ffin.kz

8 наурызда нәзік жандыларға қандай пайдалы сыйлықтар беруге болады?

8 наурызда нәзік жандыларға қандай пайдалы сыйлықтар беруге болады? Сурет: Inform.kz

8 наурызға дейін екі-үш күн бар. Дегенмен апта бойы қыздар қауымы үшін мерекені атап өту, сыйлықтар алу науқаны басталып кетті


Гүл, әтір, шоколад, әшекей, бағалы зат. Осы тізімнен басқа нәзік жандылар қауымына не сыйларыңызды білмей жүрген болсаңыз, онда сыйлық іздеген адамға пайдалы болар кеңес ұсынамыз, 


 Elorda.info сайты ұсынуға болатын бірнеше сыйлық нұсқаларын ұсыныпты.


Ауа ылғалдандырғыш


Үйге арналған сапалы ауа ылғалдандырғыш – адамның терісі мен өкпесі үшін ең пайдалы гаджеттердің бірі. Бұл, әсіресе, жылдың суық мезгілінде аса қажет: құрылғы ауаның ылғалдық деңгейін 30-50% аралықта ұстап тұруға көмектеседі. Ылғалдандырғыш сатып аларда оның қаншалықты ауданды ылғалдандыруға күші жететінін ескеріңіз: өкінішке қарай, шағын ауа ылғалдандырғыштар үлкен аумақтағы ауаның ылғалдық деңгейін жоғарылата алмайды.


Медициналық чек-ап сертификаты


Сапалы клиникалардағы чек-ап арзан тұрмайды, бірақ оның адам бойындағы қаншама аурудың алдын алып, дәрумендер дефицитін анықтайтынын ескерсек, кез келген қыз-келіншекке бұдан асқан пайдалы сыйлық жоқ. Қазіргі таңда жатыр мойны ісігі мен омырау қатерлі ісігі – әлем бойынша (оның ішінде Қазақстанда да) ең жиі кездесетін әрі жоғары қарқынмен өршіп бара жатқан онкологиялық ауру. Жақыныңызды осы сұмдық диагноздардан қорғағыңыз келсе, чек-ап сертификаты – нағыз сіз іздеген сыйлық.


Шаңсорғыш-робот


Үй тазалау – көбіне әйелдердің иығына түсетін ақы төленбейтін жұмыс. Үй ішінде өз бетінше жылжып, жолындағы шаң-тозаңды жинап жүретін шаңсорғыш-робот – кез келген қыз-келіншектің уайымын азайтатын шынымен де пайдалы гаджет. Әрине, ол арзан тұрмайды, бірақ соның көмегімен қаншама уақытты үнемдеуге болатынын ойлаңызшы. Айтпақшы, мұндай құрылғыларды, әсіресе, мысығы бар ханымдар сөзсіз ұнатады.


СПА-салонға сертификат


Кейде тауардан гөрі пайдалы қызмет түрін де сыйлауға болады. Күні бойы компьютердің алдында отыратын қыз-келіншектердің арқасына тұз жиналып, қимыл-қозғалысқа ыңғайсыздық туғызатыны белгілі. Сондайда 2-3 сағаттық СПА-бағдарламалар оның бойын балбыратып, өзін-өзі жеңіл сезінуіне көп көмектеседі. Сондай-ақ мұндай сыйлық – ертелі-кеш бала күтімімен үйде отырған келіншектер үшін де таптырмас тарту.


Концертке билет


Сүйікті әншісінің концертіне немесе әдемі мерекелік кешке билет әперсеңіз де, оны көл-көсір қуанышқа кенелтесіз. «Ең жақсы сыйлық – әсер» деген сөз бар. Жанды дауысты концерттен алған әсері оның есінде ұзақ жылдар бойы сақталары даусыз. Оның үстіне, 8 наурызға қарай концерттер легі де артады.


Бьюти-дүкен сертификаты


Тері күтіміне арналған құралдарды пайдаланбайтын қыз-келіншек жоқ. Ал сапалы күтім құралдарының бағасы шарықтап тұрғанын ескерсек, мұндай сертификат көп арудың көңілінен шығары анық. Алайда бұл тұста мынаны ескеруіңізді сұраймыз: егер сіз қызыңыздың/жұбайыңыздың/апа-қарындасыңыздың нақты қандай бренд өнімдерін тұрақты қолданатынына көзіңіз жетсе ғана сол дүкеннің сертификатын сыйлауға болады.


Сымсыз құлаққап


Қазіргі таңда сымсыз құлаққаптар қаншалықты қажетті әрі пайдалы дүние екенін сымсыз құлаққабы барлар ғана толықтай түсінеді. Сымсыз құлаққап арқылы әртүрлі шаруамен (мейлі спортпен) айналысып жатып-ақ музыка, подкаст тыңдауға, қоңырауға жауап беруге болады. Құлақ пен гаджеттің ортасын жалғап тұратын сымның жоқтығы сіздің қимыл-қозғалысыңызға кәдімгідей еркіндік береді.


Бос уақыт


Иә-иә, біз қателеспедік. Бос уақыт та – кейде әйелдер ең қатты қалайтын дүние. Егер жұбайыңыз немесе апа/қарындасыңыз ертелі-кеш кішкентай балаларымен үйде отырса, жанына барыңыз да, гүліңізді ұсынып тұрып: «Мен балаларды үш-төрт сағатқа алып қалайын, сен сыртқа шығып, қыдырып келе ғой» деңіз. Қалтасына 15-20 мың теңге салып жіберсеңіз тіптен тамаша! Шопинг жасай ма, құрбыларымен дәмханаға барып, әңгіме-дүкен құрып қайта ма, әйтеуір, әлгі уақытты барынша өзіне арнасын. Үйге оралғанда, оның бал-бұл жанған жүзі мен алғысқа толы көзі сіздің сыйлығыңыздың қаншалықты пайдалы болғанын білдірсе керек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

08:49

08:05

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30