Кейінгі уақытта отандық Qajet Taxi платформасы такси нарығында өз орнын табуға талпынып жатыр. Қызметтің қазақша тариф атаулары, жүргізушілерден комиссия алмау жоспары және жергілікті өнім ретінде ұсынылуы жұрт назарын аударды. Алайда, жаңа сервистің бәсекеге қабілетті болуы үшін ұлттық атау мен қолжетімді баға жеткіліксіз. Жүргізушіге тиімді шарт, жолаушыға ыңғайлы қосымша және тұрақты қызмет сапасы да маңызды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
«Жай такси», «Жайлы такси» және «Сән такси» деп аталатын Qajet Taxi қосымшасындағы тариф атаулары сервистің көркін ашқанымен, пайдаланушыға, әуелі, көліктің уақытында келуі, сапар бағасының қолжетімділігі және тапсырыстың кедергісіз орындалуы қажет.
Жүргізушіні тарта ала ма?
Qajet Taxi негізін қалаушы Думан Бақыткелді сервистің бастапқы кезеңінде жүргізушілерден комиссия алмау жоспары бар екенін айтқан. Оның сөзінше, жолаушы мен жүргізуші төлемді өзара тікелей жүзеге асырады. Кейін платформа тұрақты жұмыс істеп, пайдаланушылар саны артқан жағдайда айлық немесе жылдық жазылым жүйесіне көшу қарастырылуы мүмкін.
«Жобаның бастапқы кезеңінде жүргізушілерден комиссия алмауды жоспарлап отырмыз. Жолаушы мен жүргізуші төлемді өзара тікелей жүзеге асырады. Кейін сервис тұрақты жұмыс істеп, пайдаланушылар саны артқан жағдайда айлық немесе жылдық жазылым жүйесіне көшуді қарастырамыз. Бұл жүргізушіге әр сапардан түскен табысын пайыздық комиссиясыз сақтауға мүмкіндік береді», – дейді Думан Бақыткелді.
Комиссия алмау жүргізушілер үшін тиімді ұсыныс болуы мүмкін. Бірақ такси нарығында жүргізушіні тарту мен оны платформада тұрақты ұстап қалудың айырмашылығы бар. Жүргізуші үшін тапсырыстың саны, бос жүретін уақыт, жанармай шығыны және күнделікті табыс көлемі де маңызды.
Қаржы сарапшысы Айбар Олжайдың пікірінше, Qajet-тің Алматыдағы такси нарығының 10 пайызын иеленуге мүмкіндігі бар. Алайда бұл мақсатқа жету үшін сервистің экономикалық артықшылығын дәлелдеуі қажет. Сарапшы атап өткендей, қалыптасқан платформалардың бәсекелік басымдығы тек танымал атауында емес. Олардың пайдаланушылар базасы, жүргізушілер желісі, тапсырысты бөлу алгоритмдері мен қалыптасқан қызмет көрсету жүйесі бар. Сондықтан жаңа сервис үшін төмен баға ұсынумен шектелмей, жүргізушілер мен жолаушыларды тұрақты пайдаланушыға айналдыру маңызды. Егер Алматыдағы такси қызметтерінің 2025 жылғы жалпы кірісі 47,4 млрд. теңге болса, оның 10 пайызы шамамен 4,74 млрд. теңгеге тең. Бірақ бұл – ықтимал нарықтық үлеске негізделген есеп қана. Оны Qajet-тің нақты табысы немесе қол жеткізген нәтижесі деп қарастыруға болмайды.
Нарықтағы бәсеке қатаң
Qajet Taxi туралы пікірлер әлеуметтік желіде де талқыланып жатыр. Threads желісінде Асылхан Сағымбай есімді оқырман отандық өнімнің пайда болуын құптай отырып, сервистің қазіргі мүмкіндіктеріне сын айтты.
«Қазақ өнімі шыққаны дұрыс. Бірақ әлі де Qajet – шикі, піспеген өнім. Мүмкін, уақыт пен қаржы келгенде дамитын шығар деген үлкен үміт бар», – деп жазды ол.
Автордың пікірінше, платформаның алдында жүргізушілерге тиімді жағдай қалыптастыру және жолаушыларға ыңғайлы қызмет ұсыну секілді екі негізгі міндет тұр. Асылхан Сағымбай жүргізушілерді ұстап тұру үшін қаржылай ынталандырудың маңызына тоқталған. Оның айтуынша, Yandex-тің бәсекелік артықшылықтарының бірі – жүргізушілерге арналған бонус жүйесі. Ал Qajet-те әзірге мұндай ынталандыру тетіктері жеткіліксіз деп санайды. Сын авторы жолаушының сұранысына да назар аударыпты. Оның пікірінше, пайдаланушы үшін көліктің тез келуі, картада мекенжайдың дұрыс көрсетілуі, бонус жүйесі мен төлемнің ыңғайлылығы маңызды.
Жаңа сервистің алдында тұрған тағы бір міндет – техникалық тұрақтылық. Qajet-ке қатысты жарияланымдарда кейбір пайдаланушылар жүргізуші табу қиындығы мен көліктің келу уақытын болжаудағы дәлсіздікке байланысты шағым айтқан. Мұндай мәселелер барлық сапарда кездеседі деп айтуға негіз жоқ, алайда алғашқы пайдаланушылардың тәжірибесі платформаның беделіне әсер етуі мүмкін.
Күні кеше Qajet Taxi өкілдері Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевпен кездесті. Думан Бақыткелдінің айтуынша, олар министрлік шақыруымен Үкімет үйіне барған. Кездесуде сервистің мәселелері талқыланып, бірқатар маңызды сұрақ жауапты тұлғаларға тапсырылған. Дегенмен, бұл кездесудің нәтижесінде Qajet-ке қандай нақты көмек көрсетілетіні, мемлекеттік қаржыландыру немесе арнайы қолдау тетіктері қарастырылып-қарастырылмағаны әзірге белгісіз.
Такси қызметі – пайдаланушының сенімі мен күнделікті тәжірибесіне тікелей тәуелді нарық. Жолаушы үшін көліктің қанша минутта келетіні, сапар бағасы, қауіпсіздік және төлемнің ыңғайлылығы маңызды болса, жүргізуші үшін тапсырыстың тұрақтылығы мен таза табыс көлемі шешуші рөл атқарады. Qajet Taxi-дің отандық жоба болуы және қазақ тіліндегі тарифтерді ұсынуы – назар аударуға тұрарлық әрі қолдау табуы керек бастама. Демек, «Қажет» такси нарығында өз орнын таба ала ма деген сұрақтың жауабы әзірге ашық.
Дана САДЫРҚАН