AI & Digital Bridge 2026 халықаралық көрмесінде түрлі салаларға арналған отандық жасанды интеллект шешімдері мен инновациялық цифрлық әзірлемелер таныстырылды. Атап айтқанда, көрмеде мұнай-газ өнеркәсібі, мемлекеттік қызметтер және робототехника салаларындағы ауқымды бастамалар мен технологиялық жобалар ұсынылды.
ҚазМұнайГаз ұсынған ЖИ негізіндегі цифрлық телнұсқасы мұнай өндіру тиімділігін екі есеге арттыруға мүмкіндік береді: бір ғана шешімнің өзі 600 млн теңге үнемдеуге жол ашты.
Инженерлік шешімдер дәлдігін арттыру жүздеген миллион теңге үнемдеуге мүмкіндік береді
«ҚазМұнайГаз» Шығыс Молдабек кен орнында жасанды интеллект технологияларын қолданатын цифрлық телнұсқаны енгізді. Бұл туралы компанияның басқарма төрағасы Асхат Хасенов мәлімдеді.
Жүйе қабаттың, ұңғымалар мен инфрақұрылымның моделін жасап, бірнеше сағат ішінде кен орнын игерудің 600-700 сценариін есептеп, бұрғылау үшін оңтайлы нүктелерді анықтайды. «ҚазМұнайГаз» компаниясының Шығыс Молдабек кен орнының ЖИ негізіндегі цифрлық телнұсқасы мұнай өндіру тиімділігін екі есеге арттырып, мұнай алу коэффициентін 14%-дан 30%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Алдағы бес жылда бұл технологияны 12 кен орнына енгізу жоспарланып отыр. Бұл компания өндірісінің 90%-ын қамтып, қосымша кемінде 2,9 млн тонна мұнай өндіруге жол ашты.
«Бұған дейін есептеулерге бірнеше ай кететін. Қазір бұл жұмыс бірнеше сағатта атқарылады. Учаскелердің бірінде ЖИ алты тік ұңғыманың орнына екі тік және екі көлденең ұңғыма бұрғылау қажет екенін көрсетті. Осы шешімнің өзі шамамен 600 млн теңге үнемдеуге мүмкіндік береді», — деді ҚМГ басқарма төрағасы Асхат Хасенов.
1414 байланыс орталығының виртуалды көмекшісі 27 мыңға жуық қоңырауға жауап берді
Цифрландыру және Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында 1414 байланыс орталығына жүгінген азаматтарға кеңес беретін виртуалды көмекші әзірленіп, іске қосылды.
Мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Арман Кенжегалиевтің айтуынша, қазіргі таңда көмекші сұранысқа ие мемлекеттік қызметтер бойынша, жеке басты куәландыратын құжаттарды алу, жылжымайтын мүлікті және заңды тұлғаларды тіркеу, жүргізуші куәлігін алу, әлеуметтік аударымдар мәселелері бойынша кеңес береді. Алдағы уақытта көмекшіні анықтамалар беруге үйрету жоспарланып отыр.
«Жақын арада динамикалық қызметтерді де қосуды жоспарлап отырмыз. Олардың қатарында психоневрологиялық, наркологиялық және туберкулез диспансерлерінен анықтама алу, азаматтың сотты болуы, әкімшілік айыппұлдар мен Қазақстан аумағынан шығуға қойылған шектеулерді тексеру қызметтері бар», — деді Арман Кенжегалиев.
Жүйе мемлекеттік тілде қызмет көрсетеді, сондай-ақ орыс және аралас тілдерде жұмыс істейді. Қазіргі таңда виртуалды көмекші 27 мыңға жуық қоңырауға жауап берген. Оның шамамен 40%-ын бірінші желідегі операторларға қоспай, өз бетінше өңдеген.
Қазақстанда Астанада жергілікті хабы бар робототехниканың жаңа индустриясы құрылады
Мемлекет басшысының Шанхайға сапары аясында робототехника саласындағы әлемдік көшбасшы Unitree компаниясымен стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Келісім озық технологиялық бағыттарды дамыту мен инновациялар енгізуді көздейді. Бұл туралы AI & Digital Bridge 2026 көрмесінде Qazbot компаниясының бас директоры Владислав Сафаров мәлімдеді.
«Біздің мақсатымыз – Қазақстанда робототехниканың жаңа индустриясын құру. Бірінші кезеңде Астана қаласында жергілікті өңірлік хаб салу жобасын жүзеге асырамыз. Біз өнімнің үш бағытын – гуманоид роботтарды, RobotDogs роботтарын және сауда орталықтары мен қонақүйлерге арналған сервистік роботтар шығарамыз», — деді Владислав Сафаров.
Пилоттық жоба Астана мен Алматы қалаларын қамтиды. Бұл қалаларда роботтар LRT мен әлеуметтік нысандарда және басқа да орындарда халыққа ақпарат беру үшін пайдаланылады.