«Халық батыры» көрмесі ашылды
3 сәуір – халық батыры Амангелді Имановтың туған күні. Осыған орай Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде батырдың туғанына 150 жыл толуына орай «Батырдың биік тұлғасы: тарихы, зерттелуі, ақиқаты» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Мерейтойға арналған конференцияның пленарлық отырысында мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар сөз алып, ұлт-азаттық көтерілістің көшбасшыларына, соның ішінде А.Имановтың тарихи тұлғасына қатысты пайымдарын ортаға салды.
«1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысқа қатысушыларды еске алу - елдің тарихи дамуының кез келген кезеңіндегі маңызды үрдіс. Ел тарихын әйгілі тұлғалар арқылы зерделеу халық тағдырындағы аса маңызды өзгеріс болып танылатын: аумақтар үшін күрес, сыртқы жауға қарсы тұру, мемлекеттің бостандығы мен тәуелсіздігін қорғау, маңызды саяси және мәдени жетістіктермен байланысты. Осындай тұлғалар қатарында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің басшыларының бірі, патша әскеріне қарсы күрестің белсенді қатысушысы Амангелді Иманов бар. Біз бүгінгі ғылыми жиында Амангелді батырдың ұлт тарихындағы тағылымды орны, оның күрескерлігі халқымыздың бірлігін сақтауға арналғаны жөнінде ғибратты ой-толғаулар мен түйінді тұжырымдар айтылады деген ойдамын», - деді ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов.
Конференция аясында Қостанай облысы музейлерінің қорынан «Халық батыры» атты көрме салтанатты түрде ашылды. Көрмеде тыл жұмыстарына шақыру туралы патша жарлығының жариялануына байланысты архив құжаттарының көшірмелері мен фотосуреттер, Амангелді Имановтың домбырасы, А.Имановтың туыстарының жеке заттары, сарбаздардың қару-жарақтары және Қазақстанның халық суретшілерінің туындылары қойылды. Көрме Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде 2023 жылғы 3 сәуірден 3 мамырға дейін жұмыс істейді.
Бүгін кешкісін Е.Рахмадиев атындағы Астана мемлекеттік филармониясының шығармашылық ұжымдары «Дала дауылпазы» атты концерттік бағдарлама ұсынып отыр.
Жалпы, Қостанай облысында А.Имановтың мерейтойына қатысты арнайы іс-шаралар жоспары қабылданған. Қорытынды мерейтойлық шаралар алдағы қыркүйек айында Амангелді ауданында өтеді деп жоспарланып отыр.