ffin.kz

Алаштың абызы

Алаштың абызы Inform.kz

Классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов 98 жасқа қараған шағында дүниеден өтті


Кеше қазақ елі аса көрнекті қаламгер, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы, қазақ әдебиетінің патриархы, Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовті соңғы сапарға шығарып салды. Қаралы жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин оқып берді.


«Әбдіжәміл Кәрімұлы – сұрапыл соғысты бастан кешіп, елге оралған соң қазақ әдебиетін өркендетуге сүбелі үлес қосты. Ұзақ жылғы шығармашылық қызметі жемісті болды. «Қан мен тер» трилогиясы, «Соңғы парыз» дилогиясы сияқты туындылары сыншылар мен оқырмандар тарапынан жоғары баға алды. Заман жүгін көтерген романдары әлемнің көптеген тілдеріне аударылды. Әбдіжәміл Кәрімұлының жаңа белесті бағындырған қазақ әдебиетін шет елге танытуға сіңірген еңбегі орасан зор. Ол ұлт руханиятының көшбасшысы болды.



Әбдіжәміл Нұрпейісов адам жанын терең түсінетін, түрлі тағдырдың бейнесін көркем суреттей отырып оқырманға жеткізген ойлы, кең тынысты жазушы болатын. Өмір бойы қолынан қаламы түскен жоқ. Қазақ елінің рухани-мәдени саласын дамыту жолында өлшеусіз қызмет атқарды. Ол - ұлт классиктерінің жолын лайықты жалғастырған қуатты қаламгер. Солайша өзі де қазақ әдебиетінің патриархына айналды.



Әбдіжәміл Нұрпейісовтің соңында ұрпаққа үлгі, ұлысқа игілік болатын шығармалары қалды. Елге ес, сыртқа сес болған жазушының енді екінші өмірі басталды. Өнегелі ғұмыр кешіп, соңында мол мұра қалдырған Әбдіжәміл Кәрімұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды. Халқымыз есімін әрдайым ардақ тұтады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», делінген көңіл айту жеделхатында.


Қаралы жиынды мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетов жүргізді. Жиынға Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаев, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков, Бақытжан Сағынтаев, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының басшылығы, басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты. Ғасырға жуық жасаған абыз Кеңсайда жерленді.


 


Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы, драматург:


АЛЫП БӘЙТЕРЕГІМІЗ ЕДІ



– Қазақ әдебиеті, қазақ мәдениеті, қазақ рухы үшін Әбдіжәміл Нұрпейісов алып бәйтерегіміз, біздің еменіміз еді. Қайда барсақ та, Әбекеңді бетке ұстаушы едік. Қазақ сөзінің ең қызғанышпен қарайтын сақшысы еді. Бір сөзің ағат кетсе кешірмеуші еді. Әбекеңнің жүрген жері роман-комедия болатын. Мені көрген сайын баласындай жақсы көріп, ақылын айтатын. Енді кім маған «балам» дейді, мен оған жақын едім. Ұлттық әдебиетімізді әлемге танытқан Абай мен М.Әуезовтен кейінгі ұлы тұлға Әбекең еді. Ат тұяғын тай баса ма, баспай ма, ол бір Аллаға аян. Барша қазақ халқына, марқұмның артында қалған ұрпағына амандық тілеп, көңіл айтамын.



Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ, мемлекет және қоғам қайраткері:


«ӘР КҮНІ, ӘРБІР СӘТІ – ТАҒЫЛЫМ...»



– Әбдіжәміл қазақтың қаны мен тері ғана емес, қазақтың жаны мен ары еді. Ұлт руханиятының алтын дәуірі еді. Бүгінгі жоқтаудың қасіреті де, міне, осында. Десе де, «өкінішке – жұбаныш» деген. Кеудесіне нұры төгілген асылдың жанары өшсе де жақсы істері өшпейді. Әбеңнің жасаған ғасырының әр күні, әрбір сәті – тағылым. Қан майданда қару ұстап, елін қорғаса, бейбіт күнде қалам ұстап, ұлтының рухын шыңдады. «Қан мен тер», «Соңғы парыз» дилогиясы сынды озық туындылары ұлттық әдебиет үшін ғана емес, әлем әдебиеті үшін де баға жетпес рухани мұра, мәңгі тозбас қазына болып қалары анық. Ел есінде де осындай, халқын шексіз сүйген ақжүрек жүзі мен өмірдегі азаматтық ізі қалды.



Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА, Қызылорда облысының әкімі:


ХАЛЫҚ ЖАДЫНДА МӘҢГІ САҚТАЛАДЫ



– Аралда туып, Алаштың арысы атанған Әбдіжәміл Нұрпейісов шығармашылық ғұмырының тең жартысын туған жері Аралға арнады. Өзінің философиялық толғамдарында ол адам мен табиғаттың байланысын терең суреттеп, жазбаларын Арал проблемасына арнап келді. «Не жазсам да халқым үшін» деп қаламын тербеген Әбдіжәміл Нұрпейісов «Соңғы парызын» орындап кетті. Қазақ әдебиетінде ойып тұрып орын алатын қаламгер халық жадында мәңгі сақталады.



Мереке ҚҰЛКЕНОВ, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары:


АЛТЫ АЛАШТЫҢ АРДАҚТЫСЫ



– Қазақ халқы тағы бір аяулы ұлынан, алып тұлғасынан айырылды. «Елім» деп соққан тағы бір үлкен жүрек соғуын тоқтатты. Аядай ғана ауылдан шығып, алты Алаштың ардақтысына айналған, адамзаттың ақыл-ой қорына асыл туындыларын қосып, көркем ойдың көкжиегін кеңейткен Әбдіжәміл Нұрпейісов дүниеден өтті. Ол өз өмірін ұлт өнерін зерделеуге, ұлт руханиятын зерттеуге арнаған еді. Тарих тамырларына терең бойлап, тың дүниелерге қалам тербеп, кесек-кесек шығармалар жазды. Халқымыздың жадында мәңгі-бақи қалатын туындылары арқылы биік белестерге жетіп, қайталанбас қолтаңбасымен із қалдырды


Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04