Сессия барысында депутаттар кәсіпкерлікті қолдау, қоршаған ортаны қорғау, қаланың сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту, сондай-ақ бірқатар ұйымдастырушылық мәселелерді қарады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Сессияның маңызды шешімдерінің бірі – «Almaty Business – 2030» кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік бағдарламасына өзгерістер енгізу болды. Өзгерістер шағын және орта бизнес субъектілерінің қаржылық қолдау тетіктеріне қолжетімділігін кеңейтуге, қолданыстағы қаржыландыру механизмдерін жетілдіруге және бағдарламаның тиімділігін арттыруға бағытталған.
Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Берікбол Мандибаевтың айтуынша, енгізілген өзгерістер бағдарламаны іске асыру тәжірибесі мен қалалық бизнестің өзекті қажеттіліктерін ескере отырып әзірленген.
Атап айтқанда, өндірістік кәсіпорындардың бағдарламаға қатысу мүмкіндігі кеңейтілуде. Бұған дейін жеңілдетілген қаржыландыру негізінен шағын өнеркәсіптік парктердің резиденттеріне қолжетімді болса, енді қаладағы барлық өндірушілер үшін қолжетімді болады.
Сонымен қатар, мектепке дейінгі білім беру саласындағы жобаларды, туризм индустриясын дамытуға бағытталған бастамаларды, сондай-ақ атмосфераға таралатын зиянды шығарындыларды азайтуға арналған жабдықтарды сатып алуды қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылған.
Қолдау көрсетілетін бағыттар қатары да кеңейтілді. Енді көшет питомниктерін, визит-орталықтарды, санитарлық-гигиеналық нысандарды, жәрмеңкелер мен бірегей стационарлық емес сауда объектілерін салу және жаңғырту жобалары да қолдау табады. Әлеуметтік кәсіпкерлер үшін кепілсіз несиелендіру кезіндегі салалық шектеулер алынып тасталады.
Қабылданған өзгерістер шағын және орта бизнес субъектілерін мемлекеттік қолдау шараларымен қамтуды ұлғайтып, жеңілдетілген қаржыландырудың қолжетімділігін арттыруға және Алматыдағы кәсіпкерлік бастамаларды жүзеге асыруға қосымша жағдай жасауға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Экологиялық күн тәртібі аясында депутаттар Алматы қаласының 2026–2028 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті.
Құжат 9 негізгі бағыт бойынша 43 табиғатты қорғау іс-шарасын қамтиды. Олардың қатарында атмосфералық ауаны қорғау, су объектілерін сақтау, жағалау және су экожүйелерін қорғау, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін сақтау, қалдықтарды басқару, радиациялық, биологиялық және химиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экологиялық менеджмент пен үздік қолжетімді технологияларды енгізу, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Жоспар қоғамдық тыңдаулардан өтіп, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігімен келісілген. Құжат қаладағы экологиялық міндеттерге сәйкес жыл сайын жаңартылып отырады.
Сессия барысында депутаттар Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі сумен жабдықтау және шаруашылық-тұрмыстық кәріз жүйесін дамыту жоспарын да бекітті.
Болжамдарға сәйкес, 2040 жылға қарай Алматы халқының саны 3,6 миллион адамға жетуі мүмкін. Қазіргі таңда қаланың шамамен 40 пайызы суды тұтынудың ең жоғары кезеңдерінде тапшылыққа тап болып отыр. Осыған байланысты құжат мегаполистің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін кешенді жаңғыртуды көздейді.
Жоспар аясында «Ақсай», «Қарғалы» және «Нұрлытау» сүзгілеу станцияларын іске қосу, Талғар су құбырларын реконструкциялау, 2 450 шақырымнан астам су желілерін салу және жаңғырту, кәріз-тазарту құрылыстарының қуатын тәулігіне 640 мың текше метрден 960 мың текше метрге дейін ұлғайту, ұзындығы 35 шақырым болатын Батыс кәріз коллекторын салу және сумен жабдықтау жүйесін басқарудың цифрлық технологияларын енгізу қарастырылған.
Сонымен қатар, сессия барысында Алматы қаласы бойынша Тексеру комиссиясының мүшесін қызметінен босату және Алматы қаласы мәслихатының депутаты Жандос Надировтың депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселелері қаралды.