Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ерванд Тихонович Ильинскийге альпинизмдегі аса үздік жетістіктері, сондай-ақ елдегі спортты дамытуға қосқан елеулі үлесі және қоғамдық қызметке белсенділігі үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» құрметті атағы берілді. Осыған орайда ең жоғары мемлекеттік награда иесін сыр-сұхбатқа тартқан едік.
Тағдыр кейде адам ғұмырын тұтас бір дастандай етіп жазады: бірде көк тіреген шыңға шығарады, бірде тұңғиыққа түсіреді; бірде жоғалтасың, бірде табасың; бірде сынайды, бірде шыңдайды. Ерванд Тихонович Ильинскийдің өмірі – дәл сондай өрнегі күрделі, мағынасы терең ғұмырлардың бірі. Оның есімі аталғанда елдің ықыласпен иіле қарайтыны да содан. Мұндай құрмет атақтан емес, адал еңбектен, мағыналы өмірден туады.
Жастық шағында ол спорттың сан түрін байқап көрді. Бірақ жүрегі тауға тартып тұрды. Уақыт өте келе сол жолдың бірін таңдауға тура келгенде, ол еш ойланбастан биікті таңдады.
– Алғашында тауға жалғыз шығатынмын. Себебі, мені ешкім секцияға қабылдамады, – деп жымиып еске алады ол. Бірақ жалғыз жүрсе де,тыйымға тоқтамады.
Тағдыр оған жолықтырған ең үлкен олжаның бірі – Сарым Күдерін еді. Журналист, ақын, альпинист – бойына талай қасиет тоғысқан осы азамат оның алғашқы ұстазы болды. Ол жас жігітке таудың сырын өлеңмен ұқтырды, қолына мұз шапқысын ұстатты. Бұл жәй ғана ұстаздың емес, таумен тілдесудің кілтін табыстау еді. Сол бір жұқа кітап әлі күнге дейін көзінің қарашығындай сақтаулы. Кей өлеңдерін әлі күнге жатқа айтады.
Ервандтың жолы бірден даңғыл бола қойған жоқ. Бірақ әр басқан қадамы бекем еді. Әуелі туризм мектебінен өтті, кейін топ бастап, асулардан асып, Ыстықкөлге дейін жорық жасады. Ақыры ұстазының ақылымен ҚазМУ-дың альпинизм секциясына келіп қосылды. Сол жерде оның шын мәніндегі шыңға бастар жолы ашылды.
1963 жылы Сарым Күдерін қаза тапқанда, секция иесіз қалды. Сол сәтте Ервард Ильинскийге жастарды жетектеу ұсынысына келісімін берді. Бірақ бұл шешім оның бүкіл өмірін өзгертетінін ол кезде өзі де білмеген. Уақыт өте оның айналасына өршіл, намысты жастар жиналды. Біртіндеп үлкен мектеп қалыптасты.
– Бапкер боламын деп әуелде ойлаған жоқпын. Жәй ғана жастарға сүйеу болайын дегенмін. Сөйтіп жүріп, ғұмырым осы жолға байланып қалыпты, – дейді ол.
Оның жолы содан кейін үнемі өрге басты. Жетістіктер бірінен соң бірі жалғасып, шәкірттері ел намысын қорғайтын деңгейге жетті.
1982 жылы ол Бірінші Гималай экспедициясының құрамына енді. Алайда, 8500 метр биіктікте басшылық оның тобын кері қайтарды.
– Ол кезде де, қазір де бұл шешімді дұрыс деп санамаймын. Валиев пен Хрищатый өз бетімен-ақ төмен түсе алатын еді. Мен өз шәкіртім Сережа Чепчевпен бір арқанда келе жаттым, екеуіміз де жарақатсыз шыңға шығып, аман қайтар едік. Әрине, көңілге ауыр тиді – бұлар менің тәрбиелеген шәкірттерім, жағдайларын жақсы білетінмін. Ал төменде отырғандар біз үшін шешім қабылдады. Өзгенің ісіне араласты, – деп еске алады ол.
Ильинский өзінің жеке биігін елу жасында бағындырды. Бұл 1990 жылғы Кеңес-Америка-Қытай «Бейбітшілік экспедициясы» аясында жүзеге асты. Сол кезде көптеген альпинистер шыңға оттегі баллонынсыз көтеріліп жатты. Солардың қатарында оның шәкірттері – Мошников, Арсентьев, Луняков, Целищевтер бар еді. Олар Эвересті оттегі құралынсыз бағындырған алғашқы кеңестік альпинистер атанды.
– Мен оттегімен көтерілдім. Себебі, дәл сол сәтте қате шешім қабылдасам, кейін мүлде шыға алмауым мүмкін екенін түсіндім. Сондықтан ең дұрыс шешімді таңдау керек болды, – дейді Ерванд Тихонович.
1991–2010 жылдары оның жетекшілігімен Қазақстан құрамасы әлемде тұңғыш рет барлық 14 сегізмыңдықты жиынтық түрде бағындырған ұлттық құрамаға айналды. Дхаулагири, Канченджанга, Лхоцзе, К2, Аннапурна –әрқайсысының атауының өзі эпостың бір жолындай естіледі.
Осы 19 жыл ішінде 32 альпинист сәтті шыңға шықты. Солардың қатарында 1997 жылы Эвересті бағындырған жалғыз әйел – Людмила Савина да бар.
– Альпинизмде әлемдегі барлық сегізмыңдыққа көтерілу – ең қиын белестердің бірі саналады. Менің сондай шыңдардың бәріне оттегі құралынсыз шыққан жігіттерім бар. Олар –Мақсұт Жұмаев, Василий Пивцов және басқалар. Бұл бағдарламаға шамамен 15–20 жыл уақыт кетті. Осы аралықта тұтас бір буын алмасып үлгерді, – деп жылы естелікпен айтады Ерванд Ильинский.
Ервард Ильинский үшін тау жәй ғана биіктік емес. Ол – мінездің, төзімнің, шындықтың мектебі. Мұнда айла жүрмейді, өтірік өтпейді. Әр қадамың өз жауапкершілігің:
– Кез келген салмақты өрлеуде өмір қыл үстінде тұрады. Бәрі дайындыққа, тактикаға, құрал-жабдыққа байланысты. Сақтық, сергектік, алдын болжай білу – мұның бәрін еш жерден сатып ала алмайсың. Мұны тек өз басыңнан өткеріп сезінесің. Құлаған кездер де болды, бір емес. Бірақ түбіне дейін кетпедім. Бір экспедицияда науқастанғандардың саны оларды эвакуациялауға мүмкіндік бермей кетті. Тірі адамды тастап кету мүмкін емес. Бұл – өте ауыр моральдық сынақ. Оған ешқашан үйрене алмайсың.
2026 жылдың наурызында Президент Жарлығымен берілген «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы тарихи оқиға болды. Себебі, бұл жоғары марапат алғаш рет альпинистке табысталды.
Бұл атақтың артында рекордтар мен өмір жолында бағынған шыңдар ғана емес, ұстаз аманаты, шәкірт сенімі жатыр.
Ол өз ғұмырын бір ауыз сөзбен «сәтті» деп түйіндеді.
Сұхбаттасқан Әсем ОМАРОВА
Қазақ тіліне аударған Пердехан ШӘМШИЕВ