Жаңа маусымның басты ерекшелігі – қойылымдардың тақырыптық және жанрлық алуандығында, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры 91-ші маусымын жаңа жобалармен бастамақ.
Өнер ордасы биылғы маусымда көрермендердің барлық жас ерекшелігін қамтитын, түрлі бағыттағы төрт жаңа спектакльді 15-18 қыркүйек аралығында өткізілетін «Премьералар апталығы» аясында ұсынады.
«АЛТЫ ЖАСАР АЛПАМЫС» 15 қыркүйекте сахнаға шығады. Абдолла Қарсақбаевтың көркем фильмі негізінде сахналанған адаптация көрерменіне алғаш рет қуыршақ бейнесінде жол тартады. Білімге деген құштарлық пен арманға адалдықты арқау еткен спектакль режиссері – Шохан Құлназаров, инсценировка авторы – Жазира Ахметова. Суретшісі – Юлия Чернова, музыкамен көркемдеуші – Давид Литвинов. Спектакльде Толқын Тілеулиева, Гүлім Рахимова, Рауан Укарова, Эльмира Құмарова, Мейірхан Батырханов, Ханшайым Серікова, Ұлан Адамбаев және Бота Табылдиева өнер көрсетеді.
«ЖАҚСЫЛЫҚ ПЕН ЖАМАНДЫҚ» – ұлттық құндылықтарды заманауи бағытта дәріптеуге арналған премьера. Сахнаға 16-сы шығады. Қойылымның негізгі мақсаты – жас көрерменге қазақ халқының рухани мұрасын таныстырып, оның ішінде қасиетті домбыра аспабының маңызын насихаттау. Ұлттық өнерді заманауи сахналық шешімдермен ұштастыра отырып, өскелең ұрпақтың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттыру. Режиссері – Антон Зайцев, инсценировка авторы – Назерке Ұзақбек. Қойылымның суретшісі – Юлия Чернова, композиторы – Альфия Земскова, хореографы – Салтанат Беймишева.
Рөлдерді Сабила Әбуева, Еркеш Жүнісова, Марал Тәуекелова, Алтай Тауекелов, Эльвира Сүлейменова, Айдын Жақыпбаев, Гүлвира Бейсембаева, Ұлбосын Момынжанова, Гүлбаршын Өнімбай, Ерсұлтан Тезекбай, Ернар Оралов, Бақыт Дәулет, Лаура Айтқалиева және Жандос Тайлақов сомдайды.
«TAZA.KZ» спектаклінің уақыты – 17 қыркүйек. Буффонада жанрындағы туынды республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының маңызын дәріптеуге бағытталған. Спектакль қоршаған ортаға, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырып, табиғатқа жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейді. Режиссері әрі идея авторы – Алияр Нұраділ, суретшісі – Юлия Чернова, хореографы – Меруерт Кализатова. Рөлдерді Бақытжан Қаюов, Әсемгүл Мансұрова, Арайлым Байырбекова, Ернар Оралов, Өркен Жұма, Дәулет Бақыт, Мадияр Ұлдахан және Аружан Абдуғали сомдайды.
«АЛМАТЫНЫҢ АЛМАСЫ» 18 қыркүйекте премьералар апталығын түйіндейді. Бұл – еліміздің мәдени астанасы саналатын Алматы қаласының туған күніне орай ұсынылған қойылым. Шаһардың тарихын, өзіндік ерекшелігін және туған жерге деген сүйіспеншілікті жас көрерменге ертегі әлемі арқылы таныстыруды көздейді. Авторы әрі режиссері – Григорий Лайко, суретшісі – Әнуар Бүркітбаев, композиторы – Давид Литвинов.
Қойылымда екі актерлік құрам өнер көрсетеді. Бірінші құрамда – Болат Момынжанов, Эльмира Құмарова, Мейірхан Батырханов, Дәулет Бақыт, Бота Табылдиева және Ұлан Адамбаев. Ал екінші құрамда – Алтай Тәуекелов, Арайлым Байырбекова, Өркен Жұма, Ернар Оралов, Лаура Айтқалиева және Жандос Тайлақов.
Бір мезетте төрт туынды – төрт тақырып. Бұл – театрдың шығармашылық ізденісінің жаңа бағытын айқындап берді. Сондай-ақ қуыршақ өнерінің тек балаларды қызықтыратын жанр ғана емес, тарихты, ұлттық құндылықтарды, экологиялық мәдениетті және қоғамдағы маңызды мәселелерді жеткізетін өнер алаңы екенін көрсетеді.
Нұржамал ӘЛІШ