Мемлекеттің дамуында әр азаматтың рөлі маңызды, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Белгілі театр және кино актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Лиза Серікова Алматы мәслихаты депутаттарының кезектен тыс сайлауында дауыс берді.
Дауыс бергеннен кейін актриса елдің болашағы туралы ой бөлісіп, мемлекеттің дамуында әр азаматтың рөлі маңызды екенін атап өтті.
«Бүгін, 29 қарашада, мәслихат депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Еліміздің жарқын болашағына үлес қосу үшін дауыс беруге келдік. Елімізде бейбітшілік пен береке-бірлік орнасын!» – деді Лиза Серікова.
Еске салайық, Алматыда 670 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Депутаттық мандатқа 168 кандидат үміткер: 109-ы төрт саяси партияның тізімі бойынша, 59-ы 21 бірмандатты сайлау округі бойынша тіркелген.
Сайлау туралы қосымша ақпаратты бірыңғай 109 нөмірі арқылы алуға болады. Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.