Әділеттілік ең алдымен адамның өзінен басталуы керек

Әділеттілік ең алдымен адамның өзінен басталуы керек Сурет: pixabay
  • Орайы келген әңгіме

Мәнсия САДЫРОВА, әлеуметтану ғылымының докторы, профессор: 

Әділеттілік ең алдымен адамның өзінен басталуы керек

Қоғамдағы әділеттілік ұғымы – заң нормаларымен ғана шектелмейтін, адамның ішкі түйсігі мен өмірлік тәжірибесінен тамыр алатын терең құндылық. Әділетті қоғам құру – тек мемлекеттің ғана емес, бүкіл азаматтық қоғамның, әрбір жеке тұлғаның ортақ жауапкершілігі.

Жас ұрпақты әділеттілікке баулу, санасына адалдық пен жауапкершілік ұғымдарын сіңіру – болашақта мейірімді, парасатты ұрпақ қалыптастырудың кепілі. Білім беру, медицина, еңбек нарығы, әлеуметтік қолдау сынды өмірдің әр саласында тең мүмкіндік пен әділ бағалау қамтамасыз етілсе ғана сенім қалыптасады. Ал сенім бар жерде – сапа, тұрақтылық және даму бар.

Әділеттілік принципінің түрлі қырлары, яғни әлеуметтік теңдік, білім мен денсаулыққа қолжетімділік, еңбек нарығындағы әділдік, жастардың кәсіби дамуы, сондай-ақ күнделікті қарым-қатынастағы қарапайым адамгершілік әдебі – мұның барлығы әділетті қоғамның негізін құрайды. Осы құндылықтар үйлесім тапқанда ғана қоғамда сенім орнап, әр азамат өзін құрметті, қорғалған әрі тең сезіне алады.

Қазақстан қоғамындағы әділеттілік  және осы тараптағы басқа да мәселелер төңірегінде біз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Мәнсия Сапарғалиқызымен сұхбаттасқан едік.

– Мәнсия Сапарғалиқызы, сіздіңше, қазіргі Қазақстан қоғамында әлеуметтік әділеттілік ұғымы қаншалықты жүзеге асып отыр?

– Қазіргі таңда кез келген мемлекеттің басты ұстанымдарының бірі – әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету. Бұл дегеніміз – қоғамдағы барлық азаматтарға өмір сүруге қажетті жағдай жасау. Осыған байланысты әлеуметтік саясат әр мемлекетте, соның ішінде Қазақстанда да жеке бағыт ретінде жүзеге асады. Әлеуметтік әділеттілік – адамдар арасындағы қарым-қатынастағы теңдік пен құқықтық тепе-теңдікті сақтауға негізделеді. Ол мемлекеттегі заңдық және құқықтық нормалар арқылы әртүрлі әлеуметтік топтардың мүддесін қорғауға бағытталған. Әділеттілік бар жерде, әрине, белгілі бір дәрежеде қайшылықтар мен теңсіздіктер де қатар жүреді. Қазақстан қоғамында да мұндай жағдайлар жиі байқалады. Себебі әр адам өзінің жасына, жынысына, кәсібіне және әлеуметтік рөліне байланысты қоғамда әртүрлі орын алады. Сондықтан әлеуметтік әділеттілік принципі әр адамның еңбегі мен атқарып отырған рөліне сай марапатқа ие болуын көздейді. Егер адамның еңбегі лайықты бағаланбаса – бұл әділетсіздік болып саналады.

Қазақстанда бұл принципті жүзеге асыру жолында белгілі бір деңгейде құқықтық және әлеуметтік қолдаулар бар. Заңдар арқылы халықтың әлеуметтік осал топтары – зейнеткерлер, балалар, жастар, көпбалалы отбасылар – мемлекет тарапынан түрлі жәрдемақы мен көмекке ие болуда.

Алайда іс жүзінде бұл көмектердің барлығы бірдей толық және әділетті түрде жүзеге аса бермейді. Кейде әлеуметтік топтардың өздеріне тиесілі құқықтарынан қағылып жататынын көреміз. Сонымен қатар қазіргі қоғамда кейбір азаматтардың өз қызметтік лауазымын пайдалана отырып, басқаларға үстемдік көрсетуі, төмен тұрғандарды мойындамауы, сыбайлас жемқорлыққа жол беруі – әлеуметтік әділеттілікке кері әсер ететін факторлар.

Демек, әділетті қоғам қалыптастыру үшін заң мен ар-ожданға негізделген ортақ жауапкершілік пен сана қажет.

Айта кетерлігі, бүгінгі күні тұрғындардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру – өзекті мәселелердің бірі. Азаматтар өзіне тиесілі құқықтарды біліп қана қоймай, сол құқықтық нормаларды талап ете білуі, қолдана алуы, және оны мәдени түрде жүзеге асыруы қажет. Қазіргі кезеңде әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға арналған арнайы онлайн платформалар мен сайттар бар. Алайда, өкінішке қарай, көптеген азаматтар бұл ресурстардың бар екенін біле бермейді. Соның салдарынан кейде әлеуметтік көмек дер кезінде көрсетілмей, кешігіп жатады. Екінші жағынан, әлеуметтік көмектің уақытылы әрі тиімді түрде ұсынылуы – жергілікті атқарушы органдардың, әсіресе акиматтардың тұрғындармен тығыз әрі жүйелі байланыс орнатуына байланысты. Яғни тұрмысы төмен, мүгедек, немесе төсек тартып жатқан науқас адамдардың нақты саны, тұратын жері, оларға қандай көмек қажет екені туралы база толық әрі жаңартылып отырса – бұл да азаматтардың өмір сапасын едәуір жақсартар еді.

– Елімізде бай мен кедейдің арасы неге алшақтап барады?

– Бай мен кедей арасындағы айырмашылық – тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде байқалатын құбылыс. Қазіргі кезеңде бұл алшақтықты дамыған елдердің өзінен де көруге болады. Дегенмен, бұл айырмашылық шектен тыс ұлғайып кетпеуі тиіс. Экономистердің айтуынша, бай мен кедей арасындағы табыс арақатынасы 1:8-ден аспауы керек. Өкінішке қарай, дамуы төмен елдерде бұл арақашықтық едәуір артып кеткен. Мұндай теңсіздік көбіне мемлекеттің тұрақсыздығына, денсаулық сақтау, экология, білім беру салаларындағы дағдарыстарға, тіпті әлеуметтік толқуларға алып келуі мүмкін.

Бай мен кедей арасындағы айырмашылықты азайту мақсатында мемлекет белгілі бір құқықтық және әлеуметтік нормалар қабылдайды. Дегенмен, әр адамның табыс деңгейі, денсаулығы, алған білімі мен белсенділігі, еңбек етуге деген қабілеті – бәрі де жеке мүмкіндіктерге байланысты.

Жалпы, Қазақстанда кез келген адамға жағдай жасалған: жақсы білім алып, грант жеңіп алып, еңбектену арқылы белгілі бір деңгейге көтерілуге мүмкіндік бар. Алайда кедейліктің тағы бір қыры – мүмкіндіктің теңсіздігі. Мысалы, ауқатты отбасы баласына сапалы білім, денсаулығын күту, шетелде оқыту сынды жағдай жасай алады. Ал тұрмысы төмен отбасының баласы үшін бұл мүмкіндіктер қолжетімсіз болуы ықтимал. Денсаулығы күрт нашарлап, еңбек ету қабілетінен айырылған адам да кедейлік шегіне өтіп кетуі мүмкін. Бұл әділетсіздік пе, әлде нарық заңдылығы ма? Бұл сұрақтың жауабы – күрделі.

Нарықта әркім бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Ол үшін сапа, еңбекқорлық, біліктілік қажет. Егер адам осы талаптарға сай болса, ол жоғары жалақыға, табысқа қол жеткізе алады. Демек, нарық – бір жағынан әділетті, екінші жағынан қатал.

Социализм кезеңінде болған теңгермешілік саясаты адамдардың бәрін бір деңгейде ұстап тұрғысы келді. Бұл бір жағынан теңдік әкелгенімен, екінші жағынан белсенді, мақсат қойып әрекет ететін адамдардың еркіндігін шектеді.

Сондықтан қазіргі қоғамда нарыққа ілесу, мүмкіндікті пайдалану, білім мен еңбекті бағалау – әлеуметтік алшақтықты азайтудың басты жолы деп ойлаймын.

– Сапалы білім мен денсаулық қызметтеріне тек белгілі бір топтардың ғана қол жеткізуі әлеуметтік әділеттілікке қайшы емес пе? 

– Сапалы білім мен денсаулық сақтау қызметтеріне барша азаматтардың бірдей деңгейде қол жеткізуі, әрине, маңызды. Бірақ бұл – толық жүзеге аспай отырған мәселе. Бұл жағдай көбіне азаматтардың экономикалық және қаржылық мүмкіндіктеріне тікелей байланысты. Екінші жағынан, білім мен денсаулыққа деген құндылық, ішкі жауапкершілік те үлкен рөл атқарады.

Бүгінгі таңда мемлекет грант арқылы тегін білім алуға, медициналық сақтандыру негізінде емделуге, квота арқылы операция жасатуға мүмкіндік беріп отыр. Демек, бай болсын, кедей болсын – егер бала грантқа түссе, сапалы білім алуға жол ашық. Бірақ оның болашақтағы мүмкіндігі – өзінің мотивациясы мен оқуға деген көзқарасына байланысты. Егер кәсіби білім тек диплом үшін ғана алынса, еңбек нарығында сұранысқа ие болмауы мүмкін.

Медициналық қызметтерге келсек, бұл салада ақпараттық сауаттылық жетіспейді. Көптеген азаматтар мемлекет тарапынан қандай медициналық көмектердің ақысыз екенін, қандай жағдайларда санаторийге, курортқа, немесе реабилитациялық қызметке жүгінуге болатынын білмейді. Осы тұста ақпараттық кеңес беру қызметін күшейту қажет.

«Бұл әділеттілікке сай ма әлде сай емес пе?» деген сұраққа келсек, қазіргі нарықтық жағдайда мемлекет барлық азаматқа тең көлемде көмек көрсете алмайды. Сондықтан бұл жерде мәселе тек мемлекеттің мүмкіндігінде емес, азаматтардың өз құқықтары мен заңдық нормалардан қаншалықты хабардар екеніне де байланысты.

Әділеттілік пен әділетсіздік мәселесі көбінесе отбасының ұстанымына, қаржылық мүмкіндігіне келіп тіреледі. Мысалы, «инвестиция» деген ұғым тек бизнеске емес, білім мен денсаулыққа да қатысты. Бір қызығы, жалақысы жоғары болса да, кейбір азаматтар денсаулығын екінші орынға ысырып қояды. «Жұмысымнан айырылып қалмайын», «жалақым кешікпей түссе болды» деп жүріп, өз денсаулығына көңіл бөлмей, кейін ауыр жағдайға душар болуы мүмкін. Демек, бұл жерде мәселе – тек қаржыда емес, адамның өз денсаулығына, өз болашағына деген көзқарасында, яғни құндылықтық таңдауы мен мәдени ұстанымында жатыр. Адам өзіне жауапкершілікпен қарап, алдын ала әрекет ете білсе, әділеттілік те соның ізімен жүреді.

– Ауыл баласы мен қала баласының мүмкіндігіне қатысты теңсіздікті қалай жоюға болады?

– Ауыл мен қала мектептерінің мүмкіндіктері, әрине, бірдей емес. Дегенмен мемлекет тарапынан білім беру саласына қойылатын талаптар барлық өңірлерге ортақ. Бірақ ауылдық жерлерде мұғалімдердің жетіспеуі, кәсіби мамандардың аздығы, цифрлық платформалар мен интернет ресурстарын қолдану мүмкіндігінің төмендігі, қосымша білім беру орталықтарының жоқтығы – мұның бәрі оқушылардың білім алу мүмкіндіктеріне кері әсер етеді. Соған қарамастан, меніңше, қазіргі кезеңде бұл тек мектептің емес, баланың өзіне де байланысты. Себебі интернет бар, көптеген білім платформалары ашық. Бағдарламалар да – қала мен ауылда бірдей. Ендеше,  баланың талабы мен ынтасына да көп нәрсе байланысты.

Біз биылғы ҰБТ нәтижелерінен көріп отырмыз: Шымкент пен өзге де қалалардың түлектері жоғары балл жинап жатыр. Бірақ бұл дегеніміз – тек қала балалары ғана мықты деген сөз емес. Бұл – біздің санамызда қалыптасқан бір ескі стереотип сияқты. Ауыл мектебінен шығып, өте сапалы білім алған жастар да аз емес.

Тарихқа көз жүгіртсек, алғашқы қазақ интеллигенциясының басым бөлігі – ауылдан шыққан жастар. Олар ауыл мектебін бітіріп, Алматыға, Мәскеуге оқуға түсіп, ел дамуына елеулі үлес қосты. Менің өзім білетін бір мысал: ауыл мектебінде оқыған кейбір балаларды тіпті Мәскеу университеттері арнайы шақырған. Сондықтан бұл – көбіне ізденістің, талаптың, жігердің мәселесі. Иә, ауыл мен қала жағдайы екі түрлі. Бірақ қалада оқып жүріп те мүмкіндікті пайдаланбаған балалар көп. Яғни, бұл жерде ыңта, ниет және ішкі мотивация бәрінен маңызды.

Ауыл мен қала мектептері арасындағы теңсіздікті, сондай-ақ жоғары білімге қолжетімділікті қалай теңестіруге болады деген сұрақ бүгінде өте өзекті. Соңғы жылдары ауылдық жерлерде заманауи мектептер ашылып, жас мамандарды ауылға тарту мақсатында түрлі ынталандыру шаралары жүргізіліп жатыр. Білім сапасын арттыру үшін ең маңызды факторлардың бірі – инфрақұрылымды дамыту, атап айтқанда, интернеттің сапалы әрі тұрақты жұмыс істеуі. Сонымен қатар, оқу құралдары мен материалдық база жағынан ауыл мектептеріне жеткілікті қолдау көрсетілсе, бұл да білім берудегі теңсіздікті жоюға айтарлықтай әсер етеді деп ойлаймын.

– Ал жалақыдағы үлкен айырмашылық — әлеуметтік әділетсіздіктің көрінісі ме әлде еңбек нарығының заңдылығы ма?

– Жалақыдағы айырмашылық – көпшілік байқайтын көзге көрініп тұрған теңсіздік. Иә, бұл тек Қазақстанда ғана емес, кез келген дамыған елдерде де бар мәселе. Бірақ жалақыдағы алшақтық өте үлкен деңгейге жетпеуі тиіс. Сол кезде ғана мемлекет бай мен кедей арасындағы әлеуметтік теңгерімді сақтай алады. Жалақының өзі көптеген экономикалық факторларға байланысты. Оған атқаратын жұмыстың күрделілігі, жауапкершілік деңгейі, тарифтік сетка, еңбек өтілі, маман тапшылығы және кәсіби дағды әсер етеді.

Кейде жастар университетті бітіре сала, жоғары жалақы күтіп жатады. Бірақ еңбек нарығының заңдылығына сәйкес, жаңадан бастаған, тәжірибесі жоқ маман ең төменгі жалақыдан бастайды. Бұл – қалыпты нәрсе. Сондықтан жастарға жалақының қалай есептелетінін, қандай жағдайда өсетінін, карьералық сатылар қалай құрылады – осының бәрін ерте бастан түсіндіру маңызды.

Жалақыдағы айырмашылық – бір жағынан теңсіздіктің көрінісі болуы мүмкін, бірақ екінші жағынан, еңбек нарығының шынайы бейнесі. Қандай мамандық сұранысқа ие, қай салада кадр тапшы – солардың жалақысы да жоғары болады. Мысалы, IT саласы, ағылшын және басқа да шет тілдерін меңгерген мамандарға сұраныс жоғары, әрі жалақысы да соған сай. Демек, заманға сай білім мен біліктілік – жоғары табысқа апаратын жол. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – жастар үшін бәсекеге қабілеттілік пен өсуге деген мүмкіндік, мотивация көзі.

Кәсіби білімі жоқ жастар үшін қазіргі еңбек нарығында жоғары жалақы алу мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан бүгінгі таңда жастардың мамандық игеруге және алған білімін нақты тәжірибеде қолдана білуге ұмтылуы аса маңызды.

Кейде қоғамда «диплом болса болды» деген көзқарас кездеседі. Бірақ диплом – тек қағаз, ал нақты біліктілік пен қабілет – жұмыс беруші үшін басты көрсеткіш. Қазіргі таңда кез келген жұмысқа тұру үшін үміткер әңгімелесуден өтуі, тестілеу тапсыруы, өз мамандығын іс жүзінде дәлелдей алуы керек.

Демек қазіргі жастар үшін ең маңыздысы – бәсекеге қабілеттілік. Бұл – тек жақсы оқу ғана емес, сонымен қатар кәсіби икем, өмірлік дағды, үнемі даму мен үйренуге дайын болу. Сонда ғана олар еңбек нарығында өз орнын таба алады.

– Әлеуметтік әділеттілікті тек мемлекет қамтамасыз етуі керек пе әлде қоғамның да жауапкершілігі бар ма?

– Әділетті қоғам қалыптастыру – бұл тек мемлекеттің емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі деп есептеймін. Қоғам дегенде біз тек мемлекеттік органдарды ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік институттар, қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар, жеке тұлғалар мен әрбір азаматты да назарда ұстауымыз керек. Яғни бұл – барша халықтың ортақ міндеті.

Мемлекет өз тарапынан азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, құқықтық нормалардың сақталуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ қоғамдағы қайшылықтарды заң аясында реттеуге міндетті. Заң – әділеттің құралы, ал оны әділ әрі тұрақты түрде іске асыру – мемлекеттің жауапкершілігі. Ал азаматтық қоғам өкілдері, әсіресе қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтар, әділетсіздікке кезіккен сәтте үнсіз қалмай, өз үнін қосып, әділет орнауына ықпал етуі керек. Қазіргі таңда қоғамдық белсенділердің әлеуметтік әділетсіздікті ашық көтеріп, түрлі бастама жасап жатқаны – демократиялық қоғамның дамып келе жатқанын көрсетеді.

– Әділетті қоғам құрудың негізі неде?

– Бұл сұраққа жауап қоғам пайда болған сәттен бастау алады. Тарихта Платон, Аристотель, социал-демократтар секілді ойшылдар мен идеологтардың барлығының негізгі мақсаты – әділетті қоғам қалыптастыру болған. Олар ең алдымен адамдардың тең мүмкіндіктерге ие болуы, қанаудың болмауы, әркімнің өз орнын табуы секілді қағидаларды алға тартты. Демек, әділеттілік – әрбір қоғам мүшесінің аңсары, мақсаты. Бірақ философиялық тұрғыдан алғанда әділеттілік – салыстырмалы ұғым. Мысалы, бір дауда екі жақ та өзін әділетті деп есептеуі мүмкін. Шын мәнінде, әділеттілікті түсіну үшін сырт көзбен объективті бағалау, өз қатесін мойындай білу, артық кеткенін сезіну секілді мәдениеттілік қажет.

Көп жағдайда біз әділеттілікті тек мемлекеттен күтеміз. Алайда күнделікті өмірдегі қарапайым қарым-қатынастың өзінде әділетті болу маңызды: уәдеде тұру, ешкімді кемсітпеу, біреуді әдейі ұятқа қалдырмау, адал қызмет ету – осының бәрі әділетті қоғамға апарар жолдың бөлшектері. Меніңше, әділеттілік ең алдымен адамның өзінен басталуы керек. Өзіне адал болу, өз қатесін мойындау, сапасыз нәрсе жасаса – оны түзете білу, ұяла білу – осының бәрі адамның ішкі әділет ұғымының белгісі.

Жастарды біз осыған тәрбиелеуіміз қажет: әділет дегеніміз – тек заң емес, ар, ұят, жауапкершілік, сенім.  Қазіргі қоғамда әркім әділеттілікті әртүрлі түсінеді. Мысалы, кәсіпкер: «Баға өсті – мен де қымбаттаттым, бұл – әділетті» дейді. Тұтынушы: «Менің жалақым өспеді, азық-түлікке ақшам жетпейді» дейді.  Мұнда бәрінің көзқарасы дұрыс сияқты көрінеді, бірақ бұл – ортақ әділеттілік қағидалары болмағанының салдары. Тіпті тауар сапасын әдейі төмендетіп, пайда табу – адамның ұят деңгейі мен әділетке деген көзқарасын көрсетеді. Сондықтан әділеттілік – тек құқықтық ұғым емес, қоғамдағы сенім мен сапаның көрінісі.  Сапалы өнім, сапалы қарым-қатынас, шынайы сенім – әділетті қоғамның негізі.

– Әділетсіздікпен күресті неден бастау керек – заңнан ба әлде сана мен тәрбиеден бе?

– Әділеттілікті бала санасына кішкентай кезінен бастап сіңіру қажет. Себебі әділеттілік – тек заң арқылы емес, тәрбие арқылы да қалыптасатын қасиет.

Балаға қай жерде, қалай әрекет ету керек, не жақсы, не жаман, алдамау, біреуге қол көтермеу, ашуын тежей білу секілді қарапайым қағидалар саналы түрде үйретілуі керек. Міне, осы арқылы әділеттілік ұғымы біртіндеп бала санасына орнығады.

Сонымен қатар, әділеттілікке деген сенім адамның өмірлік тәжірибесіне де байланысты. Мысалы, мемлекетке, жұмыс орнына, басшыға деген сенім – егер әділет принципі бұзылса, бірге бұзылады. Осы себепті, «қоғамымыз әділетті ме?» деген сұраққа әр адам әртүрлі жауап беруі мүмкін. Бұл – әділет ұғымының өте күрделі әрі көпқырлы екенін көрсетеді. Шын мәнінде әділеттілік деген – іс пен нәтиженің сәйкестігі және оған лайықты марапаттың берілуі.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:20

15:07

14:55

14:31

14:18

13:44

13:25

13:17

13:10

13:03

12:59

12:02

11:48

11:46

11:25

11:22

11:14

11:05

10:47

10:47

10:44

10:31

10:18

10:10

10:05