Оның мақсаты — аурудың қауіп факторлары туралы халықтың хабардарлығын арттыру және уақтылы тексеруден өтудің маңыздылығын түсіндіру, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
10-14 тамыз аралығында Алматы онкология орталығында өкпе обырының алдын алу апталығы өтті.
Акция аясында қауіп тобына жататын — 50 жастан асқан қазіргі және бұрын темекі шеккен азаматтар, сондай-ақ зиянды өндірістерде жұмыс істейтін тұрғындар кеуде қуысының төмен дозалы КТ тексеруінен тегін өтті. 18 адамда обыр алды өзгерістер анықталып, оларға қосымша тексеруден өту және динамикалық бақылауда болу ұсынылды.
15 тамызда Алматы онкология орталығында Ашық есік күні өтті. Қала тұрғындары торакальды онкологтардың тегін кеңесін алып, медициналық көрсетілімдер болған жағдайда түрлі ағзалардың ультрадыбыстық зерттеуінен өтті. Іс-шара онкологиялық қырағылықты арттыруға және ауруларды ерте анықтауға бағытталды.