Биыл Алматы қаласы әкімдігіне қарасты Құтқару қызметінің құрылғанына 25 жыл толады. Осы уақыт аралығында алматылық құтқарушылар талай жанның өмірін арашалап, үміт үзілген сәттерде көмек көрсетті. Олардың ісі көпшілікке көріне бермеуі мүмкін. Бірақ төтенше жағдайда қалған адамдар үшін құтқарушылар – нағыз қаһарман. Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз – Алматы қаласы Құтқару қызметінің Авариялық-құтқару тобының мамандары Бақыт Данабеков пен Қуандық Шаймерден. Күн сайын қауіппен бетпе-бет келетін құтқарушылар әңгіме барысында осы бір саланың қиындықтары мен ерекшеліктері жайлы айтып берді.
Алматы – еліміздегі ең ірі мегаполис әрі таулы аймақта орналасқан қала. Сондықтан мұнда төтенше жағдайлар жиі тіркеледі. Құтқарушылардың негізгі міндеттерінің бірі – осындай сәттерде тауда қалған адамдарға жедел көмек көрсету. Жыл соңында тауда қаза тапқан жасөспірім қыз бен үш жігіттің оқиғасы көптің есінде әлі. Марқұмдардың денесін төменге түсіру үшін Құтқару қызметі күрделі операция жүргізді. Біз тілдескен құтқарушылар да сол іздеу-құтқару тобында болған.
Қазіргі таңда Алматы қаласында 131 бірлік авариялық-құтқару қызметі жұмыс істейді. Диспетчерлер тәулігіне «109» нөміріне келіп түсетін 350-400 қоңырауға жауап береді. Ал ауа райы қолайсыз күндері бұл көрсеткіш 1500-ге дейін жетеді. Құтқарушылар қала аумағында да, таулы аймақтарда да тәулік бойы кезекшілік атқарады. Күнделікті кезекшілікке бірнеше экипажға бөлінген 30 құтқарушы түседі. Әр экипажда төрт құтқарушы мен бір жүргізуші қызметке шығып, кез келген шақыртуға дайын тұрады.
ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ҚАУІПТІ МАМАНДЫҚ
Бірінші кейіпкеріміз – Бақыт Данабеков. Ол Алматы қаласы Төтенше Жағдайлар департаментінде, Құтқару қызметінде құтқарушы болып жұмыс істейді. Сонымен қатар, Алматы Альпинизм федерациясы мен «Тұйық-Су» альплагерінде альпнинизм нұсқаушысы. Құтқару қызметіне келмес бұрын бірнеше жыл альпинизммен айналысқан.

Оның айтуынша, бұл қызметке қатаң іріктеуден өткен адамдар ғана алынады. Арнайы оқыған және дайындығы бар, физикалық пен құтқару жұмыстары бойынша, әдістемелер мен медициналық теориядан аттестация тапсырған адам қабылданады. Сондай-ақ, кейбір спорт түрлерінен жетістігі де болғаны жөн. Құтқарушының физикалық, моральды және интеллектуалды қасиеттері басым болуы тиіс.
«Альпинизммен айналысып келе жатқаныма он бір жылдан асты. Бұл спорт түрі стадионда немесе арнайы ареналарда өтетін спорт емес. Ол – дүние жүзіндегі ең қауіпті спорт. Себебі, альпинизм табиғат аясында, адамға жат, қатал ортада жүзеге асырылады. Студент кезімнен-ақ жан-дүнием альпинизмді қалап тұрды. Сөйтіп, өмір жолымды осы спортпен байланыстыруға бел будым. Альпинист ретінде жүріп, талай құтқару жұмыстарына қатыстым, сол арқылы мол тәжірибе жинадым. Сөйтіп жүріп өзге де құтқарушылармен таныстым. Аға бапкерлеріміздің басым бөлігі Құтқару қызметінде жұмыс істейтін. Олармен қатар жүріп, кеңес алып отырдым. Ақыры, төрт жыл бұрын Құтқару қызметіне құтқарушы болып орналастым», – деп бастады әңгімесін Бақыт.

Дәл сол жылдары Алматы қаласының Құтқару қызметінде Үлкен Алматы және Кіші Алматы шатқалдарында құтқару-бақылау пунктері ашыла бастаған еді. Таулы аймақта іздестіру-құтқару операцияларын жүргізіп, күрделі жағдайларда кәсіби көмек көрсете алатын мамандарға сұраныс артты. Бақыт та Құтқару қызметіне қабылданып, таулы аймақтағы құтқару жұмыстарына белсене араласа бастады. Ол құтқарушылыққа арнаған 4 жылында бір емес, бірнеше ірі төтенше жағдайларда құтқару жұмысына қатысып үлгерген.
«Биыл Құтқару қызметінің құрылғанына 25 жыл толады. Бұл қызмет 2000 жылдардың басында альпинист, «Қар барысы» титулының иегері Ринат Хайбуллиннің бастамасымен құрылды. Құтқару қызметінің іргетасын сол кісі қалады. Алғашқы құтқарушылардың дені кәсіби альпинистерден құралды. Сол кездегі аға буын альпинистер бізді тәрбиеледі, тауға баулыды. Біз сол кісілердің жолын жалғап келеміз», – дейді ол.
«ТІПТІ, САҚИНАСЫН ШЕШУГЕ ШАҚЫРАДЫ»
Құтқару қызметінің негізгі бағыттары тек таудағы жұмыстармен шектелмейді. Кейінгі кездері бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде көбіне тауда жүргізілетін құтқару операциялары жиі жарияланып жүр. Алайда, құтқару қызметінің қала аумағындағы еңбегі де елеулі екенін атап өткен жөн. Алматылық құтқарушылар жол-көлік оқиғалары кезінде зардап шеккендерді көліктен шығару, өрт сөндіру барысында өрт сөндірушілерге көмек көрсету жұмыстарына тұрақты түрде атсалысады. Сонымен қатар, қала аумағында техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде, яғни ғимараттар мен түрлі нысандардағы құлау қаупі бар құрылымдарды жою да құтқару қызметінің міндетіне кіреді. Тіпті, кейде тұрғындар қолындағы сақинасы шешілмей қалса да, құтқарушыларды көмекке шақырады екен.
Құтқарушының айтуынша, қаладағы шақыртулардың басым бөлігі кішкентай балаларға қатысты болады. Балалар пәтердің немесе бөлменің есігін ішінен жауып алып, ата-аналары кіре алмай қалған жағдайлар жиі кездеседі. Сондай-ақ, жасы үлкен азаматтарды жедел жәрдем көлігіне дейін жеткізу бойынша да көмек сұрайды.
ЖАЗ – ЕҢ ҚАРБАЛАС МЕЗГІЛ
«Сөйтіп, бір тәулік бойы түрлі шақыртуларға барамыз. Алматы тауларына келген туристердің көбі Үлкен Алматы көліне немесе Үлкен Алматы шыңына бағыт алады. Тауға шығуда тәжірибесі аз адамдар қиын жағдайға тап болып, адасып қалатын кездер жиі кездеседі. Өкінішке қарай, Үлкен Алматы шатқалында туристер немесе альпинистердің жоғалып, адасып кету фактілері де ара-тұра тіркеліп тұрады. Бір мезгілде ғана жұмысымыз қыза түседі деп айту қиын, әрине. Өйткені, біздің жұмыс жыл он екі ай дамылсыз жалғаса береді. Таудағы төтенше жағдай жылдың төрт мезгілінде де орын алады. Бірақ жазда ауа райы қолайлы болғандықтан, тауға шығатын туристер саны артады. Іздестіру-құтқару және эвакуациялық жұмыстарымыз жазда айтарлықтай көбейеді», – деді құтқарушы.

ҚҰТҚАРУ – АҚПАРАТ ЖИНАУДАН БАСТАЛАДЫ
Қыс пен көктем айларында қар көшкіні қаупі күшейсе, жазда су деңгейінің көтерілуі мен орман өрті артады. Күз мезгілінде ауа райын ескермей тауға шығып адасу, қараңғыда қалып қою жағдайлары жиі тіркеледі. Осылайша жыл он екі ай бойы тауда да, қалада да құтқару қызметінің жұмысы үздіксіз жалғасып жатады. Бір сөзбен айтқанда, құтқарушылар үшін жұмыстың тоқтайтын мезгілі жоқ.
Құтқару жұмыстары алдымен ақпарат жинаудан басталады, дейді ол. Қанша адам жоғалды, қай аймақта, қандай жағдай болуы мүмкін – барлығы сарапталады. Ақпарат тексерілген соң, күн-түн демей экипаж тауға жіберіледі. Егер нәтиже болмаса, координациялық штаб құрылып, бірнеше құтқару тобы әртүрлі бағытта жұмыс істейді. Іздестіру, құтқару және тасымалдау топтары қажет жағдайда бірігеді.
«Құтқарушылар ең алдымен физикалық қиындықтарға тап болады. Өйткені, біз де адамбыз, темірден жаралған жоқпыз, ұша да алмаймыз. Әрине, спортпен шұғылданамыз, физикалық жағынан жақсы дайындықтан өтеміз, бірақ соған қарамастан, шаршайтын кездер болады. Таулы аймақта жұмыс істеу оңай емес. Ең маңыздысы биіктікке бейімделу керек. 2000-нан 4000 метрге дейінгі биіктікке дайындықсыз шығу өте қауіпті. Көбі осыны ескермейді. Оның үстіне, бұл жәй серуен емес. Құтқарушы өзімен бірге арнайы құрал-жабдықтарды көтеріп жүреді. Әр таудың, шыңдардың жартасы әртүрлі болады, бір-біріне ұқсамайды. Адасып қалмас үшін таудың әр нүктесін жатқа білуіміз шарт. Басқа құтқарушылармен үнемі байланыста боламыз. Құтқару жұмыстары жүргізілетін аумақты жақсы бағдарлай білу де өте маңызды. «Құтқарушы ештеңеден қорықпауы керек» деу артық болар, өйткені қорықпайтын адам жоқ. Бірақ ең басты қағида – жеке қауіпсіздікті сақтау. Егер құтқарушының өзі қауіп-қатерге тап болса, онда құтқару жұмысының мәні де жоғалады. Осы жауапкершіліктің барлығы мойынға артылғаннан кейін, бұл қызметтің қаншалықты ауыр екенін түсінесің», – дейді кейіпкеріміз.
Бұл тек физикалық тұрғыдан ғана емес, моральдық әрі психологиялық жағынан да өте қиын жұмыс. Басқа біреудің өмірін сақтап қалу үшін қауіпке бас тігу – нағыз ерлікпен пара-пар іс.
Сөзіміздің басында тауда қаза тапқан үш жігіттің денесін төменге түсіру бойынша жүргізілген іздеу-құтқару операциясына кейіпкерлеріміздің де қатысқанын атап өткен едік. Осы оқиғаға қатысты қойылған сұраққа Бақыт Данабеков жауап берудің өзі оңай емес екенін жасырмады.
«Бұл – менің тәжірибемдегі ең ауыр сәттердің бірі болып есте қалды. Құтқару операциясы барысында тікұшақпен ұшып, алғашқы іздестіру тобының құрамында болдым. Сол сәтте бірінші жігіттің денесін таптық. Қызмет барысында талай қиын жағдайды көрдік, бірақ мұндай сәтке дайын болу мүмкін емес. Бұл операция бірде-бір құтқарушыға оңай тиген жоқ. Әр қимылымызға үлкен жауапкершілікпен қарап, барынша салқынқандылық сақтауға тырыстық. Марқұмдардың денесін туыстарына жеткізу міндетіміз болды», – деді ол.
ҚҰТҚАРУШЫҒА КЕРЕГІ – АДАМГЕРШІЛІК ПЕН ТӨЗІМ
Құтқарушы есте қалған таңғажайып оқиғаларды да тілге тиек етті.
«Есте қалған құтқару операциялары көп. 2024 жылдың ақпан айында Фурманов шыңында адасқан үш жасөспірімді түні бойы іздедік. Аяз қатты болды. Таңға жуық балалар тірі табылды. Олардың аман екенін көргенде, арқамыздан үлкен бір жүк түскендей болды. Қандай жағдай болса да, біз әрдайым «бәлкім, тірі шығар» деген үмітпен іздеуге шығамыз. Техникадан бұрын жеке тәжірибеге көбірек сенген абзал деп санаймын. Өйткені, құрал-жабдық пен техника үнемі мінсіз жұмыс істемейді. Әртүрлі жағдайға дайын болуымыз керек. Ондай сәттерде тек өз тәжірибеңе сенуге тура келеді. Құтқарушы үшін ең басты қасиет – адамгершілік. Адам өмірін сақтап қалу миссиясы бәрінен биікте тұрады. Өмірге араша түсу, адам тағдырын сақтап қалу миссиясы. Құтқарушы – тек мамандық емес, ол – мәртебе, статус».
Тақырыпқа орай
Қуандық ШАЙМЕРДЕН, Алматы қаласы құтқару қызметінде құтқарушы альпинист:

ТАУ – ӨМІРДІҢ ҚАДІРІН ҰҚТЫРАДЫ
Құтқарушы мамандығы – мәртебелі мамандық. Қаншама елдің алғысын аласың. Бірақ кез келген адам құтқарушы бола алмайды. Негізі бұған дейін жансақтау бөлімінде медик болып жұмыс істедім, сондай-ақ онкологиялық орталықта ауыр жағдайдағы науқастарға көмек көрсететін паллиативтік топта тәжірибе жинадым. Сол тәжірибе маған өмірді және адамның басына түскен қиындықтарды бағалауды үйретті. Қазір құтқарушы- альпинист ретінде сол дағдыларымды тауда және қалада төтенше жағдайларда қолданамын. Ал құтқарушы болу – арманым болды. Бұл қызметке ерекше құмарлықпен келдім. Мен үшін мамандық емес, борыш, нағыз ерлердің ісі. Сондықтан осыдан бір жыл бұрын жедел-құтқару жасағына жұмысқа тұрдым. Әрі тауға деген махаббатым да бұл таңдауды жасауыма үлкен себеп болған шығар.
Жұмыс күніміз таң атпастан басталады, сағат 8-де ауысым болады, сапқа тұрамыз. Басшылық құтқарушылардың жұмысқа дайын екенін тексеріп болған соң, жаттығуға арналған орынға өтеміз. Ауысым басқарушысының бақылауымен дене қыздыру жаттығуларын жасаймыз. Содан соң әр экипаж өз орындарында кезекшілікті жалғастырады.
Біздің қызметте қателікке орын жоқ. Құтқарушылардың біліктілігін арттыру, физикалық және психологиялық дайындықтарына ерекше мән беріледі. Мен өзім құтқарушы альпинист болғандықтан, альпинизм нұсқаушыларының бақылауымен жартасқа өрмелеу, зардап шегушіні тасымалдау, жартастан төмен түсіру сияқты жұмыстарды үнемі қайталап пысықтап отырамын. Сонымен қатар, альпинизмнан спорттық категорияларды арттыру мақсатында жүйелі түрде оқу-жаттығу жиындары өтеді. Біз тәжірибе арттыру үшін қиындық санаты жоғары шыңдарға өрмелейміз.
Мен Алматы қаласы Альпинизм федерациясы мен Kazmountclub альпинизм секциясының спортшысымын. Қазіргі таңда тауға қызығушылар саны артып келеді. Бірақ өкінішке қарай, таудың салғырттықты кешірмейтінін бәрі түсіне бермейді. Сондықтан мен әрқашан тауда қауіпсіздік талаптарын ескеруге кеңес беремін. Міндетті түрде альпинизм немесе тау туризмы мектептерінде білім алу керек. Бірақ ол мектепте оқу – тауға шығу үшін жеткілікті деген сөз емес. Ең бастысы – ешқандай тау немесе қызығушылық сіздің өміріңізден, денсаулығыңыздан артық емес екенін түсіну. Ең керемет шың – үйге аман оралу.
Құтқару қызметі тек тауда ғана емес, қалада да маңызды қызмет атқарады. Көлік апаттары, ғимараттардағы қауіп-қатерлер, өрт, судағы төтенше жағдайлар кезінде де біз атсалысамыз. «Ұлтқа қызмет – ұлы міндет», сондықтан өміріміз кейде қыл үстінде тұрса да, халыққа қызмет етеміз.
Елімізде де, әлемде де төтенше жағдайлар азайсын, ал адал құтқарушылардың абыройы асқақ болсын!
Түйін: Құтқарушылар тәулік бойы халық үшін деп көп қырлы құтқару қызметін атқарады. Өмір мен өлім арасындағы тағдыршешті сәтте көзсіз батырлыққа барып жүрген жандардың жанқиярлығы үшін ризашылығымызды білдіреміз және істеріне сәттілік тілейміз!