ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында авиация саласын одан әрі дамыту мәселелері қаралды.
Көлік министрі Марат Қарабаев биылғы 11 айда отандық әуе компаниялары 12,3 млн жолаушы тасымалданғанын, бұл өткен жылмен салыстырғанда 23%-ға артық екенін мәлімдеді. Жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткішті 13 млн жолаушыға жеткізу жоспарланып отыр.
Әуежайларда қызмет көрсету көлемі 25%-ға артты. Алматы мен Астанада айтарлықтай өсім байқалады, онда биыл рекордтық көрсеткіштер тіркелді – 9 млн (+34%) және 7 млн (+26%) жолаушыға қызмет көрсетілді.
Сонымен қатар әуежайларда қызмет көрсетілген жүктердің көлемі де артты. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 130 мың тоннаны құрады. Өткен жылмен салыстырғанда өсім – 16%.
Әуе тасымалдарына өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін әуежайлардың инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Келесі жылы Шымкент, Қызылорда және Алматыда жаңа жолаушылар терминалдарының құрылысы аяқталады. Нәтижесінде Алматы әуежайының өткізу қабілеті 5 есеге артып, 14 млн адамға дейін, Қызылорданікі 6 есеге артып, 2 млн адамға дейін, Шымкенттікі 7 есеге артып, 6 млн адамға дейін артады.
Келесі жылы БАӘ инвесторы астаналық әуежайдың ұшу-қону жолағын өз қаражаты есебінен реконструкциялауға кіріседі, бұл – жаңа басқарушы компанияның алдына қойылған бірінші кезектегі міндеттердің бірі.
Сондай-ақ 2024 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Павлодар қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын, сондай-ақ Балқаш қаласы әуежайының жүру жолағы мен перронын реконструкциялау жұмыстары басталады.
Сонымен қатар Қарағанды әуежайында инвестор ұшу-қону жолағын жаңғыртып, оны қажетті арнайы техникамен жабдықтауды жоспарлап отыр. Оған қоса Ақтөбе, Түркістан және Қызылорда әуежайларын осы салада тәжірибесі бар ірі жаһандық инвесторларға сенімгерлік басқаруға беру туралы келіссөздер жүріп жатыр.
Премьер-Министрдің айтуынша, биыл 16 халықаралық маршрут ашылды және қайта жанданды. Келесі жылы Куала-Лумпур, Сингапур, Токио және басқа қалаларға жаңа рейстер ашу жоспарланып отыр.
Оған қоса әуежайлардың инфрақұрылымы да қарқынды дамып келеді.
«Осы салаға келген жеке инвесторлар қазірдің өзінде әуежайларды дамытуға $2,1 млрд-қа жуық қаражат салды. Атап айтқанда, Алматыда перронды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ жүктерді өңдеу рәсімдерін жетілдіру шаралары қолға алынды. Шымкентте жаңа жолаушылар терминалының құрылысы аяқталуға жақын. Астанада БАӘ-ден келген компания ұшу-қону жолағын реконструкциялауды, карго-терминалын кеңейтуді жоспарлап отыр», — деді Әлихан Смайылов.
Оған қоса бұл салада шұғыл шешімдерді қажет ететін өзекті мәселелер жоқ емес. Атап айтқанда, негізгі мәселенің бірі – авиаотын тапшылығы, ол жылына шамамен 300 мың тоннаны құрайды.
«Мәселені шешу үшін отын жеткізу каналдарын әртараптандырып, оны сақтауға арналған тиісті инфрақұрылымды дамыту қажет», — деді Премьер-Министр.
Сонымен қатар Үкімет басшысы әуежайларды дамыту да қосымша шараларды талап ететінін айтты. Атап айтқанда, әуежай инфрақұрылымын дамытып, жүктер мен жолаушыларды рәсімдеу процестерін толық автоматтандыру қажет.
«Бұл 2030 жылға қарай өңделетін жүк көлемін жылына 130 мың тоннадан 1 млн тоннаға дейін, ал жолаушылар ағынын 25 млн адамға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді», — деді Әлихан Смайылов.
Тағы бір өзекті проблема – саланы кадрлармен қамтамасыз ету. Бүгінде ұшқыштар, инженерлер мен техникалық персоналдар жетіспейді.
«Рейстердің кешігуі де қалыпты әдетке айналып барады. Оған қолайсыз ауа райы ғана себепші емес. Сондықтан әуе компаниялары жолаушылар мен ұшақтарға қызмет көрсету сапасын жақсартып, әуе паркін кеңейтуі қажет», — деді Үкімет басшысы.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Премьер-Министр әуежайлар аумағында мультимодальды көлікті пайдалану мүмкіндігін беру мәселесін пысықтауды, транзиттік жүктерді рәсімдеуді жеңілдетіп, тиісті технологиялық процестерді оңтайландыруды тапсырды.
Одан бөлек Үкімет басшысы қажетті авиаотын көлемімен қамтамасыз ету шараларын қабылдау, оны сақтауға арналған тиісті инфрақұрылымды құру, сондай-ақ азаматтық авиация саласында мамандар даярлау үшін қосымша гранттар бөлуді қамтамасыз ету қажеттігін айтып өтті.