«АЙНАМКӨЗ» – МЕНІҢ БОЙТҰМАРЫМ

«АЙНАМКӨЗ» – МЕНІҢ БОЙТҰМАРЫМ Сурет: Айгүл Қосанованың жеке мұрағатынан

Бүгінгі кейіпкеріміз Айгүл Қосанова – халық әнінің қазынасын заманауи үнмен сабақтастыра білген, ұлттық өнердің саф өкілі. Өнерге адал, өзіне талапшыл, көрерменіне қадірлі дәл осындай тұлғамен сұхбаттасу біз үшін де үлкен мәртебе. Таяуда ғана Қазақстанның Халық артисі атанған дәстүрлі әнші, Президент оркестрінің солисі, оқытушы-профессормен шығармашылығы туралы ғана емес, өмірлік ұстанымы мен адами болмысы жайлы да әңгімелестік.

 

– Биылғы қуанышыңыз, марапатыңыз құтты болсын! Өнер әлемінің ең төріне шықтыңыз. Танымал болу қаншалықты қиын? Қазір әлеуметтік желі деген «құдірет» бар, басқан ізіміздің бәрі көпшіліктің көз алдында. Оғаш әрекетке ұшырап қалмайын деп тартынатын, өзіңізді шектейтін кездеріңіз бола ма?

– Мен ұстаз болғандықтан шәкірттерімнің алдында оғаш нәрсе істемеуге тырысамын. Олар маған қарап бой, ой түзейтіндіктен көп нәрседен тартынамын. Ол рас. Қоғамдық орындарда, сауда нүктелерінде ел танып, амандасып жатады. Көптің алдына, күнделікті өмірде боянбай да шыға беремін. «Сізді танымай қалдық қой, теледидарда басқа, өмірде басқа екенсіз» деп жататындар да бар. Ол мен үшін қалыпты жағдай. Бәрі тануға міндетті емес. Мен барынша табиғи болуға, қандай адаммын, солай көрінуге ұмтыламын. Өмірлік ұстанымдарымның бірі – шынайы болу.

– Әлеуметтік желімен қаншалықты «доссыз»? Шындығы сол, біз танымал тұлғалардың өмірін көбіне ТікТок, Instagram арқылы біліп отырамыз. Бұл тыңдарманмен байланыс құралы ма, әлде қажеттілік пе?

– Негізі, әлеуметтік желіге мүлдем жақын емеспін. Ең алғаш мені «Ел алдында жүрген тұлғалардың бірісіз. Күнделікті өміріңіздің көпшілікке ұсынатын жарқын да қызықты сәттері өте көп. Әлеуметтік желі деген жақсы дүние, Инстаграмға тіркеліңіз» деп әбден үгіттеген ізетті інім, өнердегі әріптесім Ақылбек Жеменей еді. Бірақ мән бере қоймадым. 2015 жылы Астанада жеке концертімді беретін болдым. Соны хабарлау, жарнамалау үшін қосылғаным бар. Егер парақшамды байқаған тыңдарманым, оқырмандарыңыз болса, дастарханымды, отбасымды немесе кигенімді, барғанымды, келгенімді емес, тек өнер әлеміндегі жаңалықтарымды саламын. Өйткені ол менің таза шығармашылығыма арналған парақша.

– Сіз үшін дәстүрлі ән мен эстраданың тепе-теңдігін табу қаншалықты маңызды? Қайсысы жаныңызға жақынырақ?

– Негізі мен дәстүрлі әнші ретінде танылдым. Сол бағыт бойынша оқып, білім алдым. Сондықтан өзімді эстрада әншісімін деп айта алмаймын. Бірақ бұл бағытта да ән айтып жүрмін. Дегенмен «народниктердің эстрада айтқан кезде оның народник екені көрініп тұрады» деушілер де табылады. Егер өнер адамы өзін жан-жақты көрсеткісі келсе, оған ешкім кедергі келтіре алмас. Оның үстіне дауысыңыз келіп тұрса. Қаласа, эстрада әншісі де қолына домбыра ұстап дәстүрлі әнді шырқасын. Ал менің дәстүрлі әнші бола тұрып, эстрада жанрында да ән шырқап жүргенімді мақтаныш ететінімді жасырмаймын. Бәлкім эстрада жанрын дәл сол шеңберде айта алмайтын шығармын. Бірақ менің солай шырқағанымды халық жылы қабылдап жатса, неге айтпасқа деп ойлаймын.

Мен ең алғаш эстрада жанрында «Ән мен әнші» жобасында ән салдым. Осыдан жиырма жылдан астам бұрын ғой. Жоба жетекшілерінен «Саят Медеуов екеуіңіз дуэт орындасаңыздар» деген ұсыныс түскенде, қуана қабылдадым. Біз сонда әнді ұзақ іздегеніміз бар. Сөйтіп белгілі сазгер Бағлан Омаров «екеуіңіздің дауысыңызға осы ән жақсы келеді» деп «Келе жатыр құс қайтып» әнін таңдап берген болатын. Дуэтті тыңдарман жақсы қабылдады. Көрерменнің ықыласына бөлену де бір бақыт!

– Бүгінгі жаһандану заманында дәстүрлі әнге қарағанда эстрадалық туындылардың бәсі жоғары секілді ме, қалай?..

– Меніңше, эстрада керемет, ал дәстүрлі әндер көштен қалып қойды деу жарамас. Мәселен, ковид кезінде жанды дауыста ән айтатын дәстүрлі әншілердің қадірі өсті.

Дәстүрлі әнді ешкім тыңдамайды, бізге тиісті деңгейде көңіл бөлінбейді деп өкпелегеннен гөрі, өзіңіз әрекет етіп, дәстүрлі әнді танытуға басқа бір қырынан келуге талпыну керек шығар бәлкім. Мәселен, жеке концерттерімде дәстүрлі ән «Айнамкөзді» фортепианоның сүйемелдеуімен де, ұлттық аспаптар оркестрімен де шырқадым. Биыл өткен «Айнамкөз» атты концертімде акапелламен орындағым келген-ді, оған дайындыққа уақытым аздау болып қалды. Келесі концертімде бұл мақсатыма жетемін деп ойлаймын. «Айнамкөз» төкпе қағыспен айтылатын батыс мектебінің әні болғандықтан, аздап қатқылдау естілетіні рас. Бірақ ол өте лирикалық ән. Оркестрмен айтқан кезде ерекше шырқалады.

Қалай десек те, дәстүрлі әннің де, эстраданың да өз тыңдарманы бар деп ойлаймын. Ол үшін әнді заманына, тыңдарманның сұранысына қарай беру жағын қарастырып, ізденуден танбау керек.

– Заманауи сахна имиджі мен ұлттық нақышты үйлестіруде қандай қағидаттарды ұстанасыз? Жеке стилисіңіз бар ма? Сахналық көйлектеріңізді жинайсыз ба, әлде сыйлайсыз ба, бәлкім сатасыз?

– Жеке стилисім жоқ, өз талғамыма сүйенемін. Әннің табиғатына байланысты киінуге тырысамын, сахналық киімімді айтатын, орындайтын әніме байланысты ыңғайлаймын. Сахнаға әр шыққан сайын бір көйлек киемін деп жалған сөйлемей-ақ қояйын. Көйлек тіктіргенде көбіне бейтарап түстерді, алтын, күміс түстес маталарды таңдаймын. Оның үстінен келесі концерттерде жаңа қамзолдарды киіп шыға беруге тиімді. Жалпы, қара түсті ұнатамын. Сахнаға ғана кимеймін, ал күнделікті өмірде иығыма ілетін киімдердің көбі классикалық қара түсті.

Сахналық көйлектерімді өнерге енді қадам басқан қыздарға сыйлағаным бар. Бірақ көрінген жерде жатқанын көріп қалып, одан кейін ешкімге бермейтін болғам, сатпаймын да. Тұрмысқа шыққанда анамның жасауыммен бірге көтеріп келген сандығы бар. Қызық, кезінде сол сандық үшін анама сөйлегенім бар еді, «мама-ау, қияннан зілдей сандықты көтеріп келгеніңіз не, қоятын жерім де жоқ» деп. Қазір үйімнің төріндегі ең құнды жиһазым – сол сандық. Аялап ұстаймын. Бұрынғы сахналық көйлектерім, тіпті жиырма бес жыл бұрынғы той көйлегім де сол сандықта сақтаулы. Қыз ұзатылғанда міндетті түрде сандығы болуы тиіс деп ойлаймын. Ол біздің ұлттық болмысымыздың айғағы. Айшамыз ұзатылғанда да ең әдемісін таңдап, апарып бергенмін. Ол да қатты қадірлейді, соған қуанамын.

– Репертуарыңыздан ешқашан түспеген, ескірмеген үш ән?

– Мені «Айгүл Қосанова» қылған «Айнамкөз». Кенже қызымның да аты Айнамкөз. Осы әнімнің құрметіне қойдым. Айша тұңғышымыздың есімі үлкен енеміздің, яғни жолдасымның әжесінің құрметіне қойылған-ды. Одан кейін өмірге келген ұлымыз қайтыс болып кетті. Одан кейінгі ұлымызды ғұмырлы болсын, тұрсын деп Тұрлан қойғанбыз. Негізі, тарихта Тұрлан деген қол бастаған батыр болған екен. Ол туралы кейін естідік. Одан кейінгі қызымыздың есімін мен қояйыншы деп отағасымнан рұқсат сұрап қойғанмын Айнамкөз деп. Ол тұста мұндай есімдер жоқтың қасы еді. Тіпті қызым балабақшаға барып жүргенде «атымды неге осылай қойғансыздар, балалар қиналып, толықтай айта алмайды» деп бұртиып келетін. Қазір көбейіпті. Қуаныштымын. Нағыз қазақы, әдемі есім. Жалпы, баланың есімін оның өміріне әсер етеді дегенге сенемін. Сондықтан ата-ананың бұл ретте жауапты болғаны дұрыс-ақ.

Мені эстрада жанрында танытқан әндердің бірі – «Қаздар қайтқанда». Негізі, эстрададағы әндерімнің бәрі құстармен байланысты екен ғой. «Құс қайтыпты», «Шағала» да тыңдармандарым ең көп сұрайтын әндерім.

Мен консерваторияда 91-95-жылдары оқыдым. Ұлықпан Жолдасов ауыл жақтың бір қызы бар екен дегенді сыртымнан естіп жүрген екен, студент кезімде жазғы демалыста ауылға барған сапарымда екеуміз бір тойда кездесіп қалдық. Сонда ол «сенің мүмкіндігің мол, эстрадаға кел» деп ән ұсынды. Қоңыр домбырамды құшақтап дәстүрлі ән шырқап жүрген мен эстрада жанрын жатырқаушы едім. Бірден ат-тонымды ала қаштым. Ұлықпан әріптесім қазір де айтады, «сен сол кезде эстраданы бастап кетуің керек еді» деп. Ол тұста менің мүмкіндігім де, тәжірибем де жоқ болған шығар. Сондықтан өкінбеймін. Керісінше сол кезде дәстүрлі ән өнеріндегі қанатымды бүгінгідей қатайтып, орнымды белгілеп алып барып эстрадаға келгенім жөн болды-ау деп ойлаймын кей-кейде.

– Домбыраңызды «қызғанасыз» ба? Сұрап келген әріптесіңізге оңай ұстата қоясыз ба дегенім ғой.

– Домбырам – менің өмірім. Бұл – менің аспабым. Менің – ризығым. Сондықтан сұраған адамға бере саламын деп айта алмаймын. Мұны қызғаныш деп айта алмаспын. Бірде бір әріптесіме бергенім бар. Біразға дейін домбырам өзіме бағынбай, құлақ күйін келтіре алмай әбден қиналғанмын. «Домбырам маған ренжіген болар» деп ойладым іштей сонда.

Байқауымша, мені көп адам, тіпті студенттерім де сырт келбетіме қарап өте қатал адам деп ойлайды. Сондықтан ешкім менен домбырамды сұрай қоймайтын шығар. Сұрап келген күнде де «үйде немесе жұмыста қалып еді» деп тайғанақтамай, бере алмайтынымды бірден айтамын.

– Турашылдығыңыздан «таяқ жеген» сәттеріңіз болды ма?

– Әрине болды. Бірақ жаратылысыңыздан асып ешқайда бара алмайсыз. Бұл менің кемшін тұсым шығар бәлкім. «Бекер айттым ба екен» деген сәттерім де болады. Бірақ турашылдығыңыздан еш адам зиян шекпеуі керек. Турасын, әділдігін айтсаңыз, қайта ол сол адамға ой салып жатса жаман ба?!

– Студенттеріңізге ең жиі қайталап отыратын сөзіңіз?

– Мені олар ең қатал, талапшыл ұстаз ретінде жақсы біледі. Ал күнделікті музыкалық сабақ, дәрістен бөлек, қыздарға оқу бітіріп алмай тұрып тұрмысқа шықпаңдар дегенді жиі айтамын. Бұл ойым бәлкім дұрыс, біреуге бұрыс. Бірақ мен қазақ қыздарының білімді, көзі ашық болғанын қалайтын адаммын. Қолында бір парақ қағазы болуы керек деп есептеймін. Ал білімді, заманауи арулар – болашақ зерделі, саналы балалардың анасы. Алдағы уақытта құрсағында ұлттың ұрпағын көтеріп жүретін қазақ қыздарының иығында елдің, ұлттың салмағы тұрады. Бізде бірінші, екінші курста тұрмысқа шығып алып, одан сәбилі болып, сосын оны баға алмай, қарайласатын туысы болмай, бала ауырып аурухана жағалап кететін, сөйтіп сабағынан бір, тұрмысынан екі мән қашып, баяғы сүйдім, күйдім деген сезімге күйкі тіршілік көлеңкесін түсіріп, жүнжіп кететін қыздар да болады. Сондықтан ең жиі қайталайтын сөзім – оқуға түстің екен, сапалы, кәсіби білім алуға ұмтыл, сосын қалғаны толысқан ақыл, біліміңмен өзі-ақ келеді.

– Тойға шығасыз ба?

– Тойға шығамын. Сізді таңдап, қалап, тыңдағысы келіп шақырса, неге бармасқа?! Ән айту – менің жұмысым. Біз көптің қошаметінен шабыт аламыз. Қазіргі күні қазақтың қазыналы тойларында айтатын әндер жазып жатырмын.

– Анадан не алдыңыз? Әкеден не түйдіңіз?

– Әкем марқұм көп сөйлемейтін жан еді. Турашылдығым, бірсөзділігім сол кісіге тартқан болар. Отбасының тірегі, бағдаршамы бола білді. Мен үлде мен бүлдеге оранып өспеген бала болсам да, сол отбасында, сол әкенің, сол шешенің қызы болып, сол дәуірде туғаныма ризамын. Ауылдың шаң-топырағын жалаңаяқ кешіп жүріп жүгірген, еркін өскен баламын. Анам қазір ғана оттан түскен, табадан шыққан ыстық нанды шүберекке орап, сәкіге сүйеп қоятын. Кастрюльге шұбат құйылып, қасында бір кесе тұратын. Ойнап жүрген біздің келетінімізді біліп дайындап қойғаны. Қазіргі бала бір-бірінің кесесінен, қасығымен ішпейді ғой. Ол кезде бәріміз шұрқыраса жүгіріп келіп, шаң-шаң, айғыз-айғыз қолымызбен ыстық нанды шетінен үзіп-үзіп алып, аузымызға бұралай тығып жіберіп, әлгі кесеге бір ожау шұбатты құямыз да, кезектесіп сіміріп аламыз. Сосын қайтадан құлдыраңдай жүгіріп кетіп, ойынға қойып кетеміз. Егер маған балалық шағыңды қайта таңдау мүмкіндігі туып тұр десе, еш ойланбастан сол өзім сүріп кеткен шырын шағымды аттай қалап алар едім. Балалығымды жиі сағынамын. Ойласам жүрегімді нұрға, жанарымды жасқа толтыратын құдіреті бар. Ал анамнан талапшыл мінезі дарыған болар.

Жылда жазда демалысқа бара жатқанда анама «мама, бауырсақ пісіріп қойыңызшы» деп қоңырау шалатынмын. Қара суға ғана илеп пісіретін бауырсағын әлі күнге іздеп тұрамын. Анам мен келеді дегеннен-ақ бауырсақ пісіре бастайды екен қазір де.

– Өміріңізде естен кетпес ең әсерлі сыйлық?

– Сыйлықтың түр-түрі бар ғой, қымбат ішік, әшекей бұйымдар деген сияқты. Ал мен үшін ең ғажап сый тұңғышымыз Айшаның өмірге келуі болды. Ол тұста қазіргі жастар секілді көп нәрсені білмеген екенбіз, қызыммен бірге жылап, бірге күліп, бірге өсіппін ғой.

– Тауыңыз шағылған сәттер көп пе? Жалпы, қандайсыз, күйреуіксіз бе, күрескерсіз бе?

– Тауым шағылған сәттер болды. Бірақ күйреген емеспін. Сүрінген сәттерім болған шығар, бірақ құламадым. Мен өзімді өзім қайраған адаммын. Әрдайым бірінші болуға талпынған жанмын. Өз-өзіме «мен үшін «болмайды» деген нәрсе болмауы керек» деп шарт, талап қойып өскенмін. Адамның жасағанын адам жасайды ғой. Бүгінде қазақ оркестрімен де, симфониялық оркестрмен де, эстрадамен ән айта беретінім сол о баста өзіме қойылған талаптың шыңдалған сәті деп білемін.

– Неден қорқасыз?

– Іздеусіз қалудан қорқамын. Егер концерттерге шақырылмай қалсам, ол маған ауыр тиген болар еді. Сондықтан, шынымды айтсам, телефонымды да өшірмейді екенмін. Сахна – менің демім, тынысым. Сол үшін өзімді таусылғанша сарқа пайдалануды мақсат еткен адаммын. Өнерімді бағалайтын тыңдарманым үшін ешқашан шаршамайтыным анық. Себебі адам бұл өмірді бір-ақ рет сүреді.

– Сұхбатыңыз үшін рахмет!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:46

11:21

11:16

11:10

11:09

11:03

11:02

10:52

10:52

10:38

10:25

10:25

10:13

09:47

09:38

09:35

18:43

18:37

17:57

17:54

17:46

17:40

17:39

17:23

16:32