Тұрғындардың қабылдаған шешімдері қаланың және тұтастай елдің алдағы дамуына әсер етеді, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Әнші Мақсат Базарбаев Алматы қаласы мәслихаты депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысты. Өнер иесі Бостандық ауданындағы Орбита-3 шағынауданында орналасқан №236 сайлау учаскесінде дауыс берді.
Әншінің айтуынша, сайлауға қатысу – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. Себебі тұрғындардың қабылдаған шешімдері қаланың және тұтастай елдің алдағы дамуына әсер етеді.
«Әрбір азамат таңдауына жауапкершілікпен қарап, елдің болашағына бей-жай қарамауы керек. Дауыс беру – пікірің мен азаматтық ұстанымыңды білдірудің мүмкіндігі», – деді Мақсат Базарбаев.
Еске сала кетейік, Алматыда 670 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Сайлаушылар тізіміне 1 миллион 355 мыңнан астам адам енгізілген. Бүгін қала тұрғындары мен қонақтары үшін қоғамдық көлікте жол жүру тегін ұйымдастырылған.
Сайлауға қатысты қосымша ақпаратты 109 бірыңғай нөмірі арқылы алуға болады. Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.