Бүгін Туризм күніне орай, Алматыда қаланың маңызды мұражайларын аралау мақсатында баспасөз туры ұйымдастырылды.
Бұл шара Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі, Алматы қаласының Мәдениет басқармасы және Almaty Tourism Bureau бірлесе отырып өткізілді. «Алматы мұражайлары: Тарихқа саяхат» атты бұл бастама қаланың мәдени мұрасын насихаттауға және бірегей экспонаттармен таныстыруға бағытталды, деп хабарлайды aqshamnews.kz.
Пресс-турдың алғашқы нүктесі Ықылас атындағы музыкалық аспаптар мұражайы болды. Журналистер сирек кездесетін халықтық музыкалық аспаптармен танысты, олардың кейбірі бірнеше ғасыр бұрын жасалған. Олардың арасында желбуаз, адырна, шертер, домбыра, қобыз, сыбызғы секілді аспаптар бар. Экскурсия барысында әртүрлі аспаптардың түрлері: дауылпаз, ұрмалы, шертпелі, үрмелі аспаптар туралы қызықты ақпарат берілді. Археологиялық табыстар мен Қазақстанның көне музыкалық дәстүрлеріне ерекше назар аударылды.
Музейдің мақтанышы — әйгілі қазақ музыканттары мен композиторларымен байланысты бірегей экспонаттар. Олардың ішінде Құрманғазы Сағырбайұлының домбырасы және XVІ ғасырда жасалған Жарас бақсының ең көне қобызы бар.
Одан ары пресс-тур қатысушылары Д.А. Қонаев атындағы мұражайда болды, онда журналистер мемлекет қайраткерінің жеке заттарымен, қолжазбаларымен және архивімен танысты. Қонаевтың алған марапаттары мен ордендері де үлкен қызығушылық тудырды. Оның 230 шаршы метрлік төрт бөлмелі пәтерінде барлығы бұрынғыдай сақталған. Сондай-ақ мұражайда әлемдік көшбасшылардың сыйлықтары, 500-ден астам сирек кездесетін оттық жинағы және көптеген тілдердегі кітаптар ұсынылған.
Үшінші нысан Ғабит Мүсірепов атындағы әдеби-мемориалдық мұражай болды. Мұражайда жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы қызықты материалдар ұсынылып, қонақтар «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» және «Ақан сері - Ақтоты» сияқты спектакльдердің үзінділерін кинозалда тамашалады.
Турдың соңғы нүктесі Алматы қаласының Тарих мұражайы болды. Бұл жерде қаланың қалыптасуы мен дамуына арналған экспонаттар көрсетілді. Археологиялық табыстар, тұрмыстық заттар, ескі карталар мен құжаттар, сондай-ақ қаланың тарихын бейнелейтін көрмелер ұсынылды.
Пресс-турдың қорытындысында Almaty Tourism Bureau директоры Камилла Лұқпанова және Алматы қаласы мұражайлар бірлестігінің басшысы Ләззат Сағындықова сөз сөйледі. Камилла Лұқпанова Алматының туризм саласында соңғы жетістіктерімен бөлісіп, қаланың туристік әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстарды атап өтті. Ол Алматының ішкі және халықаралық нарықта туристік бағыт ретінде белсенді дамып келе жатқанын және мұражайлардың бұл үдерісте маңызды рөл атқаратынын айтты.
«Алматы өзін ішкі нарықта ғана емес, халықаралық нарықта да туристік бағыт ретінде белсенді түрде танытуда. Іскерлік туризмді тартуға және халықаралық іс-шараларды ұйымдастыруға ерекше назар аударылады. Қала мұражайлары бірегей мәдени және тарихи экспозицияларды ұсына отырып, туристік өнімді қалыптастыруда шешуші рөл атқарады», - деп түсіндірді К.Лұқпанова.
Алматы қаласы мұражайлар бірлестігінің басшысы Ләззат Сағындықова мұражайлардың ұлттық сананы қалыптастыру мен туризмді дамытудағы маңызын атап өтті. Сонымен қатар, ол Алматы әкімі Ерболат Досаевтың шешімімен 2024 жылы Алматы мұражайларының мектеп оқушылары үшін тегін болатынын хабарлады. Бұл жаңалық БАҚ бетінде кеңінен айтылып, хабарланды. Соның нәтижесінде жыл басынан бері мұражайларды 61 165 оқушы тамашалаған, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 150%-ға көп.
Мұражайлар бірлестігі халықаралық деңгейде белсенді жұмыс істеп келеді. Оның көрмелері Сеул, Стамбул, Неаполь, Вена және Прага қалаларында үлкен табыспен өткен. Мұражай қызметкерлері Париждегі Ұлттық ескерткіштер орталығында біліктіліктерін арттырды. 2024 жылы Алматы мұражайлары ТҮРКСОЙ Музейлер қауымдастығына мүше болып, «Түркі әлемінің үздік мұражайы» («Best Museum of the Turkic world») атағына ие болды.
2024 жылы мұражай имиджін ілгерілету мақсатында брендбук жасалды, оған бірлестіктің жаңартылған логотипі, онлайн билеттерді сатып алуға болатын ресми сайт енгізілді. Тамыз айынан бастап қаланың 11 метро станциясы мен 29 лед-экрандарында жарнамалық науқан жүргізілуде.
Пресс-тур бағдарламасының мазмұны бай әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны журналистер тарапынан ерекше бағаланды.