Жарыстың мақсаты – бұқаралық велоспортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және тұрғындардың спортқа қызығушылығын арттыру, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
17-18 қазанда Алматыда D’Giro Almaty 2026 веложарысы ұйымдастырылды. Бұл туралы Алматы қаласы Спорт басқармасының өкілдері хабарлады.
Екі күнге созылған жарыс екі кезеңнен тұрды. Қатысушылар жалпы 60 шақырым қашықтықты еңсерді.
17 қазанда өткен бірінші кезеңде спортшылар қала көшелерімен 50 шақырым жүріп өтті. Қалалық бағыт ұзындығы 10 шақырым болатын бес айналымнан тұрды.
18 қазанда жарыстың екінші кезеңі ұйымдастырылды. Қатысушылар Royal Tulip қонақ үйінен «Медеу» биік таулы спорт кешеніне дейінгі 10 шақырымдық таулы бағытты бағындырды.
Жарысқа 18 жастан асқан, Халықаралық велосипедшілер одағының (UCI) талаптарына сай келетін техникалық жарамды шосселік велосипед мінген спортшылар қатысты.
Жарыстың ерекшелігі, қалалық бағыттағы жылдамдық сыны мен тауға өрлеуді біріктіруінде. Әсіресе, «Медеуге» дейінгі кезең қатысушылардан жоғары төзімділік пен жақсы физикалық дайындықты талап етті.
D’Giro Almaty бұқаралық велоспорттың дамуына серпін беріп, тұрғындарды белсенді өмір салтына баулуға және Алматының спорттық туризм орталығы ретіндегі әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.