21 қазанда Достық үйінде өткен конференцияға ғылыми қауымдастық өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, қоғам қайраткерлері мен жастар қатысты, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Тәуелсіз Қазақстанның болашағы көп жағдайда жас ұрпақтың біліміне, мүмкіндіктеріне және елді дамытуға деген ұмтылысына байланысты. Мұндай пікірді саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Жомарт Симтиков Алматыда Республика күні қарсаңында өткен «Егемендік - елдің бастауы» атты ғылыми-практикалық конференцияда білдірді.
Жиында Қазақстан тарихындағы мемлекеттік егемендіктің маңызы және оның қазіргі қоғамның дамуына ықпалы талқыланды.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Жомарт Симтиков мұндай кездесулердің маңыздылығы тарихи оқиғаларды бүгінгі жетістіктермен сабақтастыра қарастыруға мүмкіндік беретінінде екенін атап өтті.
«Біз тәуелсіздіктің теориялық қырларын ғана емес, оның өмірдегі нақты маңызын да талқыладық. Аға буын өкілдері нақты мысалдар арқылы Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның еліміздің қалыптасуындағы рөлін түсіндіріп, тәуелсіздіктің шынайы қадірін түсіну неліктен маңызды екенін көрсетті», - деді Жомарт Симтиков.
Профессордың пікірінше, конференцияның маңызды нәтижелерінің бірі - ұрпақтар арасындағы ашық диалог болды. Жас қатысушылар тарихи оқиғаларға қатысты ғылыми қауымдастық пен аға буын өкілдерінің пікірлерін тыңдап, Қазақстанның алдағы даму бағыттарын талқылауға мүмкіндік алды.
Сарапшы ел болашағындағы жастардың рөліне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, тәуелсіздік жас ұрпаққа мол мүмкіндік ашты. Ендігі міндет - сол мүмкіндіктерді елдің іргесін нығайтуға, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға пайдалану.
«Бүгінгі жастар - тәуелсіз Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі. Еліміздің дамуын жалғастыру, әлеуетін толық ашу және әлемдегі дамыған мемлекеттердің қатарынан лайықты орын алуына үлес қосу - жас ұрпақтың еншісіндегі міндет», - деп атап өтті профессор.
Жомарт Симтиков мұндай конференциялар жастардың тәуелсіздіктің мәнін тереңірек түсінуіне, елдің өткені мен бүгінінің арасындағы сабақтастықты тануына және мемлекет болашағына деген жеке жауапкершілігін сезінуіне ықпал ететінін айтты.
Ғылыми-практикалық конференция Қазақстан мемлекеттілігінің даму жолына қатысты білім мен пікір алмасатын маңызды алаңға айналды. Жиында аға буынның тарихи тәжірибесі мен жастардың елдің өркендеуіне үлес қосуға деген ұмтылысы тоғысты.