Алматыда 20 қазанда ECO Network ұйымының «Эко-Трак» жылжымалы қабылдау пунктінің қатысуымен кезекті экологиялық акция өтеді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Бұл жолы қабылдау пункті № 209 мектеп-гимназиясының аумағында жұмыс істейді.
Бастама қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін қалыптастыруға, қала тұрғындарының экологиялық сауатын арттыруға және қайталама шикізатты қайта өңдеуге тапсыруға жайлы жағдай жасауға бағытталған.
Акция барысында келушілер алдын ала сұрыпталған қайталама шикізатты қайта өңдеуге тапсырып, қалдықтарды бөлек жинау қағидалары мен материалдарды қайта пайдалану мүмкіндіктері туралы кеңірек ақпарат ала алады.
ECO Network ұйымының бұған дейінгі іс-шараларында қатысушылар пластикті қайта өңдеу үдерісімен танысып, велосипедпен іске қосылатын арнайы ұсақтағыштардың көмегімен пластик қақпақтарды өздері ұсақтап көрді. Мұндай интерактивті тәсілдер сұрыпталған қалдықтардың жаңа өнім өндіруге қажетті ресурсқа қалай айналатынын көрнекі түрде түсіндіруге мүмкіндік береді.
Бұған дейінгі көшпелі акция 18 қазан, жексенбі күні «Гагарин Парк» тұрғын үй кешенінің ауласында өтті.
Іс-шараны ECO Network экологиялық қауымдастығы ұйымдастырады. Ақпараттық серіктесі – «Eco Almaty» ЖШС.