Алматы бессайысшыларының жеңісі: 13 медаль және Азия чемпионатында Қазақстан бірінші орында, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
2026 жылы 11-17 мамыр аралығында Джокьякарта қаласында (Индонезия) U-17 және U-19 жас санаттары бойынша қазіргі бессайыстан Азия чемпионаты өтті. Құрлықтық додаға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Үндістан, Таиланд, Қытай Тайбэйі, Сингапур және Индонезияның үздік спортшылары қатысты.
Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық медаль есебінде сенімді түрде бірінші орын иеленді. Ұлттық құраманың табысына алматылық спортшылар зор үлес қосып, түрлі деңгейдегі 13 медаль жеңіп алды.
Чемпионат жеңімпаздары мен жүлдегерлерін өткен түні Алматы халықаралық әуежайында салтанатты түрде қарсы алды. Спортшыларды туған-туыстары, жаттықтырушылар, Алматы қаласы Спорт басқармасының өкілдері мен жанкүйерлер құттықтады.
Чемпионаттың басты қаһармандарының бірі алматылық спортшы Темірлан Төлегенов болды. U-17 санатында ол жоғары шеберлік танытып, бірден үш алтын медаль жеңіп алды: жеке сын, командалық жарыс және аралас эстафета бойынша топ жарды.
Сонымен қатар, өзге де алматылық спортшылар жоғары нәтиже көрсетті.
U-17 санаты:
▪️ Темірлан Төлегенов — 3 алтын медаль:
– жеке есепте І орын;
– командалық біріншілікте І орын;
– аралас эстафетада І орын.
▪️ Нұрғали Өмірсерік —
– жеке есепте ІІІ орын;
– командалық біріншілікте І орын.
▪️ Яна Беспалова —
– жеке есепте ІІІ орын;
– командалық есепте І орын.
▪️ Ажар Болат —
– жеке біріншілікте IV орын;
– командалық есепте І орын.
U-19 санаты:
▪️ Степан Варёхин —
– жеке есепте ІІІ орын;
– командалық біріншілікте І орын.
▪️ Полина Андреева —
– жеке есепте ІІІ орын;
– командалық есепте І орын.
▪️ Диана Гренц —
– жеке есепте IV орын;
– командалық біріншілікте І орын.
Чемпионат аясында спортшылар семсерлесу, жүзу, лазер-ран және қазіргі бессайыстың жаңартылған бағдарламасына енгізілген кедергілер жолағы бойынша сынға түсті. Алматы қаласы Спорт басқармасы өкілдерінің мәліметінше, алматылық бессайысшылардың Азия чемпионатындағы өнер көрсетуі соңғы жылдардағы ең үздік нәтижелердің бірі саналады.