ҚР Ішкі істер министрлігі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің тиімділігін арттыру бойынша кешенді шаралар қабылдап жатыр.
Халықаралық тәжірибені зерделеу барысында, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алудың тиімді әдістерінің бірі Онтарио полициясының мінез-құлық ғылымдары және талдау Бөлімі мен Waypoynt психикалық денсаулық орталығының зерттеушілері жасаған “ODARA” әдістемесіне сәйкес қайталанатын құқықбұзушылықтардың тәуекелдерін бағалау болып табылады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«Бұл ODARA сауалнамасы әйелдерге қазіргі, бұрынғы жұбайымен немесе бірге тұратын адамымен қарым-қатынасында кездесетін қауіптер туралы кеңес беру, оған жасалған шабуыл дерегінің алдын алу үшін қайтадан полицияға хабарласу үшін пайдаланылады. Бұл құралды қолдану агрессорды сөзсіз бас бостандығынан айыруға емес, оның толық өмірге оралуына және зардап шеккен тараппен татуласуына бағытталған. Осылайша, неміс қоғамында агрессор тек құқық бұзушы ретінде ғана емес, психологиялық көмекке мұқтаж адам ретінде де қабылданады. Сондықтан құқық қорғау органдары ҮЕҰ-мен бірлесе отырып, агрессордың өтініші негізінде оны психокоррекциялау – агрессияны басқару бойынша 1 жыл мерзімге курстар жүргізеді. Жанұясын сақтап қалуды мақсат тұтқан агрессор өз еркімен курстарға барған жағдайда, бұл жұмыс тиімді әсер ететінін ескерген жөн. Сондай-ақ, бұл сауалнама отбасылық жанжалдың әрбір тіркелген дерегіне қатысты емес, жәбірленушілердің өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төнген жекелеген жағдайларда ғана қолданылатынын айта кеткен жөн», – деді Алматы қалалық ПД ЖПҚБ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің аға инспекторы Ақбота Әбілқасымова.
Бұрын хабарланғандай, Қазақстанда “ODARA” жобасы 2023 жылғы 9 ақпан күні Астанада өткен “Әріптестік – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу құралы” форумында таныстырылды. Сондай-ақ бұл әдістемені пилоттық режимде Астана, Алматы және Павлодар қалаларында енгізу туралы шешім қабылданды.
«Құқықбұзушы тарапынан құқықбұзушылықтың қайталану ықтималдығын бағалау, тұрмыстық зорлық-зомбылық болған жерге келген полиция инспекторы қойған және белгілеген 13 сұрақ бойынша жүргізіледі. Осы сұрақтардың әрқайсысы қайталануды айтарлықтай және тәуелсіз түрде болжайды. Әрбір пунктке 0 немесе 1 ұпай қойылады, ал жалпы ұпай сұрақтардың қосындысы болып табылады. Әрбір оң жауап үшін ұпай беріледі. 5 немесе одан жоғары балл – зорлық-зомбылықтың күшеюінен қорғау үшін араласуды қажет ететін жағдай. Алматы ПД қалалық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, “ODARA” тәуекелдерін бағалауды жүзеге асыру бойынша пилоттық жоба аясында ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Бүгінде қаланың әр емханасында психолог кабинеттері ашылып, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған тұлғаларға психологиялық-психиатриялық, медициналық-профилактикалық көмек көрсету және медициналық оңалту шараларын өткізу үшін ерікті түрде жіберілетін болады», – деді Ақбота Әбілқасымова.
Осы жобаның нәтижелері бойынша “ODARA” құралының тиімділігі, бұл құрал арқылы сынақтан өткен адамдардың отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың қайталануы бойынша бағаланатын болады. Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында қайталанатын құқық бұзушылықтардың санын азайту, сондай-ақ олардың жасалу себептері мен шарттарын анықтау күтіліп отыр.