Бостандық ауданында инженерлік желілер мен жол инфрақұрылымын жөндеу жұмысы жалғасып жатыр, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Мұнда 154 шақырым кабель желісі жаңғыртылып, сумен жабдықтау, кәріз, жылумен қамту мен газ желісі жаңартылып, жолдарға орташа және ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Ауқымды қазба жұмысының себептері мен мердігерлерді бақылау туралы аудан әкімі Азамат Қалдыбеков Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтып берді.
Инвестициялық бағдарлама аясында ауданда 154 шақырым электр желісін жаңғырту басталды. Жаңа желілер ПС-6А, ПС-3А мен «Алатау» қосалқы станциясынан тартылады. Бұл ауданның электр желісінің тозу деңгейін 25%-ға төмендетуге мүмкіндік бермек.
Тағы сегіз нысанда 7,3 шақырым су құбыры мен кәріз желісі ауысып жатыр. Бұл жұмыс Бұқар жырау, Басенов пен Сырғабеков көшесін, «Орбита-1» мен «Орбита-3» шағын ауданын, сондай-ақ №145 мектеп аумағын қамтиды.
Жылумен қамту саласында сегіз нысанда күрделі жұмыс қолға алынды. Оның қатарында Масаншы көшесіндегі жылу магистралін, Березовский көшесіндегі сорғы станциясын, Көктем-3 шағын ауданындағы орталық жылу желісі мен элеваторлық торап, қаланың бірнеше көшесіндегі желіні жаңғырту бар. Бұдан бөлек, 12 нысанда газ инфрақұрылымы жаңарады. Атап айтқанда, Әл-Фараби даңғылы мен Жароков көшесіндегі, Абай даңғылынан Си Синхай көшесіне дейінгі аралықтағы жерасты газ құбыры жөнделе бастады.
«Қазба жұмысының қашан аяқталатынын сұрап, наразылық білдіріп отырған тұрғындардың талабы орынды. Алайда жер астында қырық жыл бойы жаңартылмаған құбыр жатса, жаңа асфальт төсегеннен пайда жоқ. Қыс мезгілінде апат болған жағдайда жолды бәрібір қайта ашып, жөндеуге тура келеді. Сондықтан алдымен инженерлік желілерді ретке келтіріп, содан кейін жол жамылғысын қалпына келтіру қажет», – деді Азамат Қалдыбеков.
Аудандағы 17 көшедегі жалпы ұзындығы 17,2 шақырым жол орташа жөгндеуден өтті. Қараша айының соңына дейін тағы 19 көшедегі, ұзындығы 12,9 шақырым болатын жол учаскесіндегі жұмыс аяқталып қалады.
Бұдан бөлек, аудан әкімінің аппараты 39 мың шаршы метр жолдағы шұңқырды бітеп шықты. Инженерлік желілердің 1000-нан астам люгі мен жаңбыр суын қабылдайтын құдықтары өздігінен деңгейленетін, яғни «қалқымалы» люктерге ауыстырылды. Жалпы аумағы 6 мың шаршы метр болатын техникалық тротуарлар брусчаткамен абаттандырылды.
Жыл басынан бері «Алматықалажарық» кәсіпорны сыртқы жарықтандырудың 400 тірегін бөлшектеп, жаңаларын орнатты, 3 мыңнан астам шамды ауыстырды және 39 кабель желісін оқшауланған сыммен қайта тартты.
«Құбырды төсеу мен тексеру жұмысы аяқталғаннан кейін мердігерлер қазылған учаскені қалпына келтіріп, үш тәулік, яғни 72 сағат ішінде асфальт төсеуге міндетті. Жұмысты созып, тұрғындарға қолайсыздық жасаған компанияларға 45 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Үш мердігерге қатысты сотқа талап-арыз берілді. Оларды лицензиясынан айыру мен сенімсіз ұйымдар тізіміне енгізу жағы қарастырылып жатыр», – деді әкім.