Алаяқтар тағы бір жаңа айлаға көшті: қазақстандықтар нені білуге тиіс?

  • 11:10, 12 маусым 2025
Алаяқтар тағы бір жаңа айлаға көшті: қазақстандықтар нені білуге тиіс? Сурет: ЖИ

Қазақстанда кейінгі жылдары интернет-алаяқтық 10 есеге артқан. Былтырдың өзінде елімізде 11 мыңнан астам цифрлық қылмыс тіркеліп, азаматтар 18 миллиард теңгеcінен айырылған. Тіпті қазір алаяқтар адамның жеке деректерін зерттеп, сөйлеу стилін көшіріп, аты-жөні жазылған "шынайы көрінетін" банк карталарын жасап, WhatsApp арқылы таныстарынан ақша сұрайтын жаңа әдіске көшкен. Ал жәбірленушілер қатарында танымал журналистер, блогерлер және өзге де медиа тұлғалар бар. Аqshamnews.kz тілшісі алаяқтардың құрбаны бола жаздаған кейіпкермен тілдесіп, мәселені майшаммен қарады. 

"Сәлем, уақытша ақша бере аласың ба?.."

Дәл осындай мәтінмен алаяқтар белгісіз біреулерден қомақты қаражат сұрайды. Белгісіз деуге келмес, себебі олар бұзуды көздеген аккаунт иесін әбден зерттеп алатын болған. Бұл жолы алаяқтардың қармағына отандық телеарналардың бірінде қызмет ететін журналист Дүрия Қыдырбек ілінген. Ол оқиғаның қалай болғанын әңгімелеп берді. 

"Жағдай 3 маусымда болды. Әдеттегідей жұмыста отырған едім. Әріптестерім хабарласып, WhatsApp-тан менің атымнан ақша сұрап жазған хабарламалар келгенін айтты. Бірден аккаунтымды алаяқтардың бұзып алғанын түсіндім. Менде нөмері сақталған көп танысыма, таныс еместерге де, тіпті танымал әртістерге жазып тастаған. Толассыз қоңыраулар келіп, менен не болғанын сұрап бастады. Кейбірі менің жеке нөмерімдегі банкке ақша аударып бастады. Хакер танысыма жазып, кеңесін сұрап, жедел түрде телефонымдағы WhatsApp аккаунтым қосылған қондырғыларды өшіріп тастадым және әлеуметтік желідегі парақшаларыма ескерту жасап үлгердім", деді ол. 

Ең сорақысы - алаяқтар Дүрияның сөйлеу стилін, жеке деректерін толық зерттеп алған. Олар кейіпкердің таныстарына соның сөйлеу стилінде жазып, тіпті тегі мен есімі көрсетілген банк картасын жолдаған. 

"Қуанышқа орай, ешкім алаяқ жіберген есепшотқа қаражат аудармаған. Ресейлік банкқа тіркелген "менің есепшотым" көбінің күмәнін туғызған. Мен негізі бөтен келген ешқандай сілтемелерге, артық сайттарға кіре бермеймін. Хакер танысымның айтуынша, бұл нәрсеге WhatsApp аккаунтымның көп құрылғыға қосылғаны себеп болуы мүмкін. Сол себепті жұрт осы нәрсені қаперде ұстаса екен деймін", дейді Дүрия Қыдырбек. 

Алаяқтар аккаунтты қалай бұзып алады?

Расымен бұл жағдай ушыққанда бірнеше адам цифрлық алаяқтықтың құрбаны болар еді. Алаяқтар кез келген адамның алдынан шығуы мүмкін. Осы себепті NOVAHUB GROUP компаниялар тобының негізін қалаушы, ІТ маманы - Қанат Исраиловтан кеңес сұрадық. 

Қанат Исраилов

Қанат Еркінұлы алаяқтардың жұмыс істеу әдістерін түсіндіріп берді. Оның сөзінше, аккаунтты бұзып алудың бірнеше жолдары бар: 

"WhatsApp-ты бұзудың негізгі жолдары – тіркеу кодын ұрлау мен фишинг. Алаяқтар сізге жалған сілтемесі бар SMS жіберіп, кодты өздерімен бөлісуге итермелейді. Сондай-ақ, өздерін қолдау қызметі ретінде таныстырып, код сұрауы мүмкін. Кейде “қателесіп жібердім, маған қайта жіберші” деп те жазады. Сирек кездесетін, бірақ аса қауіпті әдіс – SIM-картаны айырбастау. Бұл жағдайда алаяқтар байланыс операторын алдап, сіздің нөміріңізге жаңа SIM рәсімдеп, кодтарды өздері алады. Ең жиі қолданылатын әдістер – әлеуметтік инженерия мен фишинг. Олар техникалық емес, психологиялық тәсілдер арқылы сіздің сеніміңізді пайдаланады" дейді маман. 

 "Танымал адамдар кибершабуылдарға жиі ұшырайды"

ІТ маманы қазір алаяқтар ақпараттың ашықтығын асыра пайдаланып, бұзуды көздеген аккаунт иелерін толығымен зерттеп алатынын айтты. Оларға адамның танымал болғаны, танысының көп болғаны "майдай жағатын жағдай". 

"Алаяқтар алдымен адамның әлеуметтік желілеріндегі ашық деректерін зерттейді: фотолар, достар, жұмыс орны, сөйлеу стилі. LinkedIn, Instagram, Facebook – негізгі ақпарат көздері. Google іздеу арқылы бұрынғы мақалалар мен сұхбаттар табады. Кейде таныстарының аккаунттарын бұзып, сол жерден хат алмасулар мен жеке деректерді көшіреді. Мақсат – адамның атынан сөйлеп, сенімге кіру" дейді Қанат Еркінұлы.

сурет: depositphotos.com

Сол себепті маман медиа кеңістікте жүрген жандарға аса сақ болу керегін айтты. 

Танымал тұлғаларға деген қоғамдық сенім жоғары, ал олардың жеке өмірі туралы ақпарат – ашық. Алаяқтар олардың атынан жазса, көбірек адам сеніп, ақша аударуы мүмкін. Сондай-ақ, мұндай адамдардың байланыс тізімі кең әрі құнды. Журналистерге, блогерлерге және жалпы әлеуметтік желіде белсенді жандар жеке және жұмыс аккаунттарын бөлек ұстағаны дұрыс" дейді ол. 

Алаяққа ұрынбас үшін нені білу керек?

Маман кез келген адам білуі керек маңызды кеңестер ұсынды. Аккаунтымды алаяқ бұзып алмасын десеңіз: 

  • Екі факторлы аутентификацияны қосыңыз.
    WhatsApp-қа кіру үшін SMS кодтан бөлек, 6 таңбалы PIN қажет болады. Бұл алаяқтардың тіркеу кодын пайдаланып кіруіне тосқауыл қояды.

  • Күмәнді сілтемелерге кірмеңіз.
    Фишингтік сайттарға апаратын жалған хабарламалар арқылы деректеріңізді ұрлауы мүмкін. Тексерілмеген сілтемеден сақ болыңыз.

  • Растау кодтарын ешкімге бермеңіз.
    WhatsApp ешқашан растау кодын сұрамайды. “Қателесіп код жіберіп қойдым” деген өтініш – алаяқтың амалы.

  • Құпиялық параметрлерін шектеңіз.
    Суретіңізді, статус пен “соңғы рет кірген уақытыңызды” “тек контактілерге” не “ешкімге” көрінбейтіндей етіп орнатыңыз.

  • WhatsApp пен басқа қосымшаларды үнемі жаңартып отырыңыз.
    Жаңа нұсқаларда қауіпсіздік олқылықтары жойылады.

  • Жеке және кәсіби аккаунттарды бөліп ұстаңыз.
    Әсіресе журналистер мен блогерлер үшін бұл — шабуыл тәуекелін азайтады.

  • Құқық қорғау органдарына және WhatsApp қолдауына бірден хабарласыңыз.
    Аккаунтыңыз бұзылса – достарыңызды ескертіп, аккаунтты қайтару үшін ресми қолдау қызметіне жазыңыз: support@whatsapp.com

сурет: depositphotos.com

Заң не дейді?

Заңгер Қуат Ауғанбек мұндай жағдайлардың бірнеше бап бойынша құқықбұзушылыққа жататынын айтты. 

Қуат Ауғанбек 

заңгер

Қуат мырза мұндай жағдайларға көз жұма қарауға болмайтынын айтты.

"Егер сіздің атыңыздан жалған банк картасы ашылып, WhatsApp аккаунтыңыз бұзылса – бұл Қылмыстық кодекстің 190-бабы (алаяқтық), 385-бабы (жалған құжат жасау) және 147-бабы (жеке деректерді заңсыз пайдалану) бойынша жауапкершілікке жатады. Мұндай әрекеттер – ауыр құқық бұзушылық. Бұл жағдайда сіз жәбірленуші ретінде танылып, тергеу басталуы керек," – дейді заңгер.

Мұндай жағдайда не істеу керек?

"Алдымен полицияға ресми арыз түсіріп, скриншоттар, банк деректері және барлық хат-хабарларды дәлел ретінде ұсыныңыз. Сонымен қатар, банкіңізге жалған карта туралы хабарлап, WhatsApp қолдау қызметіне аккаунттың бұзылғанын жеткізу қажет. Бұл – қылмыстық іс, сондықтан үндемей қалмай, заңды жолмен қорғау іздеңіз," – деді Қуат Ауғанбек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

11:25

11:06

10:26

10:23

19:23

19:18

17:11

16:47

16:20

16:11

15:45

15:32

15:14

15:04

14:58

14:44

14:38

14:24

14:19

12:20

12:18

11:46

11:10

11:06

10:55