Экологтар ауа құрамындағы барлығы 12 көрсеткішті зерттеді, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
15 қарашада өткен City Run жүгіру жарысы кезінде Алматының орталық көшелерінде автокөлік қозғалысы бірнеше сағатқа шектелді. Осы уақытта жүргізілген экологиялық өлшеулер ауадағы зиянды заттардың мөлшері айтарлықтай азайғанын көрсетті. Eco Almaty жылжымалы зертханасының дерегінше, азот диоксидінің концентрациясы 95%-ға, шаң 94%-ға, күкірт диоксиді 87%-ға төмендеген.
«Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры ұйымдастырған биылғы маусымның соңғы жарысына әлемнің 25 елінен 2 500 адам қатысты. Қатысушылар ұзындығы 10 шақырым болатын қашықтықты шығарындылары төмен аймақ (LEZ) арқылы жүгіріп өтті. Осы уақытта жарыс өтетін көшелерде көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды. Мамандар ауа сапасын үш кезеңде тексерді: таңғы сағат 06:40-та, яғни жарыс басталмай тұрып, 08:50-де жарыс кезінде және 10:50-де мәреден кейін.
Көлік қозғалысы тоқтаған уақытта зиянды заттардың концентрациясы едәуір азайғаны анықталды. Атап айтқанда, автокөлік шығарындыларының негізгі көрсеткіштерінің бірі саналатын азот диоксидінің мөлшері 0,040 мг/м³-тен 0,002 мг/м³-ке дейін төмендеді. Шаң концентрациясы 0,300 мг/м³-тен 0,018 мг/м³-ке дейін азайған. Күйе мөлшері үштен бірге төмендесе, көміртек тотығының көрсеткіші рұқсат етілген шектен екі есе аз болды.
Экологтар ауа құрамындағы барлығы 12 көрсеткішті зерттеді. Сынамалардан формальдегид, бензол және көмірсутектер анықталған жоқ. Сондай-ақ тексерілген заттардың ешқайсысы бойынша шекті рұқсат етілген концентрациядан асу дерегі тіркелмеді.
Алматыда автокөліктерден бөлінетін зиянды шығарындыларды азайту мақсатында 2026 жылы 28 сәуірде шығарындылары төмен аймақтың (LEZ) пилоттық жобасы іске қосылды. Оның аумағы Бөгенбай батыр, Желтоқсан, Абай және Достық көшелерімен шектелген. Жоба жыл соңына дейін жалғасады. Ал 2027 жылдан бастап аймақтың тұрақты жұмыс істеуі пилоттық кезеңнің қорытындысы бойынша шешіледі. Ол үшін әкімдік арнайы қаулы қабылдап, аумақтың шекарасын бекітуі қажет. Сонымен қатар қалада қабылданған Атмосфералық ауаны қорғау қағидалары тек LEZ аумағына ғана қатысты емес. Құжатта автокөлік шығарындыларын азайту, газ тартылған аудандарда көмір мен сұйық отынды пайдаланудан бас тарту, сондай-ақ кәсіпорындарға ауа тазартатын сүзгілер орнату шаралары қарастырылған.
«Бірінші болу – батылдық» қоры ұйымдастыратын барлық жүгіру жарысында қатысушылардың қауіпсіздігі үшін көшелердегі көлік қозғалысы уақытша шектеледі. Биыл қордың жарыстарына 40 мыңнан астам адам қатысты. Олардың ішіндегі ең ауқымдысы – биыл 15 жылдығын атап өткен Almaty Marathon. Оған әлемнің 66 елінен 16 мыңнан астам жүгіруші жиналды. Айта кетейік, қор ұйымдастыратын жарыстардың бірі Халықаралық марафондар мен жүгіру жарыстары қауымдастығының (AIMS) күнтізбесіне енген. Бұл Қазақстандағы аталған қауымдастық күнтізбесіндегі жалғыз жарыс.
Қор жарыстардың қоршаған ортаға әсерін азайту үшін де бірқатар бастама қолға алған. Ірі іс-шаралар кезінде пластик, қағаз, шыны және алюминий қалдықтарын бөлек жинауға арналған арнайы экологиялық аймақтар ұйымдастырылады. Ал тамақтану бекеттерінде қайта өңдеуге жарамды PET 1 пластигінен жасалған стақандар қолданылады. 2026 жылы жарыстар барысында жиналған 2,5 тоннадан астам қалдық қайта өңдеуге жіберілді. EcoNetwork компаниясының есебінше, бұл 16 ағаш пен шамамен 31 мың литр суды сақтауға мүмкіндік берген.
Қалдықтарды азайтумен қатар, заттарды қайта пайдалану бағытына да көңіл бөлінеді. «Тепло» әлеуметтік жобасымен бірлесіп, қайта пайдалануға жарамды 4,4 тоннадан астам киім жиналды. Оларды қайта қолданысқа беру нәтижесінде көмірқышқыл газының шығарындылары шамамен 125 тоннаға азайған.
City Run жүгіру жарысы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.