Armani компаниясының негізін қалаған италиялық модельер әрі кәсіпкер Джорджо Армани 91 жасында өмірден өтті. Қайғылы хабарды Armani Group жеткізді. Джорджо Армани қалай Италияның ең бай адамдарының біріне айналды? Оның есімі неге табыстың синониміне айналды? Аqshamnews.kz редакциясы Армани туралы сіз білмейтін қызықтарды жинап шықты.
Бренд қызметкерлерінің айтуынша, кәсіпкер өмірінің аяғына дейін жаңа коллекциялар шығарған. Алайда 2 қыркүйекте денсаулығына байланысты брендтің негізгі жұмысын өзге адамдарға тапсыратынын мәлімдеді.
Кейінгі 50 жыл бойы Армани өзін сән индустриясына толық арнады. Ол бірнеше ірі жобаны жасаймын жоспарлағанымен, оларды аяқтап үлгермеді.
"Менің жоспарым – үнемі өзім көтеріп келген жауапкершілікті біртіндеп маған ең жақын адамдарға тапсыру. Олардың арасында Лео Делл'Орко, отбасымның мүшелері мен жұмыс тобы бар", – деп айтқан еді дизайнер сұхбаттарының бірінде.
Сымбат пен культке айналған есім
Көбі Джорджо Арманиді талғампаздықпен, қарапайымдықпен және мінсіз стильмен байланыстырылады. Қазір оны сән иконасы, силуэт шебері және архитектура ұстасы деп атайды. Бірақ көпшілік оның табыс жолы сән сахнасынан басталмағанын біле бермейді. 1960 жылдардың басында Армани Миландағы La Rinascente әмбебап дүкенінде қарапайым көмекші болып жұмыс істеді. Оның арнайы білімі де, ықпалды таныстары да болмаған.
Жастайынан Джорджо жалғыз жүруді ұнататын, көпшілік алдына шыққанды ұнатпайтын. Бұл мінезі бастапқыда кедергі сияқты көрінгенімен, кейіннен оның басты артықшылығына айналды. Ол әлемге сән шусыз-ақ мәңгілік бола алатынын дәлелдеді.
Медицинадан сәнге: алғашқы қадамдар
Жастық шағында Армани дәрігер болуды армандады. Әскерде жүргенде оны Веронадағы госпитальға жіберген, бұл оған медициналық факультетке түсуге түрткі болды. Бірақ үш жыл оқыған соң бұл мамандықтың өзіне сай емесін түсініп, университеттен кетті.
Бұдан кейін Джорджо La Rinascente дүкенінде жұмыс істей бастады. Табиғи талғамы мен әсемдікке деген сезімі оның мансабын өсірді: ол көмекшіден визуал мерчендайзерге, кейіннен стилист-консультантқа дейін көтерілді.
Жеткен тәжірибесіне сүйеніп, батыл шешім қабылдап, киім дизайнын жасап көруге бел буды. Осылайша Арманидің сән әлеміндегі жолы басталды. Ол миландық атақты модельер Нино Черрутидің қол астына жұмысқа тұрып, дизайн шеберлігін шыңдады. Қарапайымдылығына қарамастан, Армани табандылық танытып, ісіне адалдығын көрсетті.
Giorgio Armani бренді: өз ісін бастау
Арманидің мансабындағы бетбұрыс сәт оның іскер серіктесі Серджо Галеоттимен бірге өз брендін құру туралы шешім қабылдаған кезде басталды. Бастапқыда жинаған және сатқан көлігінен түскен ақшасын қолданған. Сөйтіп, 1975 жылы Giorgio Armani бренді алғашқы коллекциясын шығарды.
Бұл топтама бірден көзге түсті. Сызықтар, монохром түстер палитрасы мен ұстамды сымбаттылық оның айрықша белгісіне айналды. Классикаға жаңа көзқарас дизайнерге тез арада танымалдық әкелді. Архитектуралық силуэттер мен минимализм арқасында Армани өз брендіне тән қайталанбас стиль қалыптастырды.
Армани және Голливуд: сән кино өнерінде
Брендтің дамуына Голливудпен әріптестік үлкен рөл атқарды. Армани костюмдерді тек тігіп қойған жоқ, оларды кейіпкерлердің мінезін ашатын элементке айналдырды. Оның алғашқы жобаларының бірі – «Америкалық жиголо» фильміндегі Ричард Гирдің образы. 1980 жылғы атақты көріністе басты кейіпкердің Armani пиджактарын таңдап жатқан сәті жаңа ерлер сәнінің белгісіне айналды.
Кейін дизайнер «Майами полицейі» сериалына жұмыс істеп, «Жағалаудағы тыңшылар», «Волк с Уолл-стрит» сияқты 200-ден аса фильмге костюмдер тікті. Бұл арқылы Армани Голливудтағы ең ықпалды сән режиссерлерінің біріне айналды.
Қызыл кілем және Армани
Киноиндустриямен байланыс Арманиге әлемдік жұлдыздармен тығыз жұмыс істеуіне жол ашты. Оның туындылары қызыл кілем сәніне айналды. Джулия Робертс, Дайан Китон, Мишель Пфайффер, Кейт Бланшетт, Софи Лорен, Синди Кроуфорд, Бейонсе, Леди Гага, Кифер Сазерленд, Джоди Фостер, Ричард Гир сияқты жұлдыздар Арманидің киімдерін таңдады. Мінсіз пішін мен ұстамды, бірақ әсерлі стиль оның киімін халықаралық деңгейдегі символға айналдырды.
Giorgio Armani империясы: сәннен де ауқымды
Қазір Giorgio Armani бренді сәннен бөлек жиһаз, парфюмерия, мейрамхана және қонақүй бизнесін қамтитын тұтас әлемге айналды. Архитектура, косметика, зергерлік бұйымдар мен аксессуарлар да империясының бөлігіне айналды.
Қазір оның эксклюзив бөлшек сауда желісі 37 елді қамтыды:
-
Giorgio Armani – 59 бутик;
-
Armani Collezioni – 11 дүкен;
-
Emporio Armani – 122 дүкен;
-
A/X Armani Exchange – 71 дүкен;
-
AJ | Armani Jeans – 13 дүкен;
-
Armani Junior – 6 дүкен;
-
Giorgio Armani Accessori – 1 дүкен;
-
Armani Casa – 17 дүкен.
Барлығы – 386 дүкен.
Денсаулығы
2025 жыл Армани үшін өзгерістерге толы болды. Ол мансабында алғаш рет денсаулығына байланысты сән көрсетілімдеріне қатыса алмады. Маусымда дизайнер Миланда ауруханаға түсті.
Бір айдан соң Париждегі көрсетілім алдында Джорджо бронхитке шалдығып, дәрігерлер оған сапардан бас тартуды ұсынды. Осылайша ол 20 жылда алғаш рет Париж шоуын жіберіп алды.
2021 жылы 86 жасында Армани ауыр жарақат алып, кинотеатр сатысынан құлап, сол жақ иық сүйегін сындырып алды. Ол ауруханада екі апта жатып, қолына 17 тігіс салдырды.
Айта кетейік, кеше аты аңызға айналған италиялық дизайнер Джорджио Армани 91 жасында дүниеден өткені белгілі болды.
"Брендтің негізін қалаушы әрі шабыт берушіміз Джорджио Арманидің өмірден озғанын ауыр қайғымен хабарлаймыз. Ол соңғы күніне дейін тынымсыз еңбек етіп, компаниясына, топтамаларына және түрлі жобаларына бар жан-тәнін арнады", – деп мәлімдеді Armani Group ұжымы.