Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасы төңірегінде кең тараған жалған мәлімдемелер мен манипуляцияларға шолу жасап, оларды ресми құжат мәтіні және мемлекеттік органдардың түсіндірмелерімен салыстырды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығының мәліметінше, қоғамда жаңа Конституция жобасына қатысты шындыққа жанаспайтын пікірлер мен бұрмаланған түсіндірулер жиілеген. Осыған байланысты орталық ең көп таралған фейктерді талдап, әр тармақ бойынша нақты түсініктеме берген.
Орталық ең әуелі «Конституция Президенттің өкілеттіктерін күшейтеді» деген пікірдің шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Ресми түсіндіруге сәйкес, жоба тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін бекітеді. Атап айтқанда, Вице-президентті, Премьер-министрді, Конституциялық Сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындау Құрылтайдың келісімімен жүзеге асырылады. Сонымен қатар, Президент үшін қайта сайлану құқығынсыз бір реттік жеті жылдық мерзім сақталады. Осыған байланысты бұл тұжырым фейк деп бағаланды.
Сондай-ақ «шетелдіктерге жер сатуға қойылған тыйым алынып тасталады» деген мәлімдеме де теріске шығарылды. Орталықтың атап өтуінше, жоба мәтінінде шетел азаматтарына жер сатуға рұқсат беретін ешқандай норма жоқ. Құжаттың 8-бабының 3-тармағында жер, оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі және өзге де табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені, ал халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асыратыны нақты жазылған. Сондықтан бұл да фейк ретінде танылды.
Ал «тегін медицина жойылады» деген пікір орталық тарапынан манипуляция деп бағаланды. Себебі Конституция жобасының 32-бабының 2-тармағында Қазақстан азаматтарының заңда белгіленген, өздері төлемейтін медициналық көмекті алуға құқылы екені көрсетілген. Яғни мәселе тегін медициналық көмекті алып тастауда емес, осы құқықты заңнамалық тұрғыдан нақтылауда болып отыр.
Осыған ұқсас «тегін білім беру жойылады» деген мәлімдеме де жоба мазмұнына сәйкес келмейтіні айтылды. Орталықтың түсіндіруінше, мемлекеттік оқу орындарында орта білімнің өтеусіз сипаты сақталады. Сонымен қатар жоғары оқу орындарында конкурстық негізде тегін жоғары білім алу құқығы да бекітілген. Конституциялық реформа жөніндегі комиссия отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да ешкімнің медициналық көмек пен білім алу құқығынан айырылмайтынын атап өткен. Сондықтан бұл ақпарат манипуляция деп танылды.
Бұдан бөлек, «жыл сайынғы ақылы демалыстар жойылады» деген пікір де шындыққа жанаспайды. Конституция жобасының 27-бабында азаматтардың демалу құқығына кепілдік берілген. Ал жыл сайынғы ақылы демалыстың нақты ұзақтығы мен шарттары Еңбек кодексімен реттеледі. Яғни Конституцияда негізгі қағида бекітіледі, ал оны жүзеге асыру тетіктері салалық заңнамада айқындалады. Бұл тұжырым да манипуляция ретінде бағаланды.
Орталық азаматтарды Конституция жобасына қатысты ақпаратты тек ресми дереккөздерден алып, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тараған күмәнді мәліметтерге сын көзбен қарауға шақырды.