Freedom Референдум
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Алматы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Алматы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Білім және ғылым / Жамбыл жырлары – жас буын жүрегінде

Жамбыл жырлары – жас буын жүрегінде

Білім және ғылым Бүгін 10:59 35
Жамбыл жырлары – жас буын жүрегінде
Сурет: автордан

Жуырда Алматыдағы №53 мектеп-гимназияда «Жүз жыл жырлаған жүрек» тақырыбында қалалық семинар өтті. Ұлы жыраудың әдеби мұрасын жаңа заман талабына сай қайта жаңғырту мақсатын көздеген айтулы шара ақынның 180 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды.

Жамбыл Жабаев – тұтас бір тарихи кезеңнің, қилы-қилы оқиғаларға толы ғасырдың шежіресін жырымен өрнектеген ұлы тұлға. Оның бай мұрасы – болашақ ұрпаққа рухани қуат беретін сарқылмас қазына. Қазақтың ақындық дәстүрін биікке көтеріп, жыр өнерінің көркемдік деңгейін жаңа белеске шығарған абыз ақынның ұлттық мәдениет пен өркениет тарихындағы орны ерекше әрі мәңгілік.

Маңызды шараға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессорлары мен магистранттары, қала кітапханаларының мамандары, оңтүстік астана мектептерінің ұстаздары қатысты. Семинар қатысушылар үшін өзара пікір алмасып, тәжірибе бөлісу алаңы есебінде болды.

Жиынды №53 мектеп-гимназиясының директоры Омишова Әсем Нұрмұханбетқызы құттықтау сөзімен бастап, өзі басқаратын білім ордасының жетістіктері мен ерекшеліктері туралы айтып өтті.

– Мектебімізде қазіргі таңда 752 оқушы білім алып, армандаған биіктеріне ұмтылып келеді. Білім мен тәрбиені ұштастыра отырып, саналы әрі сапалы ұрпақ тәрбиелеу – басты мақсатымыз. Шәкірттеріміз жыл сайын қалалық, облыстық және республикалық пән олимпиадаларында жоғары нәтижелерге жетіп, жүлделі орындарға ие болып, мектеп беделін арттырып жүр. Ұстаздарымыз – өз ісінің шебері. Олар заманауи білім беру технологияларын тиімді қолдана отырып, қалалық ғылыми-әдістемелік орталықпен бірлесе жұмыс жүргізуде. Биыл төртінші жыл қатарынан қалалық семинар ұйымдастырып отырмыз. Әр оқу жылында білім саласындағы өзекті тақырыптар қаралып, қалалық әріптестерімізбен тәжірибе алмасу дәстүрге айналған. Бүгінгі үлкен жетістіктер – ұстаз бен шәкірттің бірлескен еңбегі мен берік бірлігінің жемісі, – дейді Әсем Нұрмұханбетқызы.

Шараға келген қонақтардың бірі, публицист, жазушы Бейсенбай Жолдасбекұлы сөз алып: «Тіліміз бен мәдениетімізді жас ұрпаққа сіңіріп жүрген ұстаздарды көргеніме қуаныштымын. Шығармашылығымның елеулі бөлігін балалар әдебиетіне арнайтын мен үшін сіздермен және балалармен жүздесу – үлкен мәртебе. Олардың өнер мен білімге деген құштарлығы мені шын мәнінде жігерлендіреді», – деді.

Келесі кезекте жиналған қауым ақындар мекені, ғасырлар куәсі болған өңірде орналасқан ұлы ақынның мұражайын онлайн форматта тамашалады. Мұражайда ақынның жеке заттары, қолжазбалары, суреттері мен естеліктері сақталған. Көрермендер виртуалды тур арқылы залдар мен экспонаттарды кезек-кезек аралап, ақынның өмірі мен шығармашылығына тереңірек үңіле алды. Мұражайдың онлайн таныстырылымы қатысушыларға ұлы ақынның рухани мұрасын сезінуге, шығармаларындағы ой-пікірлер мен ұлттық дәстүрлерді түсінуге мүмкіндік берді.

Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Еркежан Оралғазықызы «Жамбыл мұрасы – ұлттық тәрбие негізі» тақырыбындағы баяндамасында аталған іс-шараның мақсаты мен міндеттеріне тоқталды. Оның айтуынша, семинардың басты мақсаты – Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығын насихаттау арқылы жас ұрпақтың бойында ұлттық рухты, отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру, ақын мұрасын «Адал азамат» бағдарламасының негізгі идеяларымен ұштастырып, білім беру ұйымдары арасында тәжірибе алмасу алаңын құру көзделген.

– «Жамбыл мұрасының тәрбиелік әлеуетін оқу-тәрбие үдерісіне тиімді енгізу арқылы отансүйгіш, адал әрі саналы тұлға тәрбиелеуді мақсат етеміз», – деді спикер.

Семинардың міндеттері қатарында ақын шығармашылығын ұлттық құндылықтармен сабақтастыру, оның адамгершілік, әділдік, елге адал қызмет ету идеяларын жас ұрпақ санасына сіңіру, сондай-ақ үздік тәжірибелерді тарату мәселелері атап өтілді.

– «Бұл шара Жамбыл мұрасының ұлттық рухты жандандырудағы маңызын терең түсінуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Еркежан Оралғазықызы.

Күтілетін нәтиже ретінде қатысушылар ақын мұрасының тәрбиелік мәнін зерделеп, «Адал азамат» бағдарламасының негізгі идеяларын оқу-тәрбие үдерісіне енгізудің тиімді жолдарын айқындайтыны, сонымен қатар білім беру ұйымдары арасындағы тәжірибе алмасу нығайып, жаңа әдістемелік ұсыныстар қалыптасатыны сөз болды.

Семинардың басты ерекшелігі – іс-шаралардың бір мезетте бес бірдей локацияда ұйымдастырылуы болды. Басқаша айтқанда, мектеп қабырғасы тұтас бір рухани кеңістікке айналып, Жамбыл әлемі әр бұрыштан жаңғырып тұрды. Әр қатысушы ақын мұрасын өз қалауынша танып, өзінше түйсінуге мүмкіндік алды.

Кітапханада өткен «Жүзбен жүздескен Жамбыл» көрсетілімі қатысушыларды ойлы толғанысқа жетелесе, мәжіліс залындағы «Жамбыл мұрасы – ұрпаққа аманат» әдеби кеші ұлттық рухты асқақтатты. Ал оқу кабинеттерінде ұйымдастырылған «Жамбыл мен заман үні», «Текті сөздің төресі – айтыс» тақырыптарындағы шығармашылық жұмыстар жас буынның сөз өнеріне деген ықыласы мен талпынысын айқын аңғартты.

Сахналық қойылымдар мен айтыс үзінділері қазақ поэзиясының қуатын сезіндіріп, көрерменді рухани тереңдікке бойлатты. Әсіресе, «Жырмен жазылған жеңіс: Жамбыл поэзиясындағы Ұлы Отан соғысы» тақырыбындағы танымдық сабақ тарихи кезең мен ақын жүрегінен туған жырлардың өзара үндестігін әсерлі жеткізіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Семинар аясындағы мазмұнды шаралардың бірі мектеп кітапханасында өтті. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алтынбек Абиырдың жетекшілігімен ұйымдастырылған бұл кездесуде Жамбыл жырларының жас ұрпақ тәрбиесіндегі тағылымы кеңінен талқыланып, ақын мұрасының рухани қуаты мен тәрбиелік тереңдігі айрықша аталып өтті.

Публицист, жазушы Бейсенбай Жолдасбекұлы Жамбыл шығармашылығының тарихи әрі ұлттық маңызын айшықтай келе: «Жамбыл Жабаев – қазақ халқының жыршылық дәстүрін ХХ ғасырға жеткізген ұлы ақын. Оның шығармалары ел тағдырымен, халықтың мұң-мұқтажымен тығыз байланысты. Ақын жырлары жас ұрпақты отансүйгіштікке, ерлікке, бірлікке және адамгершілікке тәрбиелейтін рухани мұра болып табылады», – деп атап өтті.

Іс-шара барысында Жамбыл поэзиясының ұлт рухын асқақтатып, елдік сананы қалыптастырудағы рөлі зор екені нақты мысалдармен дәлелденді. Семинарға қатысушылар ақын өлеңдері тәрбиелік мәні зор, ұлттық рухты көтеретін асыл қазына екеніне, сол арқылы жас ұрпақ Отанды сүюді, ел бірлігін қадірлеуді, ерлік пен намысты жоғары ұстауды, қиындыққа төзімді болуды үйренетініне күмән жоқтығын сөз етті. Яғни, Жамбыл мұрасы – ұрпақ тәрбиесінде мәңгілік маңызын жоймайтын рухани темірқазық.

«Жамбыл және заман үні» тақырыбындағы ашық сабақ та тағылымы терең, мазмұны бай болуымен ерекшеленді. Сабақ барысында оқушылар ақын мұрасын бүгінгі уақытпен байланыстыра отырып, өзекті мәселелер төңірегінде еркін пікір алмасты. Бұл ретте, «Егер Жамбыл бүгін өмір сүрсе, Жаңа Конституция мен «Адал азамат» бағдарламасы арқылы халыққа қалай үн қатар еді?», «Көтеріліс пен Конституциялық құқық қорғаудың ұқсастығы мен айырмашылығы неде?», «Мектеп қабырғасындағы буллингтің алдын алу жолдары қандай?» деген сауалдар аясында ашық әңгіме өрбіді. Сондай-ақ, «Қоғамда немесе мектепте әділетсіздікке тап болсаң, қандай әрекет жасар едің?» деген сұрақ оқушыларды терең ойға жетеледі. Жас буын өз ойларын бүкпесіз айтып, әділдік пен жауапкершілік, азаматтық ұстаным төңірегінде салмақты пікірлер білдірді. Әсіресе, Айкерім Әбдіқадыр, Абзал Шоқанұлы, Аружан Асылхан және Нұрәли Манас өздерінің еркін ой-толғамымен, нақты ұстанымдарымен ерекшеленіп, пікірталасқа белсенді қатысты. Оқушылар:

«егер Жамбыл бүгін өмір сүрсе, ол халыққа жырлары арқылы үн қатып, ел тағдырына қатысты мәселелерді толғау, арнау өлеңдер арқылы жеткізер еді. Заңды құрметтеуге, ел бірлігін сақтауға шақырар еді» деген ой айтты.

Осылайша, Жамбыл жырларындағы елдік пен ерлік идеялары бүгінгі күннің құндылықтарымен сабақтастырылып, ашық сабақ оқушылардың азаматтық санасын нығайтуға бағытталды.

Семинар барысында мектептің бүгінгі келбеті де айқын көрініс тапты. Бұл – адалдық пен тазалықты ту еткен, қауіпсіздік пен сенімге негізделген жаңа білім кеңістігі екені аңғарылды. Мұнда мектеп тек білім ордасы ғана емес, жас ұрпақтың рухани қалыптасуына жол ашатын, өзара құрмет пен жауапкершілікке сүйенген орта екені нақты іс-тәжірибе арқылы дәлелденді.

Мәжіліс залында қорытындыланған іс-шара мазмұнды ойлар мен тағылымды пікірлерге ұласты. Кеш соңында арнайы шақырылған мамандар – Гауһар Асқарова мен Ұлжан Тұрбекова сөз алып, семинардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын ерекше атап өтті. Олар іс-шараның мазмұндық тұрғыдан тереңдігіне, тақырыптың жан-жақты ашылғанына және оқушылардың белсенділігіне ризашылық білдірді.

Спикерлер өз сөздерінде Жамбыл мұрасын бүгінгі заман құндылықтарымен сабақтастыра отырып насихаттаудың маңызын атап өтіп, мұндай тағылымды басқосулардың жас ұрпақтың рухани дамуына, азаматтық көзқарасының қалыптасуына оң ықпал ететінін айтты. Сондай-ақ, семинар аясында ұсынылған тәжірибелер мен шығармашылық жұмыстар білім беру ұйымдары үшін құнды әдістемелік бағыт-бағдар бола алатынын жеткізді.

Осылайша, мазмұнды өткен кеш рухани әсерге толы сәттермен қорытындыланып, қатысушыларға ой салған, ұлттық құндылықтарды ұлықтаған маңызды алаң ретінде есте қалды.

Роза РАҚЫМҚЫЗЫ

Телеграм арнаға жазылыңыз
#Жамбыл #жыр алыбы #мектеп
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық ғалымдар құс етін 20 тәулікке дейін сақтайтын инновациялық технология жасады

Бүгін 11:56

Ораза кезіндегі ұйқының маңызы

Бүгін 11:32

Алматыда ауыл шаруашылығы жануарларын тегін вакцинациялау басталды

Бүгін 10:51

Алматыда есірткі контрабандасының жолы кесілді

Бүгін 10:32

Алматыда киберполиция жалған лаңкестік ақпараттың салдары туралы ескертті

Бүгін 10:17
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
  • alatauaqparat@gmail.com
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі