X (Twitter), Meta, TikTok онлайн-платформаларында жалған ақпарат тарауы мүмкін
ХАМАС пен Израиль арасындағы қарулы қақтығыс Таяу Шығыстағы онсыз да күрделі жағдайды одан сайын шиеленістірді. Палестиналық ислам қозғалысының Израильге шабуылы, кейін Израильдің жауабынан 1000-нан аса адам мерт болды. Бұл қайғылы жағдай тек аймаққа ғана емес, әлемнің басым бөлігіне әсер етті. Араб елдерінде, Еуропаның бірқатар елдерінде, АҚШ-та Палестинаны қолдаған наразылық акциялары өтті. Еуропада, АҚШ-та Израильді қолдап, наразылыққа шыққандар да жеткілікті. Демек, алыс болса да Таяу Шығыстағы жағдай әлемнің кез келген түкпіріне әсер етуде. Қоғамдық пікірді әлеуметтік желілер қалыптастыруда.
АЛДЫМЕН ВИДЕО БОЛҒАН...
Адамзатқа жаратушыдан түскен 4 кітаптың бірінде «Алдымен сөз болған» деп басталады. Ежелгі грек философы Платон «идея» мәңгілік өмір сүреді деген. Философтың ойынша оған уақыт пен кеңістік шектеу емес. Бұл пікірлердің шынайы екеніне қазір көзіміз жетіп отыр. Десе де, заман өзгерді. Төртінші өндірістік революция цифрлық әлемге жол ашты. Бұл әлемде сөз емес, видео контент алдыңғы қатарға шықты.
Видео контенттің пайда болуы кино индустриясымен байланысты. Үнсіз фильмдерді көріп, ондағы актерлер мен режиссердің не айтқысы келгенін түсінеміз. Чарли Чаплиннің фильмдерін еске түсірсек жеткілікті. Ал XXI ғасырда әлеуметтік желілердің қарыштап дамуы бұл үрдісті күшейтті.
Газетіміздің №81 санында: «Франциядағы наразылық: әлеуметтік желі отқа май құйды» атты тақырыпта сараптамалық мақала жариялаған едік. Оған 17 жасар Наэль есімді жасөспірімнің өлімі себеп болды. Биыл 27 маусымда Францияның Нантер қаласында наразылық оты тұтанған болатын. Сол кезде әлеуметтік желі отқа май құйды. TikTok пен Snapchat онлайн-платформаларында полицияның жасөспірімге оқ атқан видеосы тарады. TikTok-ты жиі қолданатын жасөспірімдерге бұл қайғылы оқиға қатты әсер етті. Тек Франция ғана емес, оған көрші елдердің жастары наразылық акцияларын ұйымдастырды. Себебі, қаза болған Наэльдің тегі мигрант еді.
Мұндай жағдай ХАМАС пен Израиль арасындағы қарулы қақтығыста қайталанды. Әлеуметтік желілерде тараған жалған ақпарат пен видео контент араб әлемінен келген Еуропадағы мигранттардың наразылығын тудырды. Олар Париж, Лондон, Берлин, Будапешт, Барселона сияқты қалаларда палестиналықтарды қолдап наразылыққа шыққан. Сонымен қатар, Израильді қолдаған акциялар да өтті.
Жалған ақпарат пен видео контент ең бірінші X (бұрынғы Twitter) платформасында тарады. Тіпті платформаның басшысы Илон Масктың өзі 8 қазанда қолданушыларды тек фактіге сүйенуді өтінді. Ал 12 қазанда онлайн-платформа жалған ақпарат таратуы мүмкін деп Еурокомиссия ресми хат жолдады. Бұл хат тергеудің басталуына түрткі болуы мүмкін. Енді 19 қазаyда мұндай күдікке Meta (Instagram, Facebook), TikTok та ілінді. Ресми өкілдерге ресми хат жолданды.
ЕО ӘЛЕУЖЕЛІНІ РЕТТЕМЕК
X (Twitter), Meta, TikTok миллиондаған қолданушысы бар онлайн-платформалар. Олардың жұмысын ретке келтіру жайлы бастама 2020 жылы көтерілді. Еуропалық комиссия 15 желтоқсанда Цифрлы қызмет жайлы заң жобасын Еуропалық парламент пен Еурокеңеске ұсынды. Digital Services Act немесе қысқаша DSA деп аталатын заң жобасы онлайн-платформалардағы жалған ақпаратпен күресу және де ақпаратты тұтынушы мен платформаны қолданушы жеке әлде заңды тұлғаның құқығын қорғау мақсатында жасалған еді.
Ұзақ уақыттан кейін биыл 25 тамызда заң қабылданып, күшіне енді. Енді ірі онлайн-платформалар құқыққа қайшы ақпарат тарату, өшпенділікті, жалған ақпарат пен коммерциялық алаяқтықты таратқаны үшін заң алдында жауап береді. Бастапқыда заң жобасын ұсынушылар ресейлік үгіт-насихатқа тосқауыл қою үшін мұндай қадамға барғанын жасырған жоқ. Сондықтан тек онлайн-платформаларды реттеу емес, геоцифрлық саяси текетірестен қорғану үшін де осы заң қабылданды.
Енді қандай ірі платформа болмасын заңды бұзса, Еуропалық сот алдында жауап береді. Заң алғаш рет қазан айында X (Twitter), Meta, TikTok сияқты платформаларға қолданылды. Алайда, әлемде мұндай мысалдар жеткілікті. Бір ғана АҚШ-тағы Facebook-тің негізін қалаушы Марк Цукербергке де қатысты соттар өткенін айтсақ болар.
ҚАЗАҚСТАН ДА КӨШТЕН ҚАЛМАЙДЫ
2021-2022 жылдары азаматтық қоғамды балаларды қорғауға қатысты заңға өзгерістер енгізу туралы бастама дүрліктірді. Ел арасында «Сарым-Закиева» деп аталып кеткен өзгерістер бойынша әлеуметтік желілерге шектеу қою қарастырылған еді. Құзіретті орган интернет-ресустарды, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің жұмысын тоқтатуға шексіз өкілеттік алуы мүмкін еді. Алайда, қоғамдағы даудан соң Сенат бұл норманы өзгерту керек деп Мәжіліске жіберді. Бұл өзгерістен соң былтыр 3 мамырда Мемлекет басшысы заңға қол қойды.
Биыл 10 шілдеде «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң қабылданды. Заңның мақсаты – онлайн-платформалардың жұмыс істеуінің, сондай-ақ онлайн-жарнаманы жасаудың, орналастырудың, таратудың және сақтаудың, құқыққа қайшы контентті болғызбаудың және оның жолын кесудің құқықтық негіздерін айқындау. Сондай-ақ, заңның басты ерекшелігі мемлекеттік тілдің қолданылу аясы кеңейеді. Десе де, азаматтық қоғамның заңға қатысты көкейдегі күмәнін түсінуге болады. Заң шынайы жұмыс істеуі үшін еліміздегі Сот жүйесі мен құқық қорғау саласы Еуропалық Одақтағы деңгейде жұмыс істеуі тиіс.