Алматы музейінде Қазақстанның Халық жазушысы, Еңбек Ері, ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығына арналған «Тауларды аласартпай, даланы асқақтатқан…» атты көрме салтанатты түрде ашылды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Көрме Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Оны Алматы қаласы музейлер бірлестігі ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығымен бірлесіп өткізді.
Экспозиция келушілерді ақынның шығармашылық мұрасы мен қоғамдық қызметімен таныстырады. Көрмеге Олжас Сүлейменовтің жеке заттары, қолжазбалары, марапаттары, кітаптары, архивтік құжаттары мен сирек кездесетін фотосуреттері қойылған.
Көрменің ерекше жәдігерлерінің бірі – ақынның өз қолымен жазылған, көпшілікке кеңінен танымал «АзиЯ» кітабының алғашқы нұсқасынан алынған үзінділер.
Сонымен қатар экспозицияда Олжас Сүлейменовтің антиядролық қозғалыстың қалыптасуына қосқан қоғамдық үлесі де көрініс тапқан. Бұл тақырып Семей ядролық полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай ұсынылып отыр.
Көрменің ашылу салтанатында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Мереке Әбдешұлы көрменің ақынның шығармашылық мұрасы мен азаматтық ұстанымын танытудағы маңызына тоқталды.
«Көрмені тамашалап жүріп, Олжас Сүлейменовтің өзін көргендей боламыз. Тіпті, оның суретіне қарағанның өзінде, өз болашағыңды, алдыңдағы үлкен мақсатыңды көргендей әсер аласың», – деді Мереке Әбдешұлы.
Салтанатты іс-шараға Алматы қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Арман Бейсенбайұлы, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Әбдешұлы, ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығы директорының орынбасары Игорь Владимирович, философия ғылымдарының докторы, академик Нұр Серікұлы, тарих ғылымдарының докторы Зайнидин Карпекұлы, Олжас Сүлейменовтің қарындасы Жібек Әбдуәлиева, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері, БАҚ өкілдері, сондай-ақ Алматы тұрғындары мен қала қонақтары қатысты.
«Тауларды аласартпай, даланы асқақтатқан…» көрмесі екі апта бойы Алматы музейінде өтеді.
Мекенжайы: Алматы қаласы, Қабанбай батыр көшесі, 132.