Бүгін Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары аясында «Жанұя» кешеніне және Бағанашыл ықшамауданындағы арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына барды.
Қала басшысы «Жанұя» кешенінің жаңа ғимаратымен танысты. Ол балаларға және ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған. Бұрынғы ғимарат заманауи талаптарға сай болмағандықтан, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2024 жылы мекемені толық қайта жаңғырту туралы шешім қабылданды.
Жоба бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында BI Group компаниясы мен Agniet komek fund қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Нысан 15 қыркүйекте пайдалануға берілмек. Жаңа кешен қазіргі заман талабына сай салынып, балалардың тұруына, оқуына және дамуына барлық жағдай жасалған. Ғимарат 400 оқушы орны мен 216 жатын орынға есептелген.
Кездесу барысында әкім орталықтың балаларымен, ұстаздарымен, сондай-ақ мәслихат депутаттары мен білім саласының өкілдерімен сөйлесті. Олардың арасында белгілі педагог, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аягүл Мирашова да болды. Дархан Сатыбалды жас ұрпақты қолдау – мемлекет пен Алматы қаласы үшін басты міндеттің бірі екенін атап өтті.
«Өздеріңіз көріп тұрсыздар, бұл ғимарат 1960-жылдары салынған. Содан бері күрделі жөндеу жасалмаған, тек 2022 жылы аздаған жөндеу жүргізілді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы әрдайым басты бағыт – балаларға жағдай жасау екенін айтып отырады. Осыған байланысты біз бұл нысанды бюджет есебінен жаңғыртамыз деп жоспарлағанбыз. Алайда BI Group компаниясы бастама көтеріп, балаларға арнап осы кешенді өз қаражатымен салып беруді ұсынды. Әрине, негізгі жауапкершілік – сіздерде, ұстаздар мен тәрбиешілерде. Мемлекет тарапынан да, бизнес өкілдері тарапынан да барлық жағдай жасалып жатыр. Бірақ балаларды бағыттап, тәрбиелейтін – сіздер. Ертең осы жерден ел басқаратын азаматтар өсіп шығуы керек», – деді Дархан Сатыбалды.
Сондай-ақ бүгін қала әкімі Дархан Сатыбалды «Бағанашыл» балалар үйіне де барды. Әкім мұндағы қолданыстағы ғимаратты қайта жаңғырту және жаңа корпус салу жобасымен танысты. Жоба Integra Construction компаниясының демеушілігімен жүзеге асуда.
Құрылыс компаниясы бастама көтеріп, барлық шығынды өз мойнына алатынын айтты. Олар ғимаратты жөндеумен қатар, инфрақұрылымды жаңартып, балалардың жайлы өмір сүруіне қосымша жағдай жасауды жоспарлап отыр. Қазіргі ғимарат 1963 жылы салынған, әбден ескірген. Балалар үйі 165 орынға есептелген, қазір онда 122 бала тұрады.
Қала әкімі барлық қолға алынып жатқан іс-шаралар балалардың тәрбиесі мен дамуына қажетті жағдай жасауға, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға бағытталғанын айтты.
«Бұл жобаны жүзеге асырудың екі жолы бар. Біріншісі – бюджет есебінен қаржыландыру. Ол үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізіп, конкурс жариялау қажет. Мұндай рәсімдер шамамен үш жыл уақыт алады. Бірақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жұмыс келесі жылы толық аяқталуы тиіс. Бүгін мен «Жанұя» кешенінде болдым. Бұл нысанды кәсіпкер өз қаражатына салып, шамамен 6 млрд теңге жұмсады. Осы үлгіден шабыт алған тағы бір кәсіпкер аталған жобаны жүзеге асыруға дайын екенін білдірді», – деді Алматы әкімі Дархан Сатыбалды.
Қазір ғимаратқа инженерлік-техникалық тексеру жүргізіліп, жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр.
Тәрбиеленушілер мен қызметкерлер Алматы қаласындағы арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларға арналған №2 орталыққа уақытша көшірілді. Ал «Бағанашыл» ғимараты мен жер телімі қала балансына өтті. Бұл шешім Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдері бекіткен «Бағанашыл» мүліктік кешенін беру жөніндегі Жол картасы аясында жүзеге асырылды.