Халықаралық әйелдер күні бүгінде әлем мойындаған мереке. Алайда оның мәні әркім үшін әрқалай. Бастапқыда бұл күн саяси әрі әлеуметтік наразылықтың белгісі болды. Біреулер үшін ол әлі де теңдік жолындағы күрестің символы болса, енді біреулер үшін көктем мен махаббаттың мейрамы.
Халықаралық мереке қалай пайда болды?
Әйелдерге арналған мейрамдар ежелгі өркениеттерде де кездескен. Алайда қазіргі 8 наурыздың бастауында XIX–XX ғасырлардағы Америкадағы жұмысшы қозғалысы тұр.
Әйелдердің алғашқы құқық қорғау шерулері
1857 жылдың наурыз айында Нью-Йорк қаласында тоқыма және аяқ киім фабрикаларында еңбек еткен жүздеген әйел көшеге шығып, 16 сағаттық ауыр жұмыс күніне және ерлермен салыстырғанда жалақының төмен болуына қарсы наразылық білдірді. Бұл оқиға тарихта «бос қазандар маршы» деген атпен қалды.
Жарты ғасырдан кейін, 1908 жылы, Нью-Йорктегі 15 мыңға жуық жұмысшы әйел ауыр еңбек жағдайына қарсы ереуілге шықты. Ал 1909 жылдың наурызында сол ереуілге қатысқан әйелдердің құрметіне алғаш рет арнайы күн аталып өтті.
Америкалық жұмысшы әйелдердің бұл бастамасы социалистік қозғалыс аясында жалғасын тапты. Оның белсенді жетекшілерінің бірі неміс коммунист қайраткері Клара Цеткин болды. Оның өмірбаянын зерттеген Ганна Ильбергтің пікірінше, дәл осы қайсар әйелдің табанды күресі Әйелдер күнін бекітуге негіз болған.
8 наурызды кім ұсынды?
1910 жылы Копенгаген қаласында өткен Екінші халықаралық социалист әйелдер конференциясында Клара Цеткин әйелдердің тең сайлау құқығы мен эмансипациясы үшін күрес күнін белгілеуді ұсынды. Конференцияға 17 елден келген делегаттар бұл ұсынысты бірауыздан қолдады. Бұл бастама тек жұмысшы әйелдерді ғана емес, барлық әйелдерді біріктіруге бағытталды. Ол әйелдерді қоғамның дербес әлеуметтік күші ретінде мойындаудың маңызын көрсетті.
8 наурыздың тарихи жолы
1911 жылдан бастап Германия, Австрия, Дания, Швейцария, Франция, Ресей, Чехия, Венгрия елдерінде әйелдер өз құқықтары үшін күрес күнін атап өте бастады. Бірақ нақты күні белгіленбегендіктен, мереке наурыз айының 2-сінен 19-ына дейін әртүрлі күндерде өткізілді.
1914 жылы соғыс қаупі күшейген тұста еуропалық әйелдер милитаризмге қарсы және сайлау құқығы үшін 8 наурыз күні шеруге шықты. Бұл күн 1857 жылғы алғашқы жұмысшы әйелдер наразылығына орайластырылды.
1917 жылы Ресейде, Петроград қаласында, 23 ақпанда (жаңа күнтізбе бойынша 8 наурыз) жаппай митингілер мен шерулер басталды. Әйелдер соғысқа қарсы, азық-түлік тапшылығына қарсы үн көтерді. Бұл толқулар кейін монархияны құлатқан революцияға ұласты.
1921 жылы 8 наурыз әйелдердің осы тарихи қозғалысын еске алу күні ретінде ресми түрде бекітілді.
1966 жылы Кеңес Одағында 8 наурыз демалыс күні болып жарияланды. Уақыт өте келе оның феминистік мазмұны бәсеңдеп, ол барлық әйелдерді құрметтейтін мерекеге айналды.
1975 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы өткізген Халықаралық әйелдер жылы аясында 8 наурыз ресми түрде Халықаралық әйелдер күні деп жарияланды. Ал 1979 жылы әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы Конвенция қабылданды, осы кезеңнен бастап 8 наурыз күрес күнінен гөрі әйелдерге құрмет көрсететін мереке сипатына ие болды.
8 наурыз әлемде қалай тойланады?
Халықаралық әйелдер күні бүгінде 40-тан астам елде аталып өтеді. Дегенмен оның мазмұны әр елде әртүрлі.
Посткеңестік кеңістікте
Бұрынғы кеңестік республикалардың көбінде 8 наурыз кеңінен тойланады. Қазақстанда бұл күн мемлекеттік мереке әрі ресми демалыс болып саналады.
Бұл күні ер азаматтар гүл шоқтарын әзірлеп, анасына, жарына, әпке-қарындастарына және әріптестеріне сыйлық сыйлап, жылы лебіздерін білдіреді. Үйлер мен кеңселер гүлге толып, әйелдер ерекше құрметке бөленеді.
Армения елінде 7 сәуір – Аналар мен сұлулық күні болып бекітілген. Дегенмен 8 наурызды құттықтау дәстүрі де сақталған.
Түркмения 2008 жылдан бастап 8 наурызды қайта атап өтіп, әйелдерге мемлекет атынан ақшалай сыйлық табыстау дәстүрін енгізген.
Италия
Бұл күні италиялық әйелдер өздерінің тәуелсіздігін ерекше атап өтіп үшін достарымен бірге мейрамхана мен кафелерде бас қосады. Ал ерлер мимоза гүлін сыйлайды – ол 8 наурыздың символына айналған.
Қытай
Бұл елде ресми демалыс болмаса да, әйелдерге жұмыс күнін қысқарту мүмкіндігі беріледі.
Вьетнам
Мұнда 8 наурыз ежелгі Чынг апалы-сіңлілерін еске алу күнімен сабақтас.
Франция
Бұл елде мереке өзінің бастапқы мәнін сақтаған, әйелдер құқығы мен гендерлік теңдік мәселелері көтеріліп, акциялар ұйымдастырылады.
Польша
Қоғамда бұл күнге деген көзқарас екіұшты, біреулер оны кеңестік кезеңнің қалдығы деп санаса, енді біреулер көктемгі дәстүрлі мереке ретінде қарсы алады.
Мерекенің символикасы
Халықаралық әйелдер күнінің ресми түстері – күлгін, жасыл және ақ.
Күлгін – әділдікті, жасыл – үмітті, ақ – тазалықты білдіреді.
Әлем әйелдерінің күреске толы тарихы бүгінгі көктем мерекесінің дәстүрлерінен көрініс тапқан. Бірақ ұлты мен мәдениетіне қарамастан, барлық әйелге ортақ бір сезім – алғыс пен махаббат сөздерін еститін ерекше күннің болғаны қуантады.