конституция 2 шілде
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
    • Жолдау
    • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
    • • Жолдау
    • • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Алматы / Алматы педагогі «Ұстаз мәртебесі – Ұлт мерейі» рес...

Алматы педагогі «Ұстаз мәртебесі – Ұлт мерейі» республикалық байқауының жүлдегері атанды

Алматы Бүгін 16:55 36 yakiya
Алматы педагогі «Ұстаз мәртебесі – Ұлт мерейі» республикалық байқауының жүлдегері атанды

Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 400-ден астам педагог бір жылға жуық уақыт бойы сегіз кезең мен он екі тақырыпты қамтыған педагогикалық марафонда бақ сынады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.

Нәтижесінде Алматы қаласындағы №24 лицейдің математика пәнінің мұғалімі Салтанат Есхожаева ІІ орын иеленіп автокөлікке ие болды.

Алматы қаласында білім беру сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Жыл сайын Алматы қаласы Білім басқармасы қала әкімдігінің қолдауымен мегаполистегі педагогтердің ең беделді кәсіби додасы саналатын «Almaty Ustazy» байқауын және мұғалім мамандығының мәртебесін көтеруге, білім беру саласындағы инновацияларды ынталандыруға бағытталған өзге де ауқымды іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастырады.

Дегенмен, ұстаздық миссияның шекарасы болмайды: ол қалалық деңгейден заңды түрде республикалық деңгейге ұласады. Егер «Almaty Ustazy» байқауы мегаполис аясында педагогтің кәсіби беделін айқындайтын болса, онда «Ұстаз мәртебесі – Ұлт мерейі» республикалық байқауы ұстаз еңбегін ұлттың баға жетпес рухани қазынасы дәрежесіне көтереді. Байқаудың басты мұраты да – осы асқақ құндылықты дәріптеу. Бұл тағылымды дода қазақтың қайсар қызы, ғұмырын ұлт мұраты мен ұрпақ тәрбиесіне арнаған Қасыл Қасқарбайқызы Қатықбаеваның туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылды. 1926 жылы Алматы облысы Алакөл ауданынына қарасты Таңбалы елді мекенінде дүниеге келген Қасыл ана сұрапыл соғыс жылдарының ауыртпалығын бастан өткерсе де, халқымыздың рухани құндылықтарын сақтап, саналы ұрпақ тәрбиелеуге бар ғұмырын арнады. «Ана даңқы» медалі мен «Алтын алқа» иегері атанған ол тек өз әулетінің ғана емес, тұтас өңірдің аналық парасатының символына айналды.

Байқауды Қасыл Қасқарбайқызының ұлы Мұрат Әділханұлы ұйымдастырды. Сайыс 2025 жылдың сәуір айынан 2026 жылдың мамыр айына дейін арнайы әзірленген электрондық платформада өткізілді. Қатысушылар сегіз кезең бойынша он екі тақырып аясында сынға түсті. Олардың қатарында «Қасыл ананың мұрасы», «Ұстаз мәртебесі – Ұлт мерейі», «Поэзия», «Өнер», «Спорт», «Шешендік өнер» және басқа да маңызды бағыттар болды. Әр кезеңде педагог кәсіби құзыреттілігімен қатар азаматтық ұстанымын, рухани дүниесін және ұлттық тәрбиеге деген адалдығын жан-жақты танытуы тиіс болды.

Байқаудың басты ерекшелігі – қорытынды марапаттау рәсімінің Қасыл Қатықбаеваның ұрпақ тәрбиелеген, өнеге қалдырған жері – Алакөл ауданының Бұлақты (Бескөл) ауылында ұйымдастырылуы еді. Дәл осы қасиетті мекенде жеңімпаздардың есімі жарияланып, Мұрат Әділханұлының анасына арналған «Анаға тағзым» кітабының тұсаукесері өтті.

Республикалық байқаудың барлық кезеңдерінің қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай жинаған 12 финалистің қатарынан Алматы қаласы Алмалы ауданындағы №24 лицейдің математика пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің PhD докторанты Салтанат Есхожаева да көрінді. Ол ІІ орынға ие болып, автокөлікпен марапатталды.

Қазылар алқасы педагогтің тәрбие ісін ұлттық құндылықтармен терең ұштастыра білу шеберлігіне жоғары баға берді. Салтанат Есхожаева әр кезеңде жүйелі әрі мазмұнды жұмысын көрсетті. Мәселен, «Қасыл ананың мұрасы» тақырыбында тарихи деректермен шектелмей, ана бейнесін қазіргі тәрбие үдерісімен сабақтастырып, оқушыларымен бірге өткізген тәрбиелік іс-шараны рухани-адамгершілік тағылымына айналдырды.

«Ұстаз мәртебесі – ұлт мерейі» тақырыбында ол ұстазды ұлттың рухани өзегін сақтап тұрған тұлға ретінде сипаттады. Ал «Құнды білім – құтты білік» кезеңінде білім мен тәрбиенің ажырамас бірлігін негіздеп, білімнің оқушы санасында жай ғана ақпарат ретінде емес, өмірлік ұстанымға айналуы керектігін дәлелдеді. «Шешендік өнер» кезеңінде пікірсайысты сөз саптау машығын жетілдіру құралы ретінде ғана емес, адамгершілік, азаматтық жауапкершілік пен өзара сыйластық ұғымдарын терең пайымдауға бағыттады. Ал «Кітап оқуға құштарлық» тақырыбын ұстаздың жеке мәдениеті мен отбасылық құндылықтар арқылы ашып, кітапқа деген сүйіспеншілік ең алдымен мұғалімнен басталып, отбасында жалғасатынын көрсетті.

«Менің барлық жұмыстарымды біріктіретін басты қағида – ұлттық рухы биік адам ғылым мен білімді өз халқына қызмет ету жолында пайдаланады», – дейді педагог.

Салтанат Есхожаеваның ғылыми ізденістері STEM технологияларын математика пәнін оқытуға ықпалдастыруға, оқушылардың математикалық функционалдық сауаттылығын дамытуға және проблемалық оқыту технологияларын қолдануға бағытталған. Оның ғылыми еңбектері қазақстандық және халықаралық ғылыми журналдарда жарияланып келеді.

Педагогтің кәсіби жетістіктері де айрықша. 2023 жылы ол «Almaty Ustazy – 2023» қалалық байқауының І дәрежелі диплом иегері атанып, финалистер қатарына енді. Сондай-ақ Сингапурда өткен «Train the Trainer» халықаралық тағылымдамасынан өтіп, кейін Алматы қаласының математика пәні мұғалімдеріне арналған біліктілікті арттыру курстарын жүргізіп, халықаралық Master Trainer сертификатына ие болды. 2025 жылы «Оқу және математикалық сауаттылық: табысты синергия» республикалық кәсіби байқауында жұптық сайыста І орын, командалық есепте ІІ орын алды. Сонымен қатар «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының штаттан тыс тренері ретінде қызмет атқарады. Оның шәкірттері жыл сайын қалалық және республикалық ғылыми жобалар байқауларының жүлдегерлері атанып келеді.

«Ұстаз үшін ең үлкен жеңіс – алған марапаты емес, елге адал қызмет ететін шәкірт тәрбиелеуі», – дейді Салтанат Есхожаева.

Педагог үшін республикалық байқаудағы ІІ орын – мәреге жету емес, жаңа жауапкершілік кезеңінің бастауы. Алдағы уақытта ол жинақтаған тәжірибесін кеңінен таратып, ғылыми ізденістерін жалғастырып, жас әріптестеріне қолдау көрсетуді мақсат етеді.

Байқауға қатысушылардың пікірінше, бұл жоба педагогикалық қауымдастыққа маңызды ой салды: ұстаздың шынайы мәртебесі атақ-марапатымен емес, тәрбиелеген ұрпағымен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда Қасыл Қатықбаеваның 100 жылдығына арналған бұл байқау жай ғана кәсіби дода емес, ұлы ұстаздардың тағылымын жалғастыруға үндейтін тағылым мектебіне айналды.

Әріптес пікірі

Алматы қаласы Білім басқармасының Әдістемелік орталығы қаланың білім беру экожүйесіндегі жүйе құраушы маңызды құрылымдардың бірі. Қала педагогтерінің жетістіктері – Білім басқармасы мен Әдістемелік орталықтың білім сапасын арттыру бағытындағы жүйелі жұмысының және қалалық әдістемелік қауымдастықтың үйлесімді қызметінің нақты нәтижесі. Педагогтердің кәсіби дамуына жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың әлеуетін арттыруға Орталық директоры Дәурен Сағынғалиев ерекше көңіл бөледі.

Алматы қаласы Әдістемелік орталығының математика пәні бойынша әдіскері Әлия Тұрысбекованың айтуынша, осындай жүйелі қолдаудың арқасында педагогтер кәсіби шеберлігін үздіксіз жетілдіріп, заманауи білім беру технологияларын оқу үдерісіне сенімді түрде енгізуде.

«Солардың бірі – №24 лицейдің математика пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың PhD докторанты Есхожаева Салтанат Маметханқызы. Оның «Ұстаз мәртебесі – Ұлт мерейі» республикалық байқауындағы жеңісі біз үшін ерекше маңызды. Себебі ол тәрбие мен білімнің ажырамас бірлігін айқын көрсете білді. Салтанат Маметханқызы тек білім беріп қана қоймай, ұлттық құндылықтарға негізделген тұлға қалыптастыруда. Бұл – педагогикалық шеберліктің ең жоғары деңгейі», – деді әдіскер.

Үздіксіз кәсіби ізденісті жаңашылдықпен ұштастырып жүрген Салтанат Маметханқызы бүгінде шығармашыл педагогтердің көшбасында. Ол өз тәжірибесін әріптестерімен белсенді бөлісіп, педагогикалық қауымдастықтың кәсіби дамуына елеулі үлес қосып келеді.

«Біз, Алматы қаласы Әдістемелік орталығының әдіскерлері, осындай кәсіби деңгейі жоғары педагогтердің қатары мегаполисімізде көбейе түсуіне жан-жақты жағдай жасауды өзіміздің басты міндетіміз деп санаймыз», – деп түйіндеді Әлия Тұрысбекова.

 

Телеграм арнаға жазылыңыз
#педагог
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

Алматы экобекеттерінде жыл басынан бері көлік шығарындыларының белгіленген нормадан асқан 13 мыңнан астам жағдайы анықталды

Бүгін 17:01

Жаңа Конституцияны диалог пен шығармашылық арқылы жүзеге асыру: Алматыда ауқымды жастар науқаны өтуде

Бүгін 16:29

Алматыда Медеуден Шымбұлаққа дейінгі аралықта инженерлік инфрақұрылым құрылысы жалғасуда

Бүгін 16:16

Алматыда Ұлттық домбыра күні мен Астана күніне арналған мерекелік бағдарлама дайындалды

Бүгін 15:37

Жас белсенділер әділетті Қазақстан құру бағытын қолдады

Бүгін 14:30
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика
// SMI24 виджет setTimeout(function() { if (typeof Smi24 !== 'undefined') { Smi24.init('[data-smi-widget-id="130"]'); } }, 1500);