ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының мәжіліс залында «Жошы ұлысының тарихи-мәдени мұрасын зерттеудің перспективті бағыттары» тақырыбында кеңейтілген отырыс өтті.
Бұл жиын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған Алтын Орда мен Ұлы дала өркениетінің тарихи-мәдени мұрасын зерделеудің стратегиялық маңызын негізге алған ғылыми ізденістер мен қоғамдық талқылаулардың заңды жалғасы болды. Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау сөзінде де осы ой сабақтастығы айқын көрініс тапты.

Отырысты Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев модераторлық етті.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Басқарма Президенті Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев өзінің алғы сөзінде Жошы Ұлысын зерттеуді жаңа ғылыми деңгейге көтерудің нақты бағыттарды ұсынды. Атап айтқанда, ғылыми деректерге аудит жүргізу, архивтік құжаттар мен қолжазбаларды жүйелеу, бірыңғай цифрлық платформа қалыптастыру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану, флагмандық ғылыми бағдарламалар мен халықаралық мегажобаларды іске асыру, сондай-ақ халықаралық ғылыми консорциумдар аясындағы ынтымақтастықты кеңейту қажеттігі атап өтілді.

Іс-шара барысында Жошы ұлысының тарихы мен мәдениетін әртүрлі ғылым салалары тұрғысынан қарастыратын бірқатар ғылыми баяндамалар тыңдалды. Атап айтқанда:
- Төлен Жеңісбек Мұратбекұлы – ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Білім және қоғамдық даму ғылымдары орталығының басшысы, PhD – «Жошы ұлысын зерттеудің басым бағыттары мен перспективасы»;
- Сәбитов Жақсылық Мұратұлы – ҚР ҒЖБМ ҒК Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институтының директоры – «Золотоордынские исследования в Казахстане в XIX–XXI веках»;
- Матыжанов Кенжехан Ісләмжанұлы – ҚР ҒЖБМ ҒК М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас директоры, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі – «Алтын Орда дәуірі және қазақ фольклоры»;
- Оңғарұлы Ақан – ҚР ҒЖБМ ҒК Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Бас директоры – «Жошы ұлысы археологиясын пәнаралық зерттеудің жаңа ғылыми бағыттары»;
- Қабылдинов Зиябек Ермұханұлы – ҚР ҒЖБМ ҒК Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Бас директоры, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі – «Алтын Орда тарихын зерттеудің кейбір мәселелері»;
- Елеуов Мадияр – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих факультетінің Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры – «Ортағасырлық Қышқала – Алтын Орда дәуірінің мәдени орталығы»;
- Жабағин Мақсат Қизатұлы – Ұлттық биотехнология орталығы Адам генетикасы зертханасының меңгерушісі, PhD, профессор – «Алтын Орда шежіресін зерттеудегі Y-хромосомасының генетикалық талдауы».
Баяндамаларда Жошы ұлысының тарихи-мәдени мұрасын тарих, археология, әдебиеттану, фольклортану, этнология және генетика сияқты әртүрлі ғылыми бағыттар тоғысында кешенді зерттеудің өзектілігі жан-жақты қарастырылды. Сонымен қатар осы саладағы ғылыми ізденістерді жүйелеу, пәнаралық зерттеулерді дамыту, зерттеу нәтижелерін халықаралық ғылыми кеңістікке енгізу және отандық ғылымның халықаралық ғылыми қауымдастықпен ықпалдастығын күшейту мәселелері талқыланды.
Жиынға Ұлттық ғылым академиясының ғимаратында орналасқан ғылыми-зерттеу институттарында еңбек ететін әртүрлі ғылым салаларының өкілдері, сондай-ақ Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының басшылары мен профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты.
ҚАЗТУҒАНОВА Айнұр Жасағанбергенқызы,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Музыкатану» бөлімінің меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор