немесе пітір-садақа беріп үлгердіңіз бе?
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы биылғы пітір-садақаның мөлшерін 2 келі ұнның нарықтағы орташа бағасымен есептеп, 535 теңге болып бекітілгенін бұған дейін хабарлаған болатын. Иә, қазір бидайдың өзі емес, оның ұн, талқан секілді өнімдері кеңірек қолданылады. Сол себепті діни басқарма пітір-садақаның құнын ұнмен есептеуді негізге алған болатын. Өйткені, шариғатта бидаймен қатар оның өнімдерімен де пітір-садақа беруге рұқсат етілген. Міне, Рамазан айы да аяқталды. Пітір-садақаңызды беріп үлгердіңіз бе?
Аида АРАЛБАЙҚЫЗЫ, тәрбиеші: Өз туысыңнан баста
Отағасымның жездесінің жақын туысының кішкентай баласы аурушаң еді, сол баланың еміне қаражат жинап жатыр екен. Туысқандардың ортақ чатына «Рамазан айындағы пітір-садақамызды сол кісіге жинап берсек» деген өтініш түскен-ді. Бірауыздан сол отбасына аудардық. Шариғатта да айтылған ғой, садақаны жағдайы төмен өз туған-туыстарыңыздан баста деп. Пайғамбарымыздың бір хадисінде «Садақаны туысына берген адамға екі сауап бар: бірі – туыстық сауабы, екіншісі – садақа сауабы» делінген екен. «Тамшыдан – теңіз» дегендей, дімкәс бала аяқтан тұрып кетіп жатса, одан асқан сауап болмас біз үшін!
Айнұр НҰРЖАН, кәсіпкер: Садақа беру – шүкірлік ету
Иә, әр мұсылманның парызы болып саналатын пітір-садақаны биыл да бердік. Отбасылық шағын бизнесіміз бар. Жұмыскерлеріміздің дені ата-анасынан, отбасынан жырақта жүрген дипломсыз жастар, оқуда жүрген студенттер. Күйеуім биылғы пітір-садақаны сол жастарға артығымен таратып берді. Жалпы, садақа беру – шүкірлік ету. Алланың бізге берген нығметін сезіну деп білемін өз басым.
Арсен САТЫБАЙ, такси жүргізушісі: Ұлыммен бірге бардым
Мен жұма намазынан қалмай, мешітке баратын мұсылмандардың бірімін. Шыны керек, кейде мешіт алдына көлігіңді қоятын орын таппай қиналсаң да, «Алла үйінің алдында тұрмын ғой» деп өзіңді ашуға бой алдырмауға, сабырға шақырасың. Исламның өзі адамды тәрбиелейтін үлкен құрал ғой түсіне білген адамға. Пітір-садақамды мешіт жәшігіне апарып салдым. Және сол күні жаныма кішкентай ұлымды ертіп алдым. Садақаның не екенін, мән-маңызын ұқсын, сезінсін деп. Балалар мейірімді, қайырымды болып өссе, қарттығымызға алаңдауға еш негіз жоқ деп білемін.
Талшын АЛАНҚЫЗЫ, көкөніс сатушы: Бастысы – сенім
Шыны керек, «әне берем, міне берем» деп жүріп, пітір-садақамды кеше ғана салдым. Қазір банк қосымшасынан да ашып қойған ғой, қолыңыздағы ұялы телефонмен қай түкпірде жүрсеңіз де, қалаған мешітіңізге аудара қоясыз. Ең бастысы – пітір-садақамды адал еңбегіммен тапқан қаражатымнан аудардым. Өткенде әлеуметтік желіде бір имамның мешіт алдында тұрып, өткен-кеткен ағайынға пітір-садақа туралы құлағдар етіп тұрған видеосы тарады. Оны кейбіріміз мұнысы несі деп сынап жаттық. Меніңше, ораза айының аяқталып қалғанын, пітір-садақасын беріп үлгермегендерге құлаққағыс етіп тұрған болар, онда тұрған еш сөкеттік жоқ деп ойлаймын. Садақа бізді тосын апаттардан, ауру-сырқаудан, жамандық атаулыдан сақтайды деп сенемін. Бастысы – сенім.
Сәрсенбай АСХАТТЕГІ, ұстаз: Көршіге қарайластық
Көршім неше жылдан бері дімкәс бала бағып отыр. Өзі жалғызілікті әйел. Бала күннен-күнге өсіп ауырлап барады, сонда да қайран шеше баласын қоларбаға көтеріп алып отырғызып, көтеріп-түсіріп жатады. «Алла сынағын көтере алатын адамға береді» деген сөз рас-ау деп қаламын кейде. Мектеп-интернатқа өткізуге қимайды екен, әйеліме айтып жылап алатын көрінеді кейде. Алладан да қорқатын шығар, кім білген. Пітір-садақамызды көршілер болып сол әйелге жинап бердік. Жұмыстағы біраз әріптесіме де айтып, олар да есепшотына аударды. Қуанып қалыпты. Жай күндері де келіншегім тәтті, дәмдісін, жаңа киімдер апарып беріп жүреді. Оған қуанбасам, ренжімеймін.
Жамал ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ, журналист: Балаларды қуанттық
Біз ұжымдағы еден жуатын, үш баласы бар жесір анаға жинап бердік пітір-садақамызды. Әрине, басында баспанасы, жұмысы бар әйел ғой. Дегенмен, балаларының алды 18-де екен. Қатарынан қалмай жақсы киінгісі келеді дегендей қазіргі бала. Біз сөйтіп күнделікті жанымызда жүрген әйел-ананы, желкілдеп өсіп келе жатқан балаларын қуантқымыз келді. Бар ниетіміз сол. Кеше сұраcам, «үшеуіне де өздері қалаған киімдерін алып бердім» деп қуанып тұр. Бала – періште, ал періште қуанса, әлем де қуанып тұр деген сөз.
Әрине, садақа бергенді жасырып ұстау, міндетсінбеу керек деген бар. Дегенмен, сіздің сауалыңызға орай, әрі пітір-садақаны шын ықыласпен ұсынғанымызды жеткізгім келіп тұрғаны. Оның үстіне, қайырымдылық қадамдары жас ұрпаққа үлгі болуы керек.
Тақырыпқа орай
САДАҚА БЕРУ:
– ризық-несібеңізді арттырып, табысқа жетелейді,
– күнәларды жояды;
– ауру мен келер апаттан қорғайды;
– мұқтаждарды қуанышқа бөлейді;
– қабір азабынан сақтайды.