Алматы дәрігері екпенің көп аурудан сақтайтынын айтып берді

Алматы дәрігері екпенің көп аурудан сақтайтынын айтып берді aqshamnews.kz

Ел арасында екпеге түбегейлі қарсы, ол туралы түсінігі де аз жандар әлі де бар. Ал сол вакцинаның адам баласын талай дерттен сақтап қалатын күшке ие екендігіне неге мән бермейміз? Осы және өзге де сауалдарымызға Алматының №21 емханасының профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімінің меңгерушісі Гаухар Макуетова жауап береді.

ВАКЦИНА НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ? 

– Вакциналаудың міндеті – белгілі бір иммунитетті қалыптастыру реакциясын бастау, яғни кейінірек ағзаға микроб түскеннен кейін сол микробқа қарсы иммундық жадының болуы. Микроб адам ағзасына енгеннен кейін антиденелер пайда болады, ол – ауру қоздырғышын жоятын бөлшектер. Бұл бөлшектердің жеткілікті мөлшерде қалыптасуы үшін уақыт қажет – бұл адам ауырып жатқан кезең. Антиденелер жеткілікті мөлшерде жиналған кезде, науқас жазыла бастайды. Әр түрлі жағдайларға байланысты, мысалы, сыртқы факторлар, зиянды әдеттер, қосалқы аурулар және т.б. әсерінен ауру әр түрлі ауырлықта өтеді және асқынып, тіпт өлімге әкелуі мүмкін. Вакцинация антиденелердің пайда болу уақытын қысқартады, осылайша асқынуларды болдырмайды. 
Сонымен қатар, вакциналардың өздері ауру тудыруы мүмкін емес. Өйткені олар тазартылған және әлсіреген. 

ҰЛТТЫҚ ВАКЦИНАЛАУ КҮНТІЗБЕСІ БОЙЫНША ЕКПЕ НӘРЕСТЕ ӨМІРІНІҢ АЛҒАШҚЫ КҮНДЕРІНЕН БАСТАЛАДЫ. НЕЛІКТЕН ЕРТЕ? 

– Антиденелер жүктілік кезінде анадан плацента арқылы нәрестенің қанына енеді. Және ондай антиденелер анасы ауырған немесе вакцина алған аурулардан ғана болады.  Бірақ олардың тиімділігі төмен болады және тез жоғалады (үш айдан бір жылға дейін). Сондықтан жекелеген инфекциялар кезінде бала туғаннан кейін бірден егу керек (В гепатиті мен туберкулезге қарсы). Өйткені нәресте осы инфекцияларға мүлдем қорғансыз болып туады. Басқа жағдайларда, мысалы, туғаннан кейін 6-12 айдан кейін қызылшаға, қызамыққа антиденелердің концентрациясы төмендейді. Сондықтан баланы 12 айдан бастап қызылшаға, қызамыққа қарсы егу керек. Вакциналау неғұрлым ерте басталса, баланың жұқпалы ауруға шалдығу ықтималдығы соғұрлым жоғары болады және иммунитетті дамытуға уақыты болады.

БАТЫС ЕЛДЕРІ ВАКЦИНАЦИЯДАН ӘЛДЕҚАШАН БАС ТАРТҚАН. СОЛАЙ МА?

– Қазақстан Республикасының Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесі ДДҰ ұсынымдарына сәйкес келеді, Австрия, Израиль, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Түркия, Жапония сияқты дамыған елдердің көпшілігінің иммундау күнтізбелеріне ұқсас. Тәжірибе көрсеткендей, елдің өмір сүру деңгейі неғұрлым жоғары болса, вакциналау жүргізілетін жұқпалы аурулардың тізімі соғұрлым кең болады. Батыс Еуропа елдерінің профилактикалық егу күнтізбелері оларда желшешекке, ротавирустық инфекцияға және адам папилломасы вирусына қарсы қосымша вакцинацияның болуымен ерекшеленеді. Кейбір елдерге профилактикалық егусіз кіруге тыйым салады. АҚШ, Англия оқу орындарында оқу үшін барлық профилактикалық егулердің болуы міндетті. Сауд Арабиясына кіру үшін қажыларға менингококк инфекциясына қарсы вакцинация қажет, Бразилия, Боливия, Колумбия, Кения және Африка континентінің басқа елдеріне сары безгекке қарсы вакцинация керек. Қазақстан Республикасы – халықты вакцинациялау толығымен мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілетін әлемдегі санаулы елдердің бірі болып.

НЕЛІКТЕН КӨП АТА-АНА ВАКЦИНАДАН БАС ТАРТАДЫ? 

– Өкінішке орай, республика бойынша жыл сайын өз балаларын егуден бас тартатын ата-аналардың саны көбеюде, көп жағдайда діни наным бойынша. Алайда бірде-бір ресми дінде екпеге тыйым салынбаған. 
Көпшілік халық медицина саласындағы қол жеткізілген жетістіктерге байланысты инфекциялардың бұрынғы кезеңдерде қаншалықты ауыр болғанын ұмыта бастады. Инфекциялар біржола жойылды деген пікір пайда болды. БАҚ пен интернетте медицинаға қатысы жоқ антиваксерлер вакцинациядан кейінгі асқынулар (аутизм, церебральды сал ауруы) туралы көптеген жағымсыз ақпараттар таратты. Бұл ақпаратта ешқандай дәлел жоқ. Барлық ұлы дәрігерлер, медицина саласындағы ғалымдар балалар мен ересектерді вакциналауды талап етсе де, бірақ қандай да бір себептермен біздің азаматтар медициналық білімі жоқ «диван» сыншылары мен блогерлерге көбірек сенетіні қынжылтады.

МҮЛДЕМ ЕКПЕ САЛДЫРМАСАҚ НЕ БОЛАДЫ? 

– Жұқпалы аурулар аяқ астынан бұрқ етіп шыға келуі мүмкін. Оның болмауына ешкім кепілдік бере алмайды. Ондай кеселдер өз кезегінде балалар арасында жұқпалы аурулардан болатын мүгедектік пен өлім-жітімнің артуына әкеледі. Тіпті алысқа барудың қажеті жоқ, біз 2023 жылдың соңында қызылшаның өршуін байқадық және кейінгі 30 жылда қызылша ауруының мұндай деңгейі байқалмаған болатын.

БЫЛТЫР АДАМ ПАПИЛЛОМАСЫ ВИРУСЫНА ҚАРСЫ ЕКПЕ ЕНГІЗІЛДІ. БҰЛ ҚАНШАЛЫҚТЫ ҚАЖЕТ БОЛДЫ? 

– Иә, өткен жылы АПВ вакцинасы Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілді. Елімізде әйелдердегі онкопатология құрылымында жатыр мойны обыры сүт безі қатерлі ісігінен кейін екінші орында тұр. Ал өлім-жітім бойынша қатерлі ісік жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейін екінші орында. Бұл кесел бүкіл әлем бойынша өсіп барады. 
Бізде жыл сайын жатыр мойны обырының 1800-ге жуық жаңа жағдайы және осы аурудан 600-ге жуық өлім тіркеледі. Бүгінгі күні АПВ-ның арнайы емі жоқ. Оның алдын алудың жалғыз әдісі – вакциналау.  Жатыр мойны обыры – бұл алдын алуға болатын жалғыз қатерлі ісік! Ерлер үшін АПВ әйелдерге қарағанда аса қауіпті емес.
Жаппай вакциналаудың негізгі контингенті – 11-14 жас аралығындағы жасөспірім қыздар. Бұл жас қыздарды жыныстық белсенділік басталғанға дейін жаппай вакциналау мақсатында және вирус әйелдердің денесіне енгенге дейін ағзада иммунитет қалыптастыру үшін таңдалды. Сондықтан бұл екпеден қорқудың қажеті жоқ және бас тартпаған абзал. Ауырмау – өз қолымызда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:51

17:45

17:40

17:34

17:22

17:17

17:17

17:02

16:56

16:53

16:43

16:36

16:23

16:17

16:07

16:03

15:52

15:42

15:34

15:16

14:57

14:42

14:24

14:04

12:53