Бұл – дүние жүзіндегі ең қымбат кітаптар мен қолжазбалар.
Әлемге әйгілі тұлғалардың қолжазбалары, діни мәтіндердің ең көне басылымдары және өзге де тарихи құнды кітаптар аукциондарда қыруар ақшаға сатылып жатады.
"Мормон кітабы", 1830 жыл
2017 жылы жеке сатылымда 35 миллион долларға сатылды.
Бұрын-соңды сатылған ең қымбат антиквариат кітаптарының ішінде рекорд орнатқан – мормонизмнің негізін қалаушы Джозеф Смиттің аузынан жазып алынған "Мормон кітаптарының" түпнұсқа типографиялық қолжазбасы. Болжам бойынша, ол Смиттің 1820 жылдары Нью-Йорк штаты Пальмирдегі үйінің жанынан табылған алтын тақтайшалардағы мәтіндердің аудармасы негізінде жасалған.
Кейін бұл қолжазба мәтіндерді теру үшін Э.Б. Грандиннің жергілікті баспаханасына жеткізілген. Содан кейін ол дамып келе жатқан мормон шіркеуінің мүшелерінің біріне сақтауға берілді. Сөйтіп, 1903 жылға дейін шіркеудің иелігінде болды.
"Лестер кодексі", шамамен 1506-1510 жылдар
1994 жылы Christie's аукционында $30,8 млн долларға сатылды.
72 беттен тұратын мәтінді 1994 жылғы қарашада технологиялық магнат Билл Гейтс сатып алды. Жазбаның мұншалықты қымбат болуының себебі – оның авторы Леонардо да Винчи. Ғылым туралы ойларын жеткізетін 300-ден астам иллюстрация мен жазбасы бар күнделік тәрізді кітап әйгелі суретшінің 20-ға жуық ұқсас жинақтарының бірі.
Кітаптың атауы оның соңғы иесі – Лестер графының есімімен аталып кеткен. Дегенмен оны 1980 жылы сатып алған Арманд Хаммер техникалық тұрғыдан атауын "Хаммер кодексі" деп өзгертті. Хаммер өз коллекциясын Калифорния университетінің аттас Хаммер мұражайына қалдырды.
"Еріктіліктің ұлы хартиясы", 13 ғасыр
2007 жылы Sotheby's аукционында 21,321 миллион долларға сатылған.
Бұл – көне заманғы антикварлық қолжазба. 13 ғасырда құрастырылған "Еріктіліктің ұлы хартиясы" Кентербери архиепископының ең алдымен, ағылшын королінің іс-әрекетін реттеу және оның халқы арасында ортақ құқық сезімін орнату үшін жасаған корольдік хартиясы болды. Құжаттың бастапқы әсері екіұшты болғанымен, ғасырлар өткен соң тарихшылар мен саясаткерлер оған құқықтық жүйе негіздерінің бірі ретінде сүйенеді. Англия королінің мөрімен бекітіліп, керемет сақталған бұл нақты басылым тарихтың маңызды бөлігі болып табылады.
"Нортумберленд бестиариясы", шамамен 1250-1260 жылдар
2007 жылы жеке сатылымда шамамен 20 миллион долларға сатылған.
Бұл біздің тізімдегі ең танымал әрі жұмбақ мәтіндердің бірі. XIII ғасырда Англия қолжазбаларды көшіру шеберханасында жасалған бұл готикалық дәуір кітабы жүзден астам ортағасырлық суретпен бірге, шынайы және мифтік аңдардың сипаттамалары мен талқылауларының фантастикалық, ертегіге ұқсас жинағы болып табылады. Бұл кітапты кім құрастырғаны белгісіз. 1990 жылы Sotheby's аукционында алғаш рет пайда болды. 2007 жылы оны Дж. Пол Гетти мұражайы ашылмаған сомаға (бірақ көптеген бағалаулар бойынша шамамен 20 миллион долларға) сатып алған.
"Кутберт Інжілі", VII ғасыр
2012 жылы Sotheby's аукционында 14 300 000 долларға сатылды.
Бұл біздің тізімдегі ең көне кітаптардың бірі саналады. VII ғасырға жататын бұл шағын мәтін оның авторы Линдисфарн епископы Әулие Кутбертпен бірге жерленді, бірақ XII ғасырда викингтер шапқыншылығы кезінде қайта табылды. "Кутберт Інжілі" ең көне түпнұсқа мұқабасымен ерекшеленеді. 17 ғасырдың басында кітап Бельгиядағы иезуит қауымдастығына сыйға тартылғанға дейін жеке меншікте болған. Оны Ұлыбритания кітапханасы цифрланған қолжазбалар онлайн дерекқорынан көруге болады.
"Массачусетс Забур кітабы", 1650 жыл
2013 жылы Sotheby's аукционында 14,165 миллион долларға сатылды.
"Массачусетс Забур кітабы" – Солтүстік Америкада басылған алғашқы кітап ретінде кеңінен танылған мәтін. Бұл кітап алғашқы қоныс аударушылар келгеннен кейін бірнеше онжылдықтар өткен соң шығарылды. Оны колонияларда дұға кітабын пайдалану үшін Англиядан баспаханасымен бірге жіберілген Стивен Дайе басып шығарды. Бұл кітаптың он бір данасы ғана сақталғаны белгілі.
"Ротшильдің сағаттар кітабы", шамамен 1505-1510 жылдар
2014 жылы Christie's аукционында 13 миллион долларға сатылды.
XVI ғасырдағы суреттелген қолжазба Фландрияда жасалған және бастапқыда Нидерланды корольдік сотына арналған болуы мүмкін. Бұл кітаптағы керемет иллюстрацияларды жасауға сол дәуірдің әйгілі кескіндеме шебері Герард Дэвид қатысқан. Аталған антикварлық кітап та өз атауын иесі – әйгілі Ротшильдтер отбасынан алады. Өйткені құжаттарға сәйкес, ол XIX ғасырдың аяғында Ансельм фон Ротшильд жинағының бөлігі болған. Және 2014 жылы Christie's аукционына шыққанға дейін отбасы мұрагерлеріне өтіп отырған.
"Америка құстары", 1827-1838 жылдар
2018 жылы Christie's аукционында 9,65 миллион долларға сатылды.
Бұл Джон Джеймс Одюбонның 19 ғасырда жазған кітабы. Бір кездері Портленд герцогінің коллекциясына енген бұл төрт томдық тұңғыш шыққан күйінде, бүлінбей сақталған. Әр парақтың түс қанықтылығы, сондай-ақ бір кездері ағылшын корольдерінің мұқабашысы болған Джон Маккензидің жасаған мұқабасы сол күйі сақталып тұр. 15 данадан аз тиражбен құжатталған бұл мәтінде толық көлемде бейнеленген және қолмен боялған құстардың 1000-нан астам түрі көрсетілген.
"Бомберг талмуды", бірінші (1519-1520) және екінші (1525-1539) басылымдар
2015 жылы Sotheby's аукционында 9,3 миллион долларға сатылды.
Даниэль Бомберг басып шыққан бұл кітапта библиялық заң туралы раввиндік даулардың негізгі сәттері жинақталған. Еврей тілінде басылған жинақ XVI ғасырдағы Еврей ғалымы Ричард Бруарнға арналған, бірақ қандай да бір жолмен Вестминстер аббаттығының мұрағатына еніп, онда көптеген жылдар бойы сақталып келген.
Бұл басылым өзінің ауқымдылығымен ғана емес, сонымен қатар көркемділігімен де ерекшеленеді. Бомберг пен оның венециандық баспаханалары өздерінің мұқабалы кітапшаларының әсемдігімен танымал болды. Талмудтың бұл жиынтығы осы әсемдікті көрсетеді және бүгінгі күнге дейін толық көлемде сақталған 14 дананың бірі болып табылады.
Құран фрагменті, VII ғасыр
2008 жылы Christie's аукционында 4,9 миллион долларға сатылды.
Бұл Құран көшірмесі парағының фрагменті антикварлық ислам мәтіндері үшін жаңа рекорд орнатты. Мәтіннен алынған бұл парақта Ән-Ниса сүресінің бөлігі көрсетілген. Бұл мәтін Құранның алғашқы басылымдарында жиі қолданылатын Араб каллиграфиялық жазуының бір түрі – хиджази шрифтімен жазылған.