Күнделікті ақпарат ағынының ортасында жүріп, уақытпен санаспай еңбек ететін журналист қызметі жауапкершілік пен табандылықты талап ететіні мәлім. Мұндай жағдайда тек тума талант қана тек кәсіби міндетімен шектелмей, шығармашылыққа да ден қойып, рухани дүниелер тудыруға уақыт таба алса керек. Осындай жан-жақты қабілетімен ерекшеленген әріптесіміздің бірі – «Шалқар» радиосының редактор-жүргізушісі, Ақпарат саласының үздігі Жанар Оразымбет. Кеше Алматыдағы Ұлттық кітапханада Жанардың «Жанры жоқ жазбалар» атты кітабының таныстырылымы өтті.
«Біртүрлі» атауынан-ақ аңғарылғандай, бұл басылымның жарық көруінің өзі – бөлек бір хикая. Қаламгердің ел тынысын, өмір үрдісін, қоғамның сан алуан қырын шынайы әрі әсерлі бейнелеген мазмұнды жазбалары әуелде әлеуметтік желіде кеңінен тарап, оқырман ықыласына бөленді. Уақыт өте келе, қаламдастарының ұсыныс-тілектері нәтижесінде ғана сол жазбалар жинақталып, тұтас бір кітапқа айналып отыр.
Кешті жүргізген белгілі журналист Бақыт Жағыпарұлы өз сөзінде Жанардың шығармашылық жолына кеңінен тоқталды. Жанарды танитындардың барлығы оның журналистикадағы алғашқы қадамы газеттен басталғанын жақсы білетінін айтқан жүргізуші: «Жанар – сөздің қадірін түсінетін, ойды салмақтап жеткізетін нағыз қаламгер», – деп баға берді.
Жанар Оразымбет тек баспасөзбен шектеліп қалмай, телеарна саласында да жемісті еңбек етті. Ол 90 жылдардың соңына қарай Қазақ радиосы ұжымына келді. Содан бері осы қарашаңырақтың қазанында қайнап, шығармашылықтың барлық сатысынан өтті. Бір кезеңде «Алматы телеарнасының» жаңалықтар бөлімін басқарды. Сондай-ақ, «Қазақстан» Ұлттық арнасы эфирінен берілетін «Таңшолпан» бағдарламасының сценариін жазып, таңғы эфирдің мазмұнын байытуға үлес қосты.
Жанар дайындаған көптеген хабарлар бүгінде «Алтын қорда» сақтаулы екенін айта келе, Бақыт Жағыпарұлы әріптесінің тікелей эфирдегі шеберлігін ерекше ықыласпен атап өтті. Жанардың «Шалқар» радиосы Бас редакторының орынбасары қызметін атқарған кезеңіне де тоқталып, кезінде Қазақ радиосын басқарған Жүрсін Ерманның: «Жанар, сенің жеті атаңа рахмет! Әлсіреп тұрған арнаның он екі тамырына қан жүгірттің» деген жоғары бағасы оның ерен еңбегінің айқын дәлелі екенін жеткізді.
«Жанар соңғы жылдары «Дарабоз» атты авторлық жобасы арқылы мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, сондай-ақ әдебиет, мәдениет, өнер саңлақтарының тағдырлы жолын терең танытып, олардың өнегелі өмірін кеңінен насихаттап келеді. Осы арқылы ел жадында сақталуға тиіс құнды дүниелерді Қазақ радиосының «Алтын қорына» енгізуге сүбелі үлес қосуда. Жанар жүргізіп жүрген «Топжарған» интеллектуалдық радиоойыны да бүгінде тыңдарманның сүйікті бағдарламасына айналды, – дейді Бақыт Жағыпарұлы.
Кітаптың алғысөзін жазған белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мағира Қожахметова Жанардың болмысына айрықша тоқталып, оның тұлғалық келбетін жоғары бағалады. «Жанар осы кітапты шығармаса да, өзінің табиғи талантымен, радиожурналист ретіндегі кәсіби деңгейімен, ерекше үнімен-ақ қазаққа еңбегі сіңген мықты қайраткер, тұлға ретінде тарихта қалар еді», – дейді ол. Айтуынша, Жанарды алғаш көрген сәтте-ақ оның өнерге, театрға жақын екенін аңғарған. Сондай-ақ, «Кейін әлеуметтік желідегі жазбаларын оқығанда кез келген тақырыпты кәсіби шеберлікпен, ерекше нақышпен жеткізе алатынына қайран қалдым», – деп еске алды ол.
Алғысөз жазу барысында қолжазбаны бірнеше мәрте қайталап оқығанын айтқан қаламгер, бұл еңбектен өзі де көп тағылым алғанын жасырған жоқ. «80 жасқа келіп, 60 жыл бойы жазбаған жанрым жоқ: роман да, повесть те, әңгіме де жаздым. Соңғы жылдары қазіргі заманға сай жаңа бір жанр керек екенін жиі айтып жүретінмін. Осы кітап жарық көргеннен кейін түсіндім – Жанардың еңбегі нағыз бүгінгі уақыттың сұранысына жауап беретін туынды екен», – дейді Мағира апай.
Сонымен қатар, жазушы Жанардың бойындағы көпқырлы талантқа да ерекше тоқталды. Оның пікірінше, Жанар аударма саласына ден қойса, кәсіби деңгейі жоғары аудармашы болар еді, ал жолсапар очерктерін жазса, одан да бірегей туындылар дүниеге келер еді. Танымал қаламгер пікіріне жүгінсек, «Жанардың қоғамдық мәселелерді де терең зерттеп, саралай алатын қабілеті бар. Яғни, ол кез келген бағытта өзін көрсете алатын тұлға». Сөз соңында Мағира Қожахметова Жанардың радиожурналистика қазанында қайнап жүріп осындай деңгейге жеткеніне шынайы қуанышын білдіреді.
Кеш барысында Жанардың туған жерінен келген бір топ аспантаулық азамат Райымбек ауданының әкімі Дастан Сұлтанмұратұлының сәлемін жеткізді. Аудан әкімі өз құттықтауында Жанар Оразымбеттің ұлттық журналистиканың дамуына зор үлес қосқанын айтып, оның ұлттық медиа кеңістігінде биік деңгейге көтерілуі – жерлестері үшін үлкен мақтаныш екенін жеткізді. Шығармашылығына сәттілік тілеп, ел игілігіне қызмет ете беруіне тілектестігін білдірді.
Келесі кезекте сахна төріне құрметті қонақтар – Жанардың радиожурналист ретінде қалыптасуына үлкен еңбек сіңірген ұстазы Руслана Құдайбергенова, белгілі қаламгерлер Мағира Қожахметова, Сұлтанәлі Балғабаев, Әлия Бөпежанова, Самал Бердібекқызы, сондай-ақ ел атынан келген Әділ Құрықбаев, осы жиынға төрін ұсынған Ұлттық кітапхана басшысы Ғазиза Нұрғалиева шығып, «Жанры жоқ жазбалардың» тұсаукесер рәсімі жасалды.
Кеш барысында сөз алған белгілі жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаев Жанардың шығармашылығына жоғары баға берді. Ол ең алдымен кітаптың жарық көруіне жағдай жасаған азаматтарға алғыс айтты. Сондай-ақ Жанардың анасы мен енесінің, отбасының моральдық көмегіне ерекше ризашылығын білдірді. Қай кезде де келін мен ене арасындағы қарым-қатынас, жалпы, отбасылық үйлесім өзекті екенін сөз етіп, Жанардың шығармашылық жетістігін отбасы қолдауының нәтижесімен байланыстырды. Жазушы-драматург Жанардың бойындағы көпқырлы талантты ерекше атап өтіп, оның журналистік, шығармашылық әлеуетін жоғары бағалады, жазу мәнері мен ой тереңдігіне назар аударды.
«Бердібек Соқпақбаев – мәңгі жасайтын жазушы. Өйткені ол қазақтың өз сөзімен жазады, қазақтың өмірін береді. Сенің бойыңда да сондай дарын бар», – деген ол, Жанардың жазу стилінен қазақы болмыс айқын көрінетінін айтты. Жазушының пікірінше, мұндай бағыттағы қаламгерлердің еңбегі уақыт өткен сайын құндылығын арттыра түседі.
Белгілі сыншы Әлия Бөпежанова кітапты оқи отырып, автордың бүкіл өмір жолын, өскен ортасын, ауыл тынысын, бүгінгі қоғам келбетін терең сезінгендей әсерде болғанын жеткізді. «Кейде өзіміз ұялатын, кейде күлетін қазіргі өмірдің шындығын Жанар өте жеңіл тілмен, әзіл мен әжуа арқылы жеткізеді екен. Юмор мен сатираны кез келген адам түсіне бермейді, ал Жанар оны шебер қолдана білген», – деді ол.
Сондай-ақ, Әлия Қаһарманқызы автордың өз кемшілігі мен қоғамдағы құбылыстарға ирониямен қарай білуі – кітаптың басты ерекшеліктерінің бірі екеніне тоқталды. Сұлтанәлі Балғабаев айтқан ойды да қолдай отырып, спикер Жанарда зор талант бар екенін, оның адамды тану, қоғамды суреттеу қабілеті ерекше екенін атап өтті. Сонымен қатар Әлия Бөпежанова бұл кітапты Жанар шығармашылығындағы жаңа кезеңнің бастамасы ретінде бағалап, автор еңбегінің оқырман жүрегінен үлкен орын алуына тілектестік білдірді.
Кеш барысында белгілі журналист Айгүл Болатханқызы: «Зейнеп Ахметова апамыз «Шуақты күндерімен» бүкіл халықты жалт қаратқаны белгілі. Сен де осы кітабыңмен қалың оқырманды бірден баурап ал», - деп, Жанарға Зейнеп апасының арнайы сәлемдемесі – ақ орамал мен әдемі камзолды табыс етті.
Мазмұнды әңгіме өрбіген әсерлі кеш ән-жырмен де әрлене түсті. Шара барысында танымал өнер шеберлері Сұлушаш Нұрмағамбетова мен Сандуғаш Стамғазиева жүрек қылын шертетін әсем әндерімен көрермен ықыласына бөленді. Сондай-ақ, өзі айтпақшы, «түрлі тағдырдың тамырына қан жүгіртіп жүрген» талантты актер Бекжан Тұрыс орындаған «Сүрініп кетпе» әні де кештің тағылымдық мәнін одан әрі айшықтай түсті.
Бір айта кетерлік жайт, тұсаукесер рәсімі «Шалқар» радиосының 60 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылғандықтан, кеш барысында мінбеге көтерілгендердің барлығы дерлік қазақ рухының жанашыры, тарихтың үнін жеткізуші, дәстүрдің дәнекері болған радио ұжымын айтулы мерекесімен құттықтауды ұмытпады.
Кеш соңында Бақыт Жағыпарұлы осы кітаптың жарық көруіне ұйытқы болған Сәуле Досжанова, Мағира Қожахметова және Әлия Бөпежановаға, «Arna – B» баспасының басшысы Бақыт Ойсаға, сонымен қатар, кітапты шығаруға қаржылай демеушілік көрсеткен Жанардың ауылдас інілеріне алғыс айтты.
Ойы ұшқыр, қиялы жүйрік Жанар әріптесіміздің «Жанры жоқ жазбалары» алдағы уақытта оқырман жүрегіне жол табатын жаңа жанрлармен жалғасып, ұлт руханиятын байыта түсеріне біздің де сеніміміз мол.
Роза РАҚЫМҚЫЗЫ