содан соң осы жобаны өзі қолға алады. «Жас кәсіпкер» курсына қатысып, бизнес жоспарын қорғап, 505 мың теңге мемлекеттік грант иегері атанады. Оған екі ноутбук алып, қосымшаның бағдарламасын жаза бастайды. Бұдан бөлек 100 мың доллар инвестиция тартады. Бұл 2019 жыл еді. Нарықтағы қажеттілікті дөп басқан стартап жоба бүгінде табысты кәсіп көзіне айналған. Қазақстан мен Ресейдің 15 қаласында пайдаланылатын мобильді қосымша енді АҚШ тұрғындары үшін де қолжетімді болады.
«Қазақстанға үлкен табыс алып келеді, экономикасына да, өйткені 280 млн автокөлік, оның 50 млн автокөлігі аз дегенде екі жыл сайын қызмет көрсетуді қажет етеді. Ол 100 млрд доллар жылына. Ол жақта жөндеу 100 доллардан жоғары», - дейді Beep жобасының құрылтайшысы Бағлан Бауыржанұлы.
Бағланның өнертабысы бүгінде бірқатар автошеберлердің қосымша табыс көзіне айналған. Олар осындағы тапсырыстарды орындап, табысын арттырып жүр. Нақтырақ айтсақ, бұл бағдарлама арқылы жанармай жеткізу, дөңгелек үрлеу, көлік оталдыру, эвакуатор шақыру сынды тапсырыстан бастап, күрделі жөндеу жұмыстарына дейін қамтылған.
«Машинам ашылмай, сигнализациясы жөнді істемей, проблемасын жазып, түсіріп, өтінім тастағам. Өз бағасын қойып, 5 минут ішінде хабарласты электриктер. Мекенжайымды айттым, жарты сағаттың ішінде келіп жасап берді», - дейді көлік жүргізуші Бекзат Исмаил.
Өнертапқыш енді бұл қосымшаның қызметтер тізімі мен мүкіндігін кеңейтуді ойластырып отыр. Соның бірі – автомобильдердің техникалық жағдайын алдын ала бағалайтын, көлік иесіне дер кезінде ескерту жасайтын жасанды интеллект жүйесін іске қоспақ.