15 наурыз күні Қазақстанда жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдум өтіп жатыр. Алматыда дауыс беру учаскелеріне түрлі сала өкілдері — студенттер мен кәсіпкерлерден бастап өнер адамдары, музыканттар мен жазушыларға дейін келіп дауыс берді. Олардың қатарында ел үшін маңызды оқиғаға қатысуды жөн көрген танымал тұлғалар да болды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Учаскеге алғашқылардың бірі болып Қазақстанның халық артисі, театр және кино актері Тұңғышбай Жаманқұлов келді. Ол референдумға қатысу болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің көрінісі екенін атап өтті.
Қазақстанның халық артисі Роза Рымбаева Алматының Медеу ауданындағы №387 учаскеде дауыс берді. Оның айтуынша, азаматтардың белсенділігі ашық әрі әділетті қоғамның қалыптасуына ықпал етеді.
Атақты опера әншісі, Қазақстанның халық артисі Бибігүл Төлегенова үйінде дауыс беріп, елге бейбітшілік пен береке тіледі.
Белгілі композитор, Қазақстанның халық артисі Алтынбек Қоразбаев та референдумға қатысып, бүгін қабылданатын шешімдердің ел болашағы үшін маңызды екенін айтты.
Мәдениет саласының өзге де өкілдері де дауыс беруге белсенді қатысты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Сазген сазы» ансамблінің дирижері Бағдат Тілегенов Алмалы ауданындағы №79 учаскеде таңдау жасады.
Ал Әуезов ауданындағы №584 учаскеде ақын, жазушы және журналист Сәуле Досжан дауыс берді. Ол мұндай оқиғалардың қоғам өміріне тікелей әсер ететінін атап өтті.
Белгілі суретші Алпысбай Қазғұлов Баку қаласындағы Қазақстан Елшілігі жанындағы учаскеде дауыс беріп, адамның қай жерде жүргеніне қарамастан азаматтық ұстанымын білдіру маңызды екенін айтты.
Дауыс беруге қазақстандық эстрада өкілдері де келді. Олардың қатарында әншілер Қуандық Рахым, Мақсат Базарбаев, Ғазизхан Әділханов және композитор Өктем Алтаев бар. Дәстүрлі әнші Сандуғаш Стамғазиева әр азаматтың дауысы елдің дамуына ықпал ететінін атап өтті.
Әнші әрі қоғам қайраткері Алма Аманжолова референдумға қатысу азаматтардың мемлекет болашағына деген жауапкершілігін көрсететінін айтты.
Жас өнерпаздар да белсенділік танытты. Әнші KALIYA Ақмаржан Күшербаева учаскеге жаяу келгенін айтып, жолда бір қарт әжейге учаскесін табуға көмектескенін жеткізді.
Ал актер Ербол Садырбаевқа қатысты қызықты жағдай болды. Бір күн бұрын ол азаматтық белсенділік туралы әлеуметтік роликке түсіп, онда оның кейіпкері референдум жайлы жаңалыққа күмәнмен қарап, «ештеңе өзгермейді» деген пікір білдіреді. Алайда өмірде актер учаскеге келіп, дауыс беріп, әр адамның таңдау жасауға мүмкіндігі бар екенін көрсетті.
Күні бойы Алматыдағы референдум учаскелерінде тұрғындардың белсенділігі жоғары болды. Көптеген қала тұрғыны дауыс беруге отбасыларымен бірге келді.