Ішкі істер министрлігі көлікті тіркеу және жүргізуші куәлігін алу емтихандарына қатысты қағидаларға өзгерістер әзірледі, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Жаңа тәртіп артық рәсімдерді азайтып, мемлекеттік қызметтерді жеңілдетуге бағытталған.
Емтихан тапсыру тәртібіндегі негізгі өзгерістер:
Бірінші рет өте алмасаңыз, емтиханды келесі жұмыс күні қайта тапсыруға болады.
Екінші рет те сәтсіз болсаңыз, келесі емтиханға дайындалу үшін 10 күн беріледі.
Теориялық немесе практикалық емтиханнан үш рет өте алмасаңыз, кейінгі қайта тапсыру ақылы болады.
Теориядан өткен нәтиже сақталады. Яғни теориялық емтиханнан өтіп, практикалық бөлімнен өте алмасаңыз, теорияны қайта тапсырудың қажеті жоқ.
Көлік қайта жабдықталған жағдайда, оны бөлек тексерту талап етілмейді. Өзгерістің қауіпсіздігін растайтын құжат жеткілікті болады.
Шетелдік жүргізуші куәлігін ауыстыру тәртібі де нақтыланды.
Шетелдік куәлікті Қазақстанның жүргізуші куәлігіне ауыстыру үшін алдымен теориялық емтихан тапсыру қажет. Сонымен қатар уәкілетті орган куәлікті берген елге ресми сұрау жолдайды. Құжаттың түпнұсқалығы расталғаннан кейін ғана куәлік ауыстырылады.