Салтанатты жағдайда, барша жеке құрам алдында ержүрек, қайсар азамат марапатталды
Алматы полициясы қоғамдық көлікте әйелге шабуыл жасаған адамды ұстауға көмек көрсеткен жас жігітті марапаттады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
24 жастағы қала тұрғыны Райымбек Медетбек бір сәтке ойланбастан автобуста қолында пышағы бар шабуылдаушыға жүгіргенін еске алады.
«Мен қоғамдық көлікке отырдым. Бір-екі аялдамадан өткен соң еркек пен әйел отырды, кейін олар бірдеңені талқылап, ұрыса бастады. Сосын айқайды естідім. Басымды көтеріп қарасам, ол қызды ұрып тастаған, сосын қайта-қайта ұрды. Мен әрекет еттім, ер адамның қолы мен басынан ұстап алдым. Қыз қашып үлгерді, автобустың алдына қарай жүгіріп шықты», – деп есіне түсірді Райымбек.
Менде қолайлы жағдай болды: мен артқы жағында тұрдым. Қорқынышты сезінуге уақытым болмады, дереу әрекет етуім керек болды, – деді ол.
Бүгін, 8 тамыз Алматы қаласы Алатау аудандық ПБ-ның шеруі алаңында салтанатты жағдайда, барша жеке құрам алдында ержүрек, қайсар азамат марапатталды. Райымбек Медетбек Алматы қалалық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Диас Дуанбековтың қолынан “Қазақстан полициясына 30 жыл” медалімен және естелік сыйлықпен марапатталды.
«Алматы қалалық Ішкі істер департаменті басшылығы мен барлық жеке құрамы атынан күдіктіні ұстауға көмектескеніңіз үшін сізге зор алғысымды білдіремін. Құқық қорғау органдарына көмектесіп, көрсетілген белсенді азаматтық ұстанымыңыз, қырағылығыңыз бен зейінділігіңіз үшін марапатталдыңыз. Қоғам сізден үлгі алып, қылмысқа қарсы шығып, кез келген қоғамға жат көріністерге төзбейтіндігіне және қылмыспен ымырасыз күресте шет қалмайтынына сенімдімін. Табыс, зор денсаулық, бақыт тілейміз», – деді Диас Дуанбеков.