Биылғы 1 сәуірден бастап Қазақстанда мемлекеттік қызметке қабылдаудың жаңа тәртібі күшіне енеді. Ол байқау рәсімдерін толық онлайн форматқа көшіріп, автоматтандыруды көздейді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Шынарай Әлімхан осылай деп мәлімдеді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, іріктеудің барлық кезеңдері eqyzmet.gov.kz порталы арқылы өтеді. Бұл артық бюрократияны жойып, адами фактордың әсерін азайтып, еліміздің барлық өңіріндегі кандидаттарға тең мүмкіндік беруге жол ашады. Байқаудағы рәсімдердің мерзімі 5–7 жұмыс күніне дейін қысқарады енді.
«Біз мемлекеттік қызметтің жаңа моделіне көшіп жатырмыз. Мұнда басты рөлді формалды рәсімдер емес, адамның нақты құзыреттері атқарады. Бұл әр кандидатқа тұрғылықты жеріне немесе жеке байланыстарына қарамастан өз кәсіби қабілетін дәлелдеуге мүмкіндік береді», — дейді Шынарай Әлімхан.
Жаңашылдықтың бірі — алдын ала тестілеу мүмкіндігі. Кандидаттар тестті алдын ала немесе өтініш қабылдау кезеңінде тапсыра алады. Бұл дайын кадрлық резерв қалыптастырып, конкурс өткізу процесін жеделдетуге мүмкіндік береді. Заңнаманы білуге арналған тест конституция, мемлекеттік қызмет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңдар, сондай-ақ Әдеп кодексі сияқты 55 сұрақтан тұрады: Өту үшін кемінде 30 дұрыс жауап жинау қажет, әрі әр блок бойынша кемінде 5 дұрыс жауап болуы тиіс.
Сонымен қатар жаңа жүйеде жеке қасиеттерді бағалауға ерекше мән беріледі. Басшылық лауазымдарға 10 құзырет (оның ішінде көшбасшылық пен стратегиялық ойлау), орындаушылық лауазымдарға 7 құзырет бағаланады. Ал бастапқы деңгейдегі қызметтер үшін кандидаттардың әлеуетін анықтауға бағытталған EQ–SQ–IQ моделі қолданылады. Тест нәтижелері әмбебап болып саналады және төмен деңгейдегі лауазымдарға конкурсқа қатысқанда да пайдаланылуы мүмкін.
«Цифрландыру бізге процестерді жылдамдатумен қатар, олардың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әр шешім түсінікті болып, тексеріледі. Бұл өз кезегінде азаматтардың мемлекеттік қызметке деген сенімін арттырады», — деп қосты ол.
Брифинг барысында Алматыдағы 2025 жылғы мемлекеттік қызметтің даму қорытындылары да айтылды. Қалада 74 мемлекеттік орган жұмыс істейді, онда 3920 штат бірлігі қарастырылған, оның 3488-і нақты толтырылған. Жұмыс деңгейі шамамен 9%-ды құрайды. Жүйеде 15 саяси және «Б» корпусының 3465 әкімшілік мемлекеттік қызметшісі еңбек етеді.
Кадр сапасына ерекше назар аударылады. Мемлекеттік қызметшілердің ішінде 185-і «Болашақ» бағдарламасының түлектері, 95-і шетелде білім алған, 13-інің ғылыми дәрежесі бар, 24-і Мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Сонымен қатар 14 маман өңірлік кадр резервінен жұмысқа қабылданған.
Жыл қорытындысы бойынша тағайындаулардың 81%-ы ішкі конкурстар арқылы жүзеге асқан. Бұл меритократия қағидатының іске асырылып жатқанын көрсетеді. Барлық мемлекеттік қызметшілер оқытудан өткен, 160 адам тағылымдамадан, 126 қызметкер сынақ мерзімінен тәлімгерлікпен өткен. Кадрлық процестің барлығы «E-қызмет» жүйесі арқылы толық цифрландырылған.
Сондай-ақ 2025 жылы департаментке азаматтардан 703 өтініш келіп түскен, бұл өткен жылмен салыстырғанда 65%-ға көп. Тексеру нәтижесінде 614 құқық бұзушылық анықталып, оның 410-ы жойылған, 33 ұсыныс енгізілген. 2026 жылдың бірінші тоқсанында артық жұмыс уақыты мен демалысқа қатысты 55 мемлекеттік қызметшінің құқықтары қалпына келтірілді.
«Біздің мақсат — құқық бұзушылықтарды анықтау ғана емес, олардың санын барынша азайту. Сондықтан профилактикалық жұмысты күшейтіп, қоғаммен өзара іс-қимылды арттырып, алдын алуға басымдық бердік», — деді спикер.
Алматыда қоғам өкілдері кіретін Әдеп жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Бір жыл ішінде 10 отырыс өткізіліп, 36 мәселе қаралып, 164 ұсыным әзірленді. Сонымен қатар БАҚ-тағы жарияланымдар мен жұмыс уақыты режимінің сақталуына бақылау жасайды.
Мемлекеттік қызметтердің сапасына да ерекше көңіл бөлінеді. Қалада 47 қызмет көрсетуші арқылы 365 түрлі қызмет ұсынылады. 2025 жылы 20,2 миллионнан астам қызмет көрсетілген, оның 87,67%-ы электронды форматта. «eGov» Telegram-боты арқылы 663 өтініш түсіп, олардың бір бөлігі оң шешімін тапқан, қалғандарына түсіндірме берілген.
Сонымен қатар департамент сыбайлас жемқорлықтың алдын алу функциялары берілгеннен кейін бұл бағыттағы жұмысты күшейтті. Тәуекелдерге талдау жүргізіліп, мемлекеттік сатып алуларға мониторинг жасалып, процестерді дебюрократиялау және түрлі салаларда түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматыдағы мемлекеттік қызмет жүйесі тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді. Ал жаңа іріктеу тетіктерін енгізу оның ашықтығын, кәсібилігін және тиімділігін арттыруға бағытталған.