Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елімізде кәсіпкер ретінде қызмет етіп жүрген блогерлерге үндеу жасады. Бұл туралы министр әлеуметтік желіде видеоүндеу жариялады.
Аида Балаеваның айтуынша, осы жылдың 10 шілдесінде елімізде қауіпсіз онлайн ортаны құруға бағытталған «Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы» заңға қол қойылды. Аталған заңдағы негізгі құқықтық тетіктердің бірі - желідегі жарнаманы таңбалау міндеті.
Әлемнің жетекші елдері онлайн жарнаманың маңызды рөлі және оны мнтернетте таратуға ерекше мән береді. Мысалы, Франция, Белгия, Ұлыбритания және Италия секілді бірқатар елде блогерлер қызметі құқықтық актілермен реттеледі. Бұл ережелер әлеуметтік желідегі маркетингтің артында ашықтық мен адал бәсекелестікті қамтамасыз етеді. Ал Қазақстанда коммерциялық материалдарға жарнама деген белгі қою негізгі талаптардың бірі. Аудитория таратылып отырған ақпараттың ақылы жазылғанын білуі тиіс.Сонымен қатар тамызда біз онлайн жарнаманы таңбалау ережелерін жарияладық. Онда жарнамалық материалдарға арнай белгі қою міндеттері бар. Соған сәйкес ақылы материалдар мемлекеттік немесе орыс тілінде ұсынылатын нұсқалардың бірімен белгіленуі қажет.
Мысалы, жарнама-реклама, жарнамалық материал – рекламный материал, серіктестік материал- партнерский материал, демеушлік материал- спонсорский материал, жарнама құқығында – на правах рекламы, демеушімен төленген – оплачен спонсором, PR құқығында - на правах PR деген белгілері болуы қажет. Интернеттегі жарнаманы таңбалау әлемдік тәжірибе үшін ғана қолға алынған жоқ. Бұл әлеуметтік желідегі нарықтық қатынастар мәдениетін қалыптастыру үшін қажет.
Министр бұл заң блогерлерге кәсіпкерлік кодекске сәйкес ақылы қызмет көрсету міндеттерін жүктейтінін ескертті.
«Яғни, олар кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлеуі тиіс. Бүгінгі таңда құзіретті органдар маркетингтік қызмет көрсететін блогерлердің статусын анықтаумен айналысуда. Осы кәсіп түрімен пайда тауып жүрген азаматтар тиісті мекемелерге тіркелмеген жағдайда заңсыз кәсіпкерлік қызметі үшін жауапкершілік бар екенін еске саламын. Бірінші кезеңде Мемлекеттік кірістер комитеті ірі блогерлерге тәуелсіз мониторинг жүргізіп, оның негізінде бақылау жүргізді. Алдағы уақытта біздің ведомство мен салық органы арасында бірлескен жұмыс ұйымдастырылады. Сонымен бірге блогерлер өздерінің жарнама берушілеріне мұқият болуы қажет. Өйткені, әлеуметтік желідегі әр ақпарат үшін жарнама жасаушы толық жауапкершілікте болады. Мәселен, соңғы кездері қаржылық пирамидаларды насихаттағаны үшін жауапкершілік айтарлықтай күшейді. Енді қылмыстық кодекске сәйкес қаржылық пирамидаларға жарнама жасағандарға 2 мың АЕК айыппұл, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға жегу немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі. Қылмыстың ауырлығына қарай мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған», - деді ол.
Сонымен қатар Аида Балаева елімізде тексерілмеген ақпаратты таратқан әлеуметтік желі қолданушысына да жауапкершілік қарастырылғанын айтты.
«Құқықбұзушылықтың ауырлығына қарай әлеуметтік желі қолданушылары әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Егер құқықбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, 10 тәулікке қамауға алынады немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Біз жалған ақпаратты анықтау үшін тәулік бойы мониторинг жүргіземіз. Бәріміз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды, қылмыстық және азаматтық кодексті сақтау керектігін ұмытпауымыз керек», - дейді министр.