Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры – Республика тарихындағы тұңғыш қуыршақ театры. Ол 1935 жылы ашылып, ұлттық мәдениет пен театр өнерінің дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Қазіргі таңда театр халықаралық фестивальдерде жүлделі орындарға, шеберлігін шыңдап жүр.

Бүгінгі сұхбатымызда қуыршақ театрының қазіргі дамуы, шығармашылық бағыты және болашақ жобалары туралы әңгімелессек дейміз.
Сәлеметсіз бе, Алмат Амангелді мырза! Бүгін бізге уақыт бөліп, сұхбат беруге келіскеніңіз үшін үлкен рақмет! Алмат Амангелдіұлы, сіз осы театрда 5 жылға жуық қызметтесіз, сіздің бастамаңызбен халықаралық деңгейде жобалар ұйымдастырылуда, осыған тереңірек тоқтала өтсеңіз.
Өнердің қадір-қасиетін терең түсінген, сахна төрінен рухани азық іздеген көрермен үшін қуыршақ театрының орны ерекше. Осы театрда бес жылға жуық уақыт қызмет етіп, оның тыныс-тіршілігін, шығармашылық әлеуетін, көрерменмен байланысын тереңнен таныдым. Қуыршақ театры – ең нәзік, ең тылсым өнердің бірі. Ол тек баланың қиялын тербеп қана қоймай, ересектердің де жан дүниесіне жол табатын ерекше әлем. Сондықтан бұл өнерді тек жергілікті деңгейде қалдырмай, халықаралық кеңістікке шығару – менің азаматтық әрі шығармашылық міндетім деп білемін.
Қазіргі заманда мәдениет – ел мен елді жақындастыратын алтын көпір. Ал, қуыршақ театры сол көпірдің ең қажетті арналарының бірі. Осыны терең түсіне отырып, біз халықаралық байланыстарды нығайтуға, тәжірибе алмасуға, қазақ өнерінің көкжиегін кеңейтуге бағытталған жобаларды қолға алдық. Соның ең ауқымдысы – 2023 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан Халықаралық «Almaty Puppet Festival» қуыршақ театрлар фестивалі. Алғашқы жылы-ақ бұл бастама үлкен қызығушылық тудырып, Болгария, Грузия, Польша, Түркия, Өзбекстан және елімізден жалпы үздік 14 театр ұжымы бас қосты. Сахна төрінде әр елдің өзіндік қолтаңбасы, ұлттық бояуы, сахналық шешімі көрініс тауып, фестиваль мәдениеттер тоғысқан тағылымды алаңға айналды. 2024 жылы фестивальдің тынысы кеңейіп, географиясы одан әрі ұлғайды. Қытай, Түркия, Ресей, Польша, Чехия, Болгария, Өзбекстан, Әзірбайжан, Грузия, Башқұртстаннан келген өнер ұжымдары қатысып, 11 мемлекеттің 15 үздік театры өзара тәжірибе алмасты. Ал, 2025 жылы әлемнің 11 елінен іріктелген 14 шығармашылық ұжым – Қазақстан, Түркия, Ресей, Испания, Италия, Болгария, Иран, Әзірбайжан, Үндістан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің театрлары қатысып, бақ сынады. Спектакльдермен қатар шеберлік сабақтары, шығармашылық кездесулер, пікір алмасу алаңдары ұйымдастырылып, фестиваль мазмұны жағынан да, маңызы жағынан да тереңдей түсті.
Сонымен қатар, Халықаралық фестивальдерді ұйымдастыру ғана емес, қатысу да театр бағытының маңызды бөлігі болып саналады. Осы мақсатта қуыршақ театры ұжымы Канада, Франция, Болгария, Түркия, Грузия, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінгі халықаралық фестивальдерде үздік танылып, жүлделі орындарға ие болуда.
Қуыршақтың үнсіз тілі арқылы біз адамзатқа ортақ сезімдерді сөйлетіп, жүректен жүрекке жол тауып келеміз. Әр сахналанған спектакль – бір халықтың жаны, бір дәуірдің үні, бір өнердің тағдыры. Алдағы уақытта да осы игі бастаманы үзбей, оның мазмұнын байытып, аясын кеңейте беру – біздің басты мақсатымыз. Ағымдағы жылы фестивальді қайта өткізу жоспарымызда бар, әрі оны жаңа белеске шығарып, әлемдік мәдени кеңістікте өз орны бар айтулы оқиғаға айналдыруға күш саламыз. Өнер – шекара таңдамайды, ал сол өнер арқылы ел мен елді жақындату – біз үшін үлкен жауапкершілік әрі зор мәртебе.
Ұйымдастырылып жатқан бұл фестивальдің өзге фестивальдерден ерекшелігі қандай?
Халықаралық «Almaty Puppet Festival» қуыршақ театрлар фестивалінің өзгелерден дара тұратын өзіндік өзегі мен айрықша қолтаңбасы бар. Мен бұл ерекшеліктерді үш арнаға бөліп қарастырар едім. Біріншіден, бұл – өнер мен өркениеттің тоғысқан «Шығармашылық зертханасы». Біз фестивальде жай ғана спектакльдерді көрсетіп қана қоймай, кәсіби біліктілік арнасы ретінде қалыптастырдық. Мұнда әлемдік деңгейдегі қуыршақ театры майталмандардың қатысуымен өтетін шеберлік сағаттары мен авторлық дәрістерге баса мән беріледі. Сол арқылы әлемнің түкпір-түкпірінен келген театр ұжымдары өзара тәжірибе алмасып, өз елінің сахналық мектебін, көркемдік ізденісін, режиссуралық шешімдерін ортаға салып, шығармашылық диалог қалыптастырады. Екіншіден, фестиваль – Алматының туристік келбеті мен мәдени дипломатиясының алтын көпірі. Біздің жоба – қаламыздың туристік әлеуетін арттыруға тікелей қызмет етеді.

Алатаудың баурайындағы әсем Алматының төріне жиналған шетелдік қонақтар тек театрға келіп қана қоймайды, олар қаламыздың тарихымен, табиғатымен және қонақжайлылық мәдениетімен танысады. Осылайша, фестиваль арқылы Алматыны әлемдік «мәдени туризмнің» басты нүктелерінің біріне айналдырып отырмыз. Бізге келген әрбір өнерпаз – ертең өз елінде Алматының атын асқақтататын мәдениет елшісі. Үшіншіден, өзіндік бренд пен креативті индустрияның үлгісі. Қазіргі заманғы театр – тек сахнамен шектелмеуі тиіс. Біз фестивальдің бірегей брендтік өнімдерін қалыптастырдық. Ұлттық нақыштағы кәдесыйлар, фестиваль қонақтарына естелікке берілетін сыйлар біздің мәдени кодымызды танытуға арналған таптырмас құрал. Фестиваль Батыстың жаңашыл ізденісі мен Шығыстың терең танымы үндесіп, ұлттық дәстүрмен сабақтасады. Біз тамырымызды тереңнен тарта отырып, болашаққа батыл қадам жасап келеміз. Халықаралық «Almaty Puppet Festival» қуыршақ театрлар фестивалінің алар асуы биік екеніне сенімдімін.
2023 жылы Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрында жөндеу жұмыстары жүргізілгендігі мәлім. Осы бағытта нақты қандай жаңартулар жүргізілгенін атап өтсеңіз?
2023 жылы театр ғимаратында ауқымды ағымдағы жөндеу және жаңарту жұмыстары жүзеге асырылды. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – көрерменге де, шығармашылық ұжымға да барынша қолайлы, заманауи талаптарға сай мәдени орта қалыптастыру болды. Атап айтқанда, театрдың фойе аймағы толықтай жаңартылып, келушілерді қарсы алатын кеңістік жаңа көркемдік шешіммен безендірілді. Сахна кеңістігі қайта жабдықталып, оның техникалық мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейді. Көрермен залы да жаңғыртылып, жаңа, ыңғайлы әрі жұмсақ орындықтар орнатылды, бұл көрерменнің ұзақ қойылымдарды жайлы жағдайда тамашалауына мүмкіндік берді. Сонымен қатар, актерлер мен шығармашылық топ үшін маңызды саналатын дайындық залдары, грим бөлмелері толықтай жаңартылып, жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасалды. Киім ілетін және санитарлық-тұрмыстық аймақтар да заманауи талаптарға сай қайта жабдықталды. Ең басты өзгерістердің бірі – сахнаның техникалық жаңғыртылуы. Заманауи дыбыс жүйесі, жарық жабдықтары және сахналық технологиялар енгізіліп, театрдың көркемдік мүмкіндіктері жаңа деңгейге көтерілді. Бұл өз кезегінде режиссерлік шешімдердің ауқымын кеңейтіп, күрделі сахналық спектакльдердің жоғары сапада жүзеге асыруға жол ашты.
Жалпы алғанда, 2023 жылғы жөндеу жұмыстары театрдың материалдық-техникалық базасын нығайтып қана қоймай, оның шығармашылық әлеуетін арттырған, көрермен мен театр қызметкерлеріне бірдей қолайлы заманауи мәдени кеңістік қалыптастырған маңызды шешім болды.
Күні кеше Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрының 90 жылдық мерейтойы өтті. Осындай тарихи маусымда қандай ірі жобалар жүзеге асырылды?
Өнер ордамыздың тарихы 1935 жылдың 10 қазанынан бастау алады. Дәл осы күні Темірбек Жүргенов өңірлік қуыршақ театрын ашу туралы қаулыға қол қойған. Содан бері бұл дата театрдың туған күні ретінде аталып, түрлі шаралар өткізіліп келеді.
Алайда, 2025 жылғы мерейтой біз үшін айрықша маңызды болды. Осы атаулы датаға орай театр ішінен мұражай ашылып, онда тарихи қуыршақтар, халықаралық фестивальдер мен жобаларда табысталған құнды жәдігерлер және сирек фотосуреттер жинақталды. Спектакльге келген балалар мұражайдың 200-ден астам экспонаттарымен танысып, естелік суретке түсіп, театр тарихы жайлы мәлімет ала алады.

Сонымен қатар, театрдың шығармашылық жолы мен тарихын қамтитын «Тамыры терең театр: 90 жылдың ізімен» ақпараттық-танымдық кітабының тұсаукесері өтті. Бұл шара 2025 жылғы 10 қыркүйекте, 90-шы театр маусымының ашылуы аясында ұйымдастырылып, арнайы баспасөз конференциясында кітап пен мұражыйдың ресми ашылуы қатар жүзеге асты. Кітаптың тұсауын белгілі актер, режиссер, профессор, Қазақстанның халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов кесті.

Мерейтой аясында «Ортеке» спектаклінің премьерасы өткізілді. Бұл спектакль қазақ қуыршақ өнерінің бастауы саналатын көне «ортеке» қуыршағының мәні мен маңызын ашып, оның көркемдік әрі мәдени құндылығын көрерменге терең сезіндіруге бағытталды.

Сондай-ақ 2025 жылғы 10-14 қазан аралығында ІІІ Халықаралық «Almaty Puppet Festival» қуыршақ театрлар фестивалі өткізілді. Фестивальге Италия, Испания, Түркия, Болгария, Үндістан, Иран, Грузия, Әзірбайжан, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен үздік қуыршақ театрлары қатысты. Ашылу салтанатына қазақ театры мен киносының көрнекті тұлғасы, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов қатысып, ақ батасын берген болатын.
Ал 90 жылдық мерейтойдың ең үлкен жетістігі – театрымызға «академиялық» мәртебенің берілуі. 2025 жылдың желтоқсанында үкімет тарапынан бұл шешімнің қабылдануы ұжым үшін зор қуаныш пен жаңа шығармашылық серпін сыйлады.
Театр – үлкен шығармашылық ұжым. Сіздердің шетелдік өнер иелерімен тығыз байланыста екендеріңізді білеміз. Оған дәлел режиссер Николоз Сабашвилидің сахналаған «Мен кіммін...» спектаклі. Алда тағы қай елдің режиссерлерімен жұмыс жасауға ниеттісіздер?
Иә, өткен жылы көрермен назарына Грузиядан келген белгілі театр режиссері Николоз Сабашвилидің жетекшілігімен «Мен кіммін...» спектаклі ұсынылды. Бұл – ересек көрерменге арналған психологиялық драма, аудиовизуалды шешімдермен ерекшеленген заманауи туынды. Қойылым сыншылар мен көрермендер тарапынан жоғары бағаланды.

Айта кету керек, Николоз Сабашвилимен бұған дейін де ортақ жобалар жасадық. Екі жыл бұрын ол Николай Гогольдің әйгілі повесі негізінде «Шекпен» спектаклін сахналаған болатын. Бұл спектакль репертуарымызда айрықша орынға ие және өткен жылы Халықаралық «Ортеке» фестивалінде «Гран-при» жүлдесіне ие болды.
Біз Сабашвили мырзамен 2023 жылы танысып, бірлескен шығармашылық жұмыс туралы келіссөздер жүргіздік. Соның нәтижесінде 2024 жылы алғашқы жобамызды жүзеге асырсақ, 2025 жылы екінші мәрте ынтымақтастық орнаттық.
Жалпы, біз үшін ең бастысы – қазақ қуыршақ өнерін дамытуға үлес қосатын, кәсіби деңгейі жоғары, тәжірибесі мол режиссерлермен бірлесе еңбек ету. Осы тұрғыдан алғанда, Сабашвили мырзаның таланты мен тәжірибесі біз үшін аса құнды болды.
Алдағы уақытта да шетелдік режиссерлермен бірлескен жобаларды жалғастыру жоспарда бар. Қазіргі таңда бірнеше мамандармен байланыс орнату жұмыстары жүргізілуде. Нақты нәтижесін уақыт көрсетеді.
Қуыршақ театры жастарға үлкен мүмкіндіктер сыйлайтын өнер орны. Спектакль қоюға құлшынысы бар жастарға қандай мүмкіндіктер ұсынасыздар? Осы тұрғыдан алғанда қандай жоспарлар бар?


Театрымызда артист ретінде еңбек етіп жүрген талантты Болат Момынжанов пен Алияр Нұрәділ режиссер ретінде спектакль қоюға ниет білдірді. Театрдың көркемдік кеңесінде олар өз жобаларын қорғап, шығармашылық әлеуетін таныстырып, жауапкершілікке дайын екендерін көрсетті. Нәтижесінде аталған бастамаларға қолдау көрсетіліп, мүмкіндік берілді.
Нәтижесінде Болат Момынжанов 2024 жылдың басында «Етік киген Мысық» спектаклін, ал Алияр Нұрәділ 2023 жылдың соңында «Анасын іздеген Мамонт» спектаклін дебюттің режисерлік жұмыс ретінде сахналады. Бұл спектакльдер қазіргі таңда көптеген көрермендердің сұранысына ие.
Сондай-ақ, өткен жылы артист Шохан Құлназаровтың режиссер ретіндегі дебюттік жетекшілігімен «Наурыз құпиясы» спектаклі сахналанды. Бұдан бөлек, театрымыздың тігіншілері Мерей Ынтымақов пен Аяулым Белғожаева «Ортеке» және «Анасын іздеген Мамонт» спектакльдерінде суретші ретінде, ал даму бөлімінің қызметкері Дамир Амантай «Менің атым Қожа» спектаклінде инсценировка авторы ретінде өздерінің дебюттік жұмыстарын ұсынды. Олардың еңбектері де жоғары деңгейде бағаланды.
Жуырда Шохан Құлназаровтың режиссерлік жетекшілігімен «Алты жасар Алпамыс» фильмі негізіндегі жаңа спектакль, сондай-ақ Алияр Нұрәділдің режиссерлігімен тазалық тақырыбын арқау еткен жаңа спектакль көрермен назарына ұсынылмақ.
Жалпы, театрымызда шығармашылық бастамаларға әрдайым қолдау көрсетіледі. Театр қызметкерлері де, сахна өнеріне жаңадан қадам басып келе жатқан жас мамандар да өз идеяларын ұсынып, кәсіби деңгейін дәлелдей алған жағдайда, көркемдік кеңес олармен бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігін қарастыруға дайын.
Алмат Амангелді мырза, мазмұнды әңгімеңіз үшін үлкен рақмет. Сіздің пікірлеріңіз қуыршақ театрының тек балаларға арналған өнер ғана емес, үлкен мәдени құндылық екенін тағы бір дәлелдеді.
Шұғыла ДӘЛІБАЕВА