Ағымдағы жылдың 8 ай бойынша Алматы қаласының тасымалдаушылары 36 410 әкімшілік құқық бұзушылық жасаған, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қала бойынша әкімшілік айыппұлдар статистикасы.
2026 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша Алматы қаласының мемлекеттік органдарымен «Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі» ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес, көлікте, жол шаруашылығында жалпы сомасы 24 421 452 990 теңгеге (2025ж. ұқсас кезеңінде – 31 780 549 382 теңге, 23,1%-ға төмендеді) айыппұл түріндегі жазамен 2 181 354 (2025ж. ұқсас кезеңінде – 3 145 562, 30,6%-ға төмендеді) әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді.
Оның ішінде 20 383 717 806 теңге (2025ж. ұқсас кезеңінде – 26 383 086 705 теңге, 22,7%-ға төмендеді) өндірілді, бұл өндіріп алудың 83,4%-ын (2025ж. ұқсас кезеңінде – 83%) құрады.
Қоғамдық көліктер бойынша.
Ағымдағы жылдың 8 ай бойынша Алматы қаласының тасымалдаушылары 36 410 әкімшілік құқық бұзушылық жасаған.
Олардың басым бөлігі таңбалар мен жол белгілерінің талаптарын сақтамауға (ӘҚБтК-нің 601-бабы) – 17 614, оның ішінде тұтас және тоқтау сызықтарын қиып өтуге, сондай-ақ жылдамдық режимін сақтамауға (ӘҚБтК-нің 592-бабы) – 14 139 тиесілі.
Сондай-ақ, аталған кезеңде бағдаршамның қызыл түсіне өтудің 2 012 дерегі (ӘҚБтК-нің 599-бабының 1-бөлігі), 1 942 – қауіпсіздік белдігін тақпау (ӘҚБтК-нің 593-бабының 2-бөлігі) және 102 – телефонды пайдалану (ӘҚБтК-нің 591-бабының 1-бөлігі) тіркелді.
Автобус жүргізушілерінің кінәсінен 407 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның барысында 526 адам зардап шекті (520 – жарақат алған және 6 – қаза тапқан).
Қала бойынша ЖҚЕ бұзушылықтары санының жалпы төмендеуіне қарамастан, қоғамдық көліктің қатысуымен болатын апаттылық деңгейі сақталуда.
Автобус жүргізушілерінің жылдамдық режимін және маневр жасау ережелерін жүйелі түрде сақтамауы тікелей ЖКО-ға әкеп соқтырады.
ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің аға прокуроры А.Ғ. Қзылходжаев