Алматы әкімі: Бұл - биылғы мерейлі жылдың межесі биік, мәртебесі асқан, ең ұлық мерекесі
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиналысқа Бақытжан Әбдірұлы қатысты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz
Алматы қаласы
Ардақты ағайын!
Қадірменді көпшілік!
Қымбатты алматылықтар!
Биыл шұғылалы шуаққа маңдайын тосып, арайлап атқан әрбір ақ таңға қуана қараған қазақ халқы – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық торқалы тойына да ат басын бұрып отыр.
Бұл - биылғы мерейлі жылдың межесі биік, мәртебесі асқан, ең ұлық мерекесі.
Өйткені, олжа салған отыз жыл – заманауи қазақ тарихының жарқын да жасампаз беттері қалыптасқан, ұлттық рухымыз асқақтап, ұрпақтар сабақтастығы өрісін жайып, рухани өрлеу жылдары болғаны ақиқат.
Сондықтан да, алда келе жатқан Тәуелсіздік күні мерекесін біз ерекше асқақ сезіммен қарсы алып отырмыз.
Өйткені, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні біз үшін – мемлекетіміздің мызғымас беріктігі мен тұтастығын, татулығы мен шайқалмас шаңырағының биіктігін дәлелдейтін ұлы күн!
Жұмыр жердегі қай халық үшін болса да, азаттықтан асқан ұлы ұғым, тәуелсіздіктен биік тұғыр жоқ.
Олай болса, Ұлттық Тәуелсіздігіміз – біз үшін де қашан да киелі, қашан да қастерлі, мәні биік, мәртебесі жоғары асыл қазына.
Алдымызда келе жатқан бұл мерейлі мереке Тоныкөк баба заманынан аманат болған «Мәңілік Ел» мұратына нық қадам басып, табанды өркендеу бағытын берік ұстанған, тамырын тереңнен тартқан Ұлы Дала төсіндегі қазақ елінің бай тарихындағы ең басты оқиға болды.
Ал, қазақ халқы – ұлан-ғайыр жері бар, тамылжыған табиғаты бар, ұлы бабаларымыздың ат тұяғымен жазған тарлан тарихы мен ұрпағы алысқа нық көз тіккен, баянды болашағы бар халық.
Сондықтан да, қазіргі таңда ХХІ ғасырдағы жас Қазақ Елінің Ұлттық идеясы – Тәуелсіздік тірегіне айналған еркін дамудың жалпыұлттық идеясымен үндесіп отыр.
Өйткені, бүгінгі еркін ел мен азат ұлттың ең басты мақсаты – келешегі кемел, болашағы біртұтас, мүддесі ортақ, мақсаты айқын, жоспары жасампаз, құндылықтары сарқылмас, бірлігі бекем, тірегі мызғымас Ел болу.
Олай болса, «Мәңілік Ел» мұратына нық қадам басып, табанды өркендеу бағытын берік ұстанған, мәңгілігін ойлаған, үмітін үкілеп, болашағына сеніммен қараған барша Алматы қаласы жұртшылығын – ұлт Тәуелсіздігінің ордалы 30 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Ару Алтайдан қарт Атырауға, Жетісуден Сарыарқаға дейін созылып жатқан Ұлы Дала еліне – «Тәуелсіздік, Еркіндік, Азаттық, Бостандық!» деген сүйінші сөздерді алғашқы болып бауырына басып, жүрегіне тартқан осы Алматы қаласы.
Міне, сондықтан да, ұлтымыз қуанған, халқымыз шаттанған Ұлт Тәуелсіздігінің жаңа заман, жаңа дәуірдегі кіндігі асқар Алатаудың етегінде әсем Алматы қаласында кесілгені әрбір алматылықтар үшін әрқашан да аса зор мәртебе болып қалары айнымас шындық.
Ардақты ағайын!
Қазақ халқы - Ұлт Тәуелсіздігіне қол жеткізу жолында талай «тар жол, тайғақ кешу» заманын басынан өткізген, аттан құласа да, тақтан құламаған, ұлтарақтай жер үшін жауымен жаға жыртысқан, сертіне адал, киесі мол, небір баһадүр батырлар мен берен билер шыққан текті халық.
Бұл - тарихи шындық.
Ал, бүгінде сол Қазақ елі кешегі төрде отырып әділ төрелік айтқан данышпан Төле би баба тебірене айтқандай, «көсіле шабар жері бар, қол боларлық елі бар» киелі мекенге айналды.
Осылайша, бабалар салған сара жол бабалар аңсап, үкілі арман отын жаққан бүгінгі Тәуелсіз ел болу бақытына ұласты.
Бұл күн – пейілі даладай дархан, бірлігі болаттай берік, тамыры терең, қазығы қайтпас, зеңгір көкке Көк Туын көтерген шабысы тұлпардай алып халқымыздың мерейлі күні.
Бұл күн – халқымыз үшін елеулі, мемлекетіміз үшін айшықты күн!
Бұл күн – әр қазақтың жүрегіне шуақ шашып, көңілінің төріне мәңгілік маздатып от жаққан күн.
Бұл күн – дүние жүзіне қазақ дейтін ұлттың тәуелсіз елін, дербес мемлекетін жария еткен күн.
Бұл күн – ұрпағымыз бойын, азаматтарымыз ойын түзейтін жасампаз күн.
Бұл күні – ұлтымыздың мыңжылдық асыл арманы орындалған қастерлі күн.
Ал, бүгінде сол жайсаң елдің, тар жерде табысып, кең жерде келісе білген көп ұлтты тату халықтың ортақ Отаны, берік шаңырағы, мықты табалдырығы мен ұлан ұрпақтың жылы орны, ыстық ұясы бар. Ол - әрине, жаңа дәуірдің күн шуағымен жарысқан Тәуелсіз Қазақстан
Міне, сол береке мен бірліктің ақ жалауын көк аспанда желбіретіп, еңбек пен достықтың сайын далада күйін шертіп өткен жасампаз 30 жыл барша қазақстандықтар үшін ғасырға бергісіз жылдарға айналды.
Сондай-ақ, ұрпағын тербеткен Ұлт Тәуелсіздігі ұлтымыздың алтын бесігіне, халқымыздың ең қастерлі, ең қасиетті, баға жетпес биігіне көтерілді.
Жұмыр жер бетінде ел болғанмен, бағдары жоқ, бағдары болса да, берекесі жоқ, табысқа кенелер табанды тірлігі жоқ, сынға шыдар салмағы жоқ мемлекет қаншама?
Бұл - ащы шындықтың айнасы! Ол - өмір философиясы, табиғат заңдылығы.
Қазіргі таңда қыспақтың қараңғысынан жарыққа жарқырап шыққандай болған жас Қазақ елі төртеуі түгел, алтауы аман, бары берекелі, ырысы қуатты ел болып, төрткүл дүние дидарында дараланып отыр.
Қажет болса, сайын даланың сәйгүлігіндей болған Қазақстан жаһандық даму көшіне ілесе шапқан елдер қатарынан суырыла алға шығып, көш тізгінін ұстаған көркемдер санатына бет алды. Өйткені, Ұлт Тәуелсіздігі бар қазақтың кие қонған Тәңіртауы, шыңына көз жетпес ақбас Алатауы, қиналған қазаққа пана болған қарт Қаратауы сияқты.
Қымбатты алматылықтар!
Ал, Ұлт Тәуелсіздігі осы 30 жылда ұлт пен ұрпақтың санасына ұлы өзгерістер мен тың серпін, іргелі сілкіністер әкелгені тарихи шындық! Сондықтан да, бұл тамырын тереңнен тартқан Ұлы Дала төсіндегі қазақ елінің бай тарихындағы ең басты оқиға болды.
Тәуелсіздікпен бірге тыныстаған біз осы жылдары елдік дәстүр мен мемлекеттік мәдениетті, рухы биік руханият пен қажырлы еңбек үлгісін қалыптастырдық.
Бүгінде төрткүл дүниеде бейбіт күнді жақтаған Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің пікірімен санаспайтын, бағалы бастамасына құлақ түрмейтін, ортаға салған ордалы ойымен келіспейтін ел жоқ деп санауға болады. Достыққа берік, көршіге адал пейілімен ерекше құрметке ие болып отыр.
Осындай елеулі істе және Ұлт Тәуелсіздігін нығайту мақсатында өткенімізді саралап, кешегімізге қарап, ертеңімізге көз тастаған Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрнсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі айрықша құрметке ие.
Дәуір саясатының дарабозы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі – Мәңгілік Елдің ұлы тарихымен сабақтас, қазақ халқының тағдырымен тамырлас» деген қанатты сөзі бүгінде барша отандастарымыз үшін жауһар өмірдің, тыныш күннің, бейбіт заманның бағдаршамына айналды.
Ал, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің соңғы Жолдауында «Қазір бізге Тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отыр» деп алдағы тынымсыз тірліктерге кең жол ашып отыр.
Сондықтан да, Тәуелсіздіктің құны терең, бағасы қымбат. Өйткені, біз - тарихы терең, шежіресі шексіз халықтың ұрпағымыз.
Осы жылдары біз сайын даласын ат тұяғымен дүбірлеткен даңқты бабаларымыздың «Мәңгілік Ел» мұратын жаңғырттық, жібек жіптей жалғасқан ұрпақтар сабақтастығын қайта жалғадық.
Сондықтан да осындай игі істердің нәтижесінде барша қазақстандықтар үшін артта қалған отыз жылда ұлт тізгінін қолына алып, елімізді барлық қиындықтардан «тасқа ұрмай, жағаға соқпай» алып шыққан ұлы саясаткер Елбасы мен бабалар арманына айналған Ұлы Тәуелсіздік ұғымдары ажырамас бір бүтінге айналғаны ақиқат.
Өйткені, еркін елдің, азат ұлттың бағына туған кемеңгер ұлы Нұрсұлтан Әбішұлы – жас Қазақ мемлекетінің жаңа дәуірдегі негізін қалап, іргесін бекітіп, шаңырағын көтеріп, үкілі көшін түзу алып жүру миссиясы маңдайына бұйырған бірегей тұлға.
Бұл - тасада қалмайтын тарихи шындық.
Ардақты ағайын!
Қымбатты көпшілік!
Мен бүгінгі салтанатты басқосуда осы артта қалған отыз жылдың ішінде әсем де сұлу Алматы қаласының Ұлт Тәуелсіздігі жолындағы орны мен маңызына ерекше көңіл аударғым келіп отыр.
Сол тұстағы туған Отанымыздың жүрегі - Алматы қаласының ең басты өшпес тарихи құндылығы – 1991 жылдың 16 желтоқсанында осында Қазақстан Республикасының егеменді ел екендігін ресми түрде жарияланғандығы деп есептеймін.
Алматы – Ұлт Тәуелсіздігінің көк байрағы тұңғыш желбіреген қала.
Сонымен қатар, алмалы астананың төрінде еліміз бен ұлтымыз үшін мәртебесі биік бірнеше аса маңызды құжаттар қабылданды.
Олардың алдыңғы қатарында қабылданған «Мемлекеттің егемендігі туралы декларация», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы, еліміздің Конституциясы, мемлекеттік рәміздерді бекіту, Қарулы Күштерді құру, ұлттық валютаны енгізу сияқты мәні жоғары шешімдер Алматы қаласында жүзеге асты.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің жалпыхалықтық сайлауының қорытынды нәтижесі де осы біздің Алматыдан жаһанға тарап еді.
Тура дәл осы залда осыдан 30 жыл бұрын еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1991 жылғы 10 желтоқсанда ант қабылдаған сәтін көзі көрген алдыңғы буын өкілдері үлкен толғаныспен еске алады.
Сонымен қатар, 1998 жылы Елбасы қол қойған «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңды айрықша айтуға болады!
Ал, Арқаға бет алған алғашқы қоңыраулы көш те осы асқақ Алатау баурайынан басталғаны баршыңызға мәлім.
Елбасы осындай сәттерді көңіл көкжиегін биікке ұшыра отырып, «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі!» деп, қаламыздың тарихи бағасын тасқа басып, әділ орнын ерекше бағалағанын барша алматылықтар бүгінге дейін аса зор мақтанышпен еске алады.
Өйткені сол жылдары ұлтымыздың ұлылары мекен еткен, ұлт бостандығы жолында бел шешіп күрескен Алаш ардақтыларының табан ізі қалған, қазақ зиялыларының орны өзгермеген ару Алматы – қазақ даласындағы ең мәртебелі мәдени, ең қастерлі рухани және саяси ордаға айналған ең ірі шаһар еді.
Сондай-ақ, құдіреті күшті Жаратушының нұр-шапағаты түскен Жетісудың сүмбілесіндей сұлу Алматының барша қандастарымыздың мерейі мен намысы екеніне дау жоқ.
Ал, бүгінгі ерке Есілдің жағасына қазығын қаққан жаңа елордамыз Нұрсұлтан қаласы – еліміздің бағы болса, заманауи дамыған мегаполис деңгейіне көтерілген Алматы – құт-берекесі.
Сондықтан да, барша қазақстандықтар бүгінде елордасымен мақтанып, Алматысымен марқаяды.
Есілдің бойындағы ғаламат қала да, Алатаудың етегіндегі сұлу шаhар да сүюге, сағынуға лайық.
Тәуелсіз Қазақстанда осы екі қаланы таң нұрындай, азат ойдың тұнығындай ауызға алып, шын жүректен ерекшелендіріп айтуымыздың осындай өз жоралғысы бар.
Себебі Қазақ елінің ғасырлар бойғы аңсаған арманының оңынан орындалғанын айғақтайтын ғаламаттар бар.
Тәуелсіздік туралы сөз болған тұста, біз 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын айналып өте алмаймыз.
Осы орайда Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев «1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор» деп атап өткенін жақсы білеміз.
Сол азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандары да бүгін ортамызда отыр.
Ал, Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің жақын күнде жариялаған «Тәуелсіздік тағылымы» деген тарихи мақаласында «Осыдан отыз жыл бұрын біз саналы түрде, өз дүниетанымымыз бен болмысымыздың негізі ретінде бостандық пен азаттыққа таңдау жасадық» деген болатын.
Алматы қаласы тәуелсіздіктің ұлы бастаулары мен жаңа құндылықтарын алтын бесігінде аялап, алақанында тербеді.
Осының барлығы Алматының халқы ержүрек, тәуекелшілдігінен және Алатаудың шырқау биік шыңдарына қарап өмір сүргендіктен шығар!
Мәртебең өсіп, қарайтын асқар биігіңнің болғаны қандай бақыт!
Бүгінде экономикасы нығайған, өндірісі өркендеген, руханияты өрлеген, кәсіпкерлігі дами түскен, ғылымы қанат қаққан, жастардың қаласы Алматының Ұлт Тәуелсіздігін тұғырын нығайту жолында еңбек ете берері сөзсіз.
Осындай ұлы істерді іске асыруда барша қазақстандықтар сияқты алматылықтардың да үлесі ерен.
Ал, Отанымыздың халқы өздері хақ тұратын елдік биіктікті егемен Қазақстанның өркениеттілік жолынан көреді. Елін сүйген Елбасы өз елін З0 жылда қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, қайранға қалдырмай, әлемдік өркениеттің алдыңғы шебіне, дүниедегі ең дамыған 40 елдің қатарына қосты.
Елбасының бұл теңдессіз тарихи еңбегіне сан ұрпақ әлі-ақ зор құрметпен айтатын болады.
Елі сүйген Елбасына осынау мерейтой қарсаңында шексіз разылық сезімімізді сіздердің аттарыңыздан айтуға рұқсат етіңіздер!
Қадірі биік қала тұрғындары!
Тірлікті бірліктен іздеген қазақ халқына ұлы бабалардан қалған «Ынтымақ қайда барасың, береке-бірлікке барамын» деген аталы сөзі алдағы өміріміздің ұлағатты ұраны болары ақиқат.
Дөңгелеген дүние тек қана зымыраған уақытқа ғана тәуелді екен. Ал, дария уақыт, дархан мезгіл арайлап атқан Азаттықтың ақ таңымен қазақ халқына өлшеусіз қызмет етуде.
Біз бағалай білген қастерлі уақыттың бағасы да осында.
Сонымен қатар, мойнымызда бабалардың сан ғасырлық ұлы көшін келешекке оздыру аманаты тағы бар.
Міне, сондықтан да, бізге қашан да қуат беретін, алға жетелейтін біздің ең басты құндылығымыз – ол Отанымыз, Тәуелсіз Қазақстан ешкімге күмән келтірмесі анық.
Ал, осы отыз жылда Тәуелсіздік бізге не берді десек, Тәуелсіздік ойға еркіндік берді.
Тәуелсіздік езілген еңсені тіктеуге мүмкіндік берді.
Тәуелсіздік өзге елдермен тереземізді теңестірді.
Тәуелсіздік дербес даму жолымызды өз қолымызға ұстатты.
Өйткені, осы асулардан алқынбаған Ұлт Тәуелсіздігі тұтас ұлтқа қанат бітіріп, еркін елдің қарышты қадамын ашып, жазира көңілін көкке көтеріп, жарқын да жасампаз болашығына даңғыл жол ашты.
Олай болса, біз келешекте білімі терең, парасаты мол, рухани бай, мемлекет басқару ісіне жетік, өндірісті жандандыра алатын, патриоттық рухтағы жастарымызды тәрбиелеуіміз қажет.
Отан үшін жанын беретін жас ұрпақтарды тәрбиелей алсақ, Қазақстанның тағдыры мен болашағы алдағы мыңжылдықтарға тамыр жаяры сөзсіз.
Қабырғасы қатпаған жас мемлекеттің алдында Тәуелсіздік сыйлаған осындай даңғыл да дара жолы жатыр.
Ол жолдан өту үшін әлі алуан асулардан асу, кедергілі өткелдерден өту міндеттері тұр.
Міне, сондықтан Тәуелсіздік – бастағы бақыттың бағасын байыптай білуге жетелейтін ұлағатты ұғым. Ал, Тәуелсіздікті баянды ету – біздің басты мұратымыз. Осы орайы келген отыз жылда Қазақстан тамырын тереңге жайған, алып Бәйтерегі бүршік атқан, Самұрық құсы қолына қонған ұлт биігіне көтерілді.
Ал, Азаттықтың анасы – бостандық болса, Тәуелсіздіктің анасы – еркіндік екені баршаға мәлім.
Осылайша, Күлтегін бабадан қалған өркениеттің өнегесі ғасырлардан жоғалмай, ұлысына жетті. Қазақ даласы Ұлы Түркі әлемінің қара шаңырағына айналды.
Халқымызда «Бақыт бағалағанның басында тұрады» деген дана сөз бар. Олай болса, бақытымызды бағалап, Тәуелсіздігімізді тұғырландыра, еркіндігімізді түрлендіре түсейік, ардақты ағайын.
Бүгінде ата-бабадан мирас болған байтақ өлкеде орын тепкен Қазақстан Республикасы ежелден аманат болған ұлы істердің, қасиетті тілдің, ұлағатты салт-дәстүрдің, іргелі мемлекеттің заңды мұрагері болып саналады.
Сондықтан, бабаларымыз тірі болу үшін бір болса, біз ірі болу үшін бір болуымыз керек екендігін ешқашан естен шығармайық.
Өйткені, Тәуелсіздікке дейін біз кешпеген тайғақ, біз өтпеген соқпақ жоқ. Ендігі жердегі тірлігіміз оң, жолымыз түзу болғай! Түзу жолда көшіміз көлікті, басымыз ерікті, мақсатымыз табысты болсын!
Олай болса, Тәуелсіздіктің қайнар бұлағы сарқымасын, ұлтымыздың жігері мұқалмасын, ынтымақ пен бірліктің қанаты қайырылмасын, шыбықтай иілген жас ұрпақ ата-баба жағып кеткен оттың алауын сөндірмесін!
Өткен сара тарихын оқитын, дара салт-дәстүрін жоғалтпас, әдебиеті мен мәдениетін іздейтін, саламатты да саналы өмірге құштар ұлтжанды жастарымыз көп болсын!
Осындай ұлтымыздың ұлы құндылықтары мен бай мұраларын ертеңгі ел иесі болар жастарымыз осыны жадында сақтаса деймін.
Өйткені, ата-баба аманатын орындау - сол жалынды жастарымыздың иығына түсер аса үлкен жауапты жүк. Кешегі Алаш арыстары арамандаған азаттық таңы ұрпағына шұғылалы шуағын шаша берсін!
Біздің ұлы міндетіміз бүгінгі қоғам мен жастарға осы ұлт пен халық алдындағы ұлы жауапкершілігін кеңінен насхихаттаумен ерекшеленбек.
Біздің аға буын ардагер ағаларымыз кешегі қан майданда қол бастап, елін қорғаса, бүгінгі бейбіт күнде жол бастап, егемен елін көркейтуге орасан зор үлес қосып келеді.
Сол үшін де біз оларға әрдайым рақмет айтамыз.
Сондай-ақ, бірлік пен татуылықтың тірегіне айналған түрлі этнос өкілдерінің қажымас тірліктеріне алғыс білдіргім келеді!
Осының барлығы - бүгінгі «Мәңгілік Ел» қақпасынан аттаған егемен еліміз үшін сынаптай сырғыған қас-қағым сәт, мемлекет болып қалыптасудың ордалы отыз шыңы, көз тастар отыз белесі ғана.
Бүгінде желмен жарысқан, құстан жүйрік ордалы отыз жылдың осылайша таң шапағы мен күн шуағының ғажайып кереметін патша көңіл киелі халқы мен маңдайына үкі таққан ұлағатты ұрпағы төсіне басты.
Ал, қызыл сөздің қырманын күнде қуырып, күбісін күнде сапыра бергеннен ешкім мол қазына мен ырыс-дәулетті, берекелі бірлік пен орасан игілікті сырттан әкеп бермейді.
Оны түсінген жөн, білген абзал! Ал, Ұлт Тәуелсіздігін көздің қарашығындай сақтау - әрбір қандасымыздың парызы, жас желкен жастарымыздың міндеті деп санаймын.
Өйткені, Тәуелсіздік ұлтымен қадірлі, ұрпағымен мәртебелі.
Сөзімді қорытындылай келе, туған Отанымыз – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі тұғырлы, болашағы баянды, келешегі кемел болсын, ардақты ағайын.
Барша Алматы қаласы жұртшылығын тағы да ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Ұлттық саясаттың нұрлы нәрімен жігерленген, ынтымағы мен достығы жарасқан, еліміздің бағын асыратын, мерейін тасытатын ұлы істеріңізге сәттілік тілеймін!
Отбастарыңызға амандық, дендеріңізге саулық, бақытты өмір тілеймін.
Мерейіміз үстем, тілегіміз қабыл болсын!
Мереке мерекеге ұлассын, қымбатты алматылықтар!
Туған Отанымыз – Қазақстан жасай берсін!
Зейін қойып тыңдағандарыңызға рақмет!