Осы күнді естелікке қалдырғысы келетін тұрғындар үшін тақырыптық фотоаймақ жабдықталған, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматының Медеу ауданында мәслихат депутаттарының сайлауында дауыс беру мәдени іс-шаралармен және жастар бастамасымен ұштасып жатыр. Сайлау учаскелерінде концерт пен жәрмеңке ұйымдастырылып, тақырыптық фотоаймақ жабдықталған.
Мәселен, №19 мектепте орналасқан №359 сайлау учаскесінде жастар би флешмобын ұйымдастырды. Жас алматылықтардың өнері қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Достық даңғылындағы Оқушылар сарайында орналасқан №377 сайлау учаскесінде де мазмұнды бағдарлама әзірленген. Мұнда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп, концерттік алаң жұмыс істеп тұр, аниматорлар өнер көрсетуде. Сағат 11:00 шамасында учаскеге бір мезетте 70-ке жуық сайлаушы келді.
Екі учаскеде де дауыс берушілер арасында қалалық кәсіпорындардың қызметкерлері бар. Олардың көбі сайлауға қатысуға арнайы уақыт бөліп, әріптестерімен бірге келген.
Осы күнді естелікке қалдырғысы келетін тұрғындар үшін тақырыптық фотоаймақ жабдықталған.
Еске салайық, Алматыда 1 млн 355 мыңнан астам сайлаушы дауыс беру құқығына ие. Қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында бүгін қоғамдық көлікте жол жүру тегін.
Сайлау учаскесінің мекенжайын бірыңғай 109 нөмірі арқылы нақтылауға болады. Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.