Алматы еңбек нарығының қажеттілігіне сай техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғыртып жатыр, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Биылғы оқу жылында қала колледждеріне мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында 17 491 орын бөлінді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Сәкен Аралбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2026 жылы сұранысқа ие даярлау бағыттарының тізімі кеңейтіледі. Мемлекеттік білім беру тапсырысын жылжымайтын мүлікті басқару, медициналық-профилактикалық іс, эстетикалық косметология, өрт қауіпсіздігі, мехатроника, графикалық анимация технигі, экологиялық туризм менеджері мене жаңартылатын энергетика сияқты жаңа мамандықтар бойынша орналастыру жоспарланып отыр.
Студенттердің теориялық білімін өндірістік тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік беретін дуалды оқытуды дамытуға көп көңіл бөлінді. Қазір дуалды білім беру жүйесіне қаланың 52 колледжі қатысып жатыр. Олар 770 кәсіпорынмен 22 067 келісімшарт жасаған.
«Бүгінде мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқитын студенттердің 43%-ы дуалды оқыту жүйесімен білім алып жатыр. Салыстырсақ, өткен жылы бұл көрсеткіш 38% болған», – деді Сәкен Аралбаев.
Инклюзивті білім беруді дамыту маңызды бағыттың бірі болып қала береді. Биылғы оқу жылында Алматының үш колледжінде мүмкіндігі шектеулі 351 студент білім алып жатыр. Оның ішінде 161 студент инклюзивті топтарда оқыса, тағы 190 студент ерекше білім беру қажеттілігі бар адамдарға арналған арнаулы топтарда білім алып жатыр.
Биыл тағы екі колледж инклюзивті білім беру бағдарламасы бойынша талапкерлерді қабылдай бастайды.
Бәсекеге қабілетті мамандар даярлау және академиялық ұтқырлықты дамыту мақсатында алматылық колледждер халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуде. Халықаралық тағылымдамалар бағдарламалары аясында 110 студент Қытайда, 89 студент Түркияда білім алып, тағы 20 студент Германияның ірі кәсіпорындарында өндірістік тәжірибеден өтті.
Басқарма басшысының айтуынша, қолға алынған жұмыс кадрларды даярлау сапасын арттырвп, замандық білім беру тәсілін енгізіп, Алматының техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін одан әрі жаңғыртуға бағытталған.