Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы чемпиондық атағынан өз еркімен бас тартқаннан кейін жаңа әлем чемпионының есімін жариялады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі ұйымның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
WBO мәлімдемесіне сәйкес, ұйым Жәнібек Әлімханұлының чемпиондық белбеуден бас тарту туралы шешімін ресми түрде қабылдаған. Осыдан кейін орта салмақтағы WBO чемпионы атағы британ Дензел Бентлиге берілді.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы мен Дензел Бентли 2022 жылы кездескен. Сол жекпе-жекте қазақстандық боксшы төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жеткен еді.
Сонымен қатар, WBO Әлімханұлының келесі салмақ дәрежесіне ауысу жоспарына қатысты өтінішін де қарастырмақ.
«Әлімханұлы WBO Әлемдік рейтинг комитетіне рейтингтегі орнын қайта қарау туралы өтініш жолдады», – делінген ұйым хабарламасында.
Жәнібек белбеуден неге бас тартты?
33 жастағы қазақстандық боксшы бұған дейін қан сынамасынан тыйым салынған зат табылуына байланысты жекпе-жектерден уақытша шеттетілген болатын.
Оқиғаға дейін Жәнібек Әлімханұлы орта салмақта IBF және WBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы атағына ие еді. Допингке қатысты шешімнен кейін IBF оның чемпиондық белбеуін қайтарып алды. Ал WBO біраз уақыт бойы титулды қазақстандық боксшының еншісінде қалдырған.
Әлімханұлының дисквалификация мерзімі желтоқсанда аяқталады. Оның командасы рингке оралғаннан кейін супер орта салмақта өнер көрсету жоспарына байланысты WBO белбеуінен өз еркімен бас тартқан.
Боксшының менеджері Берік Сұлтанның айтуынша, Жәнібек басқа салмақ дәрежесінде әлем чемпионы болғандықтан, супер орта салмақта бірден титулдық жекпе-жекке үміткер бола алады.
Бұл салмақта Сауль «Канело» Альварес, Эдгар Берланга, Хамза Шираз және Хайме Мунгия сынды танымал боксшылар өнер көрсетеді.